Әдетте, ақпарат құралдарында бір сарында мақалалардың жиі шығуы оқырмандарды біршама басқа ойларға жетелейтіні сөзсіз. Оқырмандардың есінде болса, осыдан бір жыл бұрын Қазақстанның жалпы ішкі өніміне шаққанда мемлекеттік қарыздың шектен тыс асып кеткені туралы дабыл қағарлық материалдар шыға бастады. Иә, қарыздың бары рас, бірақ оның ішкі құрылымына қатысты дау туғызатын мәселелер көп. Олар кімнің қарызы? Ал біз үшін қазір бұл сауалдың жауабы барынша маңызды болып табылады. Қарыз шын мәнінде өзінің құрылымы, меншік иелері бойынша бірнеше топқа бөлінеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда «аспанда бұлт үйіріліп, мезгілсіз бұршақ жауатындай» жағдай жоқ.
Күллі әлем, шынтуайтына келгенде, қарызға өмір сүреді. Айталық, АҚШ-тың мемлекеттік қарызы бүгінде адам санасы қорытуға күрделі цифрлармен өрнектеледі. Жуырда халықаралық валюта қорының жаңа басқарушысы Кристина Георгиева бүгінгі таңда әлем экономикасында өсімнің барынша тежелгенін айтып, оған сауда соғысының айтарлықтай кері ықпал жасағанын мәлімдеді.
Басқарушының мәлімдеуінше, әлемде корпоративтік қарыз көлемі 19 трлн АҚШ долларын құраған. Бұл жалпы қарыздың 40 процентін құрайды. Мұны кәсіпорындар мен ұйымдар қарызы дейді. Олар негізінен әлемнің 8 мемлекетінде шоғырланып отыр. Проблема бар және ол жеткілікті. Сондықтан Қазақстан экономикасын әлемде қалыптасқан жағдайдан бөліп қарауға болмайды. Қазір сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның ішкі жалпы өнімге шаққандағы қарызы соңғы уақытта өсе түскенімен, оншалықты дағдарыс қаупін туғызбайды. Әңгіме осы қарыздың бюджетке салмақ түсірмейтіндей оның өтелуіне қатысты болып отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі таңда банк қызметін жетілдіру, сыртқы инвестиция тарту мәселелерін бірінші кезекке қойып отырғаны нақ осыдан туындайтынын айрықша атап өткіміз келеді. Мемлекет басшысының бұл орайда бюджет шығындарына айрықша назар аударып отырғанын атап өту ләзім.
Иә, бізде банк секторында біршама проблемалар бар. Енді бір қызығы, 2020 жыл соңында елімізде шетелдік банкілер өз филиалдарын аша бастайды. Мұндай шарттар еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіруі туралы келісім-шартында қарастырылған. Филиалдың еншілес банктен айырмашылығы, ол бас офистің барлық ресурстарына қолжетімділік береді, яғни шетелдік қарыз берушілер шығыны көп жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ете алады.
Қазақстандық реттеуші екінші деңгейдегі шетелдік банктерге барлығы бес талап қоятын болады. Мәселен, Қазақстанда филиал ашуға ниет білдірген иегер банк өзінің қадағалаушы органының лицензиясына және $20 млрд-тан кем емес сомадағы активтерге ие болуға міндетті.
Атап айтарлығы, шетелдік ұйымдарда ақшасын тек дәулетті қазақстандықтар сақтай алады. «Салымдар $120 мың сомасынан кем болмау керек. Сыйақылық сегмент сол жердің қызметін пайдалана алады, – дейді жағдайды түсіндірген Ұлттық банк басшысының орынбасары Олег Смоляков. – Бұдан тыс, заңнама қазір талқыланып жатқан пруденциалық нормативтерді құруға мүмкіндік береді».
Халықаралық құқыққа сәйкес, шетелдік банктің филиалы қабылдаушы елдің аумағында заңды тұлға болып табылмайды. Шетелдік банктердің филиалдары өздері орналасқан елдердегі қаржы секторының тиімділігін арттырады, шетелдік тікелей инвестициялардың тартылуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне септігін тигізеді.
«Қазіргі таңда Ұлттық банк жеке тұлғаларға депозиттер ұсынуға ниет білдірген шетелдік филиалдардың кепілдендірудің мемлекеттік жүйесіне қатысу мәселесін қарастыруда. Әзірге, бұл мәселе тек талқылануда», – деп нақтылады Смоляков.
Кейбір сарапшылар жаһандық ойыншылардан бізге соншалықты келіп-кетер пайда бола қоймайтынын айтады. Мүмкін, ресейлік банктер кірер, бірақ бізде бұл елдің барлық дерлік банктері жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда бәсекелестік жоғары.
Бірқатар сарапшылар, қазіргі таңда қаржы саласындағы шетелдік ірі ойыншылардың келуі екіталай екенін, банктердің стратегиясы жағрафиялық экспансияға емес, ауыспалы нарық жағдайындағы дамуға бағытталғанын, нарықта жеткілікті деңгейдегі өткір бәсекелестік бар екенін айтады.
Қазіргі таңда олардың көпшілігінің негізгі мақсаты – тұңғиыққа батып кетпей, тез өзгеріп жатқан ахуалдар жағдайында өміршеңдікті сақтап, технологиялар мен инновацияларды дамытуда қаржылай техникалық компаниялардан қалып қоймау маңызды болып табылады.
Көп ретте, шетелдік банктер басқа елге көптен бері жұмыс істеп келе жатқан корпоративтік клиенттің соңынан еріп келеді. Бұл банкке де, клиентке де ыңғайлы. Осының артынан банктер бөлшек бизнесті де дамыта бастайды.
Қазақстан қаржыгерлері ассоциациясының басшысы Елена Бахмутованың пікірінше, көптеген шетелдік банктер Қазақстанға әлдеқашан кіріп алған және олар лицензияларына сәйкес жұмыс істей алады. ДСҰ-мен арадағы келісімдер күшіне енгеннен кейін банк филиалдары ресурстарды теңгемен бере алатын болады. Әлбетте, бұл еліміздің кәсіпорындарына ақша ұсыну тұрғысынан алғанда қаржы нарығындағы бәсекелестікті күшейтеді. Қазір мен нарыққа төнген тікелей қауіпті немесе бәсекелестіктің күрт өсуін көріп отырған жоқпын, бірақ алдағы бір жарым жылда оған дайын болған жөн. Ал біздің банктерге төнетін сындарға келетін болсақ, мен оларды көріп отырған жоқпын.
Өздеріңіз қараңыздар, біздің Halyk Bank және Kaspi сияқты ірі ойыншыларымыздың өздері халықаралық нарыққа шығып жатыр. Halyk ол жерден өзінің орнын ойып алған, яғни, бұл екі банк ешқандай бәсекеден тайсала қоймайды. Қазақстанның Жинақбанкі – ол елімізде белсенді жұмыс істеп жатқан, кәдімгі, шетелдік банк. Бізге шетелдік банктер әлдеқашан келген. Шынын айтсам, ДСҰ біз үшін үлкен сын емес. Жергілікті ойыншылар бәсекелестікті еңсеруге дайын.
Иә, сарапшылар айтарлықтай проблема жоқ дейді. бірақ, Қазақстан президенті екінші дәрежедегі банктердің тұтынушылық несиеге күрт бұрылғанын, бұл экономиканың нақты секторында проблемалар туғызып отырғанын мәлімдегені есімізде. Болашақта қандай болады? Біз шындығында бәсекелестікке төтеп бере аламыз ба? Оны, әлбетте, уақыт айқындайтын болады.
Бірақ, бір нәрсе анық: Қазақстан экономикасында жуық арада айтарлықтай құрылымдық өзгерістер бола қоймайды. Бұл экспорт пен импорт арасында қалыптасқан біршама теріс сальдодан көрініс беріп отыр. Ол қазір шамамен 5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл – 2019 жылдың 9 айының көрсеткіші. Дегенмен, аталған мерзімде қызмет көрсету бойынша импорт көлемі едәуір азайған. Бұл Қазақстанда отандық қызметке жүгіну үлесі артқанын білдіреді. Сонымен бірге Қазақстан бюджетіне едәуір ықпал жасайтын сыртқы конъюнктураның ахуалы да тәуір. Ол – мұнай бағасы. Бүгінгі әлемдік баға бюджет үшін қолайлы.
Қорыта айтқанда, Қазақстан экономикасының дәл бүгінгі сипаттамасы, қысқаша айтқанда, міне, осындай.
Жолдасбек Ақсақалов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<