Пандемияға байланысты биыл елімізде төтенше жағдай, карантиндік шаралар жарияланды. Көптеген сала жұмысында іркілістер болды. Оның үстіне мұнай өндіру көлемі төмендеуде. Уранды өткізу бағасы арзандаған. Көптеген бизнес құрылымдар салық төлемінен біршама уақытқа босатылды. Осы жағдайдың бәрі облыс экономикасына елеулі әсері болары сөзсіз.
Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингке облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орыновтың есебінен негізінен төмендеу көрсеткіштері бойынша мәліметтер еститін болармыз деген ойлар шырмауында келгенімізді несіне жасырамыз.
Жоқ, олай емес екен. Керісінше, көңіл қуантарлық цифрлар легіне тап болдық. Жеті айдың қорытындысымен мемлекеттік бюджет жоспары 106,4% орындалып, 4,070 млрд теңге артығымен қамтамасыз етіліпті (жоспар 63,459 млрд теңге, нақты орындалғаны 67,529 млрд теңге). Оның ішінде жергілікті бюджет жоспары 123% орындалып, 5,717 млрд теңге артығымен қамтамасыз етілген (жоспар 25,255 млрд теңге, нақты 30,973 млрд теңге). Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджет түсімінің өсу қарқыны 106%-ті құрап (1,712 млрд теңге артық) отыр. Облыстық бюджетке жоспарланған 6,375 млрд теңге орнына нақты 8,676 млрд теңге түсіп, жоспар 136% немесе артығымен 2,301 млрд теңге қамтамасыз етілді. Ал республикалық бюджет 96%-ті құрап, 1,647 млрд теңге кем қамтамасыз етілген (жоспар 38,203 млрд теңге, нақты 36,556 млрд теңге).
Департамент басшысы төтенше жағдайға байланысты ҚР Үкіметі тарапынан берілген жеңілдіктерге сәйкес жоғалтымдар орын алып, оның бюджет түсіміне кері әсері болатынын жеткізді. Ол екінші жартыжылдықта көрініс беріп қалуы мүмкін. Дегенмен, департамент мемлекет кірісінің төмендемеуі бағытында барлық резервті іске қосатын болады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<