Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Qazaqstan» ұлттық арнасының «Apta» бағдарламасына сұхбат берді. Аймақ басшысы өңірдің қазіргі даму жолы, болашақ жоспарлар туралы айтты.
Жайна Сламбек: – Гүлшара Наушақызы, Сіздің облыс әкімі болып тағайындалғаныңызға жарты жылдан асты. Бүкіл әлем коронавирус пандемиясымен күресіп жатыр. Біздің елімізде бұл пандемияның тіршіліктің барлық саласына әсер еткені рас. Экономикаға да әлеуметтік салаға да. Сіз басқарып отырған облыста ахуал қалай?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Бір жағынан қарағанда, экономикаға коронавирустың әсері болса, екінші жағынан, өзіңіз білесіз, мұнай, жерасты қазба байлықтарының бағасы да төмендеп кетті. Облысымызды алсақ, мұнай мен уран – басты қазбалардың, өндірістің бірі. Соңғы жылдары осы өндірістің төмендеуі байқалады. 2011 жылы Қызылорда облысында 11 млн тонна мұнай өндірілсе, былтыр 5,6 млн тонна ғана өндіріліпті. Ал, биыл бар болғаны 4,2 млн тонна өндіріледі деп отырмыз. Ашығын айту керек, басқа да көрсеткішіміздің төмендеу қарқыны байқалады. Ол – инвестиция, инвестор тарту мәселесі. Биыл 230 млрд теңгедей инвестиция тартамыз деп отырмыз, бірақ, ол өткен жылғыдан төмен. Бұл жерде де объективті факторлар бар. Былтыр ауқымды республикалық жобалар болды. Мысалы, «Сарыарқа» газ құбыры, екі газкомпрессорлық станциясы, сонымен бірге, күн электр станциясы салынды. Енді біз осы жыл мен келесі жыл үшін қатар жұмыс істеудеміз.
Пандемия кезінде, қарым-қатынас азайып, тіпті, бір облыстан екінші облысқа қатынау қиын болған кезде көптеген мәселелерді өз өңірімізде, облыста шешу керек екенін түсіндік. Ауқымды талдау жасадық, экономиканың 24 бағыттағы саласы бойынша зерттелді, әлеуметтік жағдай сарапталды. Зерттеулер бойынша, ең қажет деген азық-түліктің 70-і, азық-түлік емес тауарлардың 35-і сырттан әкелінеді екен. Осы себепті, ойлана келе, өзіміздің экономикалық картамызды жасадық. Бұған «Атамекен» палатасы да қатысты. Осы жергілікті жердегі республикалық палатамен бірге пилоттық ретінде қарадық. Сонымен, қазіргі кезде 265 жобаны дайындап қойдық. Бұл жобалар 271 млрд теңге инвестиция алып келеді деп отырмыз.
Жайна Сламбек: – Бір мысал келтіресіз бе? Нені осы жерде шығаруға болады? Өйткені, білесіз, Қызылорда деген кезде жұрт бірден күрішті, мұнайды ойлайды және басқа бірдеңе шығуы мүмкін емес сияқты деп ойлайды.
Гүлшара Әбдіқалықова: – Сүт өнімдерін өзімізде өндіруге болады. Бүгінгі таңда балмұздақ, басқа да сүт өнімдеріне байланысты толықтай өз қажеттілігімізді өтей алмай отырмыз. Тепе-теңдік жоқ, сұраныс пен өндірістің арасында тепе-теңдік болмай отыр. Сол сияқты ет те, көкөніс те солай. Мысалы, пандемия кезінде бізге картоп, басқа да көкөніс түрлері қажет болды, алайда, біз күнделікті әрбір отбасының тамаққа қажеттілігін қанағаттандыра алмадық. Себебі, көкөністерді осыған дейін, негізінен, көрші Түркістан облысынан тасымалдап келдік. Сол жақтағы әріптестерімізбен хабарласып отырып, көлік жіберіп, алдыртатынбыз. Енді пандемия кезінде шекарада посттар қойылды ғой. Бұл өте үлкен кедергі болды.
Жайна Сламбек: – Биыл шынымен де апатты деңгейде деп айтуға болатын шығар, су өте тапшы болды. Қалай тығырықтан шықтыңыздар, күрішшілер қиналған шығар…
Гүлшара Әбдіқалықова: – Қырғызстандағы «Тоқтағұл» су қоймасында былтыр 18 млрд текше метр су болса, биыл 12-ақ млрд текше метр су болған. Сол сияқты, Өзбекстан арқылы келетін Шардарада су былтырғыдан 1,1 млрд-ға аз болған. Сондықтан, жазғы уақыт кезінде егіс егіліп болғаннан кейін, қиындықтар туындады. Қол режимінде басқаруға тура келді. Экология, табиғатты қорғау министрлігіне зор алғысымызды айтамыз. Солармен бірге күнде таңертең жұмысты бастап, суды реттеп отырдық. Оның ішінде біздің кәсіпкерлерге, егіншілерге ерекше рахметімді айтқым келеді. Өйткені, түсіністікпен қарады, суды кезек-кезек беріп отырдық. Мысалы, ең кемінде күніге секундына 550 текше метр су келу керек. Ал, кейбір уақытта ол 400-ге дейін түсіп кеткен кездер болды. Дегенмен, биыл егіс жақсы шықты. Гектарына 61,8 центнерден болып тұр. Былтыр 60,3 болған еді. Жалпы, 551 мың тонна күріш жиналды. Бұл былтырғымен салыстырғанда 15 мың тоннаға көбірек. Егісті де әртараптандыру мәселесі бар. Мысалы, күріш. Жаңа айтып өткенімдей, биыл су жетпей, таршылық көрдік. Күрішті алсақ, 1 гектарына 33 мың текше метр су қажет етеді екен. Ал, тура сондай суды 10 мың гектар қызанаққа жұмсауға болады. Күріштің 1 гектарынан 650 мың теңге кіріс алынады, ал, қызанақтан 25 млн теңгеге дейін кіріс алуға болады. Бұны мал азығындық жоңышқамен де, тамаққа қажетті басқа да дақылдармен салыстыруға болады. Сондықтан, енді кәсіпкерлермен, егіншілермен бірге бұл мәселені қарап, тереңірек ойланамыз, зерттейміз. Күріштің егістік алқабының 80-85 мың гектарын сақтап қалып, қалғанына басқа дақылдар орналастыру қажет.
Жайна Сламбек: – Шыны зауыты туралы айтсаңыз. Іске қосылатын болды ма?
Гүлшара Әбдіқалықова: – Құрылысы 70 процентке аяқталды. Екі ғана мәселе қалып тұр. Балқыту ваннасы мен күйдіру пеші. Оған қазір мамандармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біздің тарапымыздан айналасындағы инфраструктурасы жасақталып беріледі. Вагондар келетін жол бар, соның барлығын жөндеп бітіруге дайынбыз. Қалған 30 процент жұмысы, мамандар келсе, ол да біртіндеп аяқталады деп отырмыз. Қараңыз, мынадай статистика бар екен. Біздің елімізге жылына бағасы бір миллион доллар тұратын шыны сырттан келеді екен. Егер де өз зауытымызды өндіріске енгізетін болсақ, сол бір миллион доллар өзімізде қалады, одан басқа, егер сыртқа сатсақ, тағы да кіріс кіргелі тұр. Сондықтан, қазір осы мәселені көтеріп отырмыз. Сондай-ақ, шыны зауытының айналасында 8 зауыт, ілеспе зауыт саламыз деп жоспарладық. 3 зауыттың жобасы, бизнес жоспарлары нақтыланды. Кәсіпкерлер қызығушылық білдіріп, қазір құжаттары әзірленіп болып қалды. Мысалы, шыныдан жасалатын ыдыстар. Екінші зауыт – айна жасау зауыты. Үшінші зауыт – шыны талшығы. Бұл құрылыста өте көп пайдаланылады. Бұл үш зауыттың өзі мысалы, 15-16 млрд теңге инвестиция тартады екен. Содан кейін «Шалқия» кен байыту жері бар. Ол жерде де қорғасын, мырыш өңдейтін өндіріс салынады. Бұл мәселеге қатысты қазір «Самұрық-Қазынамен» бірге жұмыс істеп жатырмыз. 8 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, жұмыс басталмақ. Одан басқа, Арал өңірінде кальцийлендірілген сода зауытының барлық құжаттары дайындалды. Экология министрлігінің сауалы бойынша қалдықты сақтайтын қойма мәселесін, оның жобасын толығымен шештік. Қазіргі таңда кәсіпкерлер оны да бастауға әзір.
әңгімелескен
«Apta» бағдарламасының жүргізушісі
Жайна Сламбек
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<