Осыдан тура бір жыл бұрын коронавирус дертінің шарпуына байланысты Қазақстанда теңге бағамы, сонымен бірге мұнай бағасы бір сәтте құлдыраған болатын. Жыл бойы теңге 20 процентке құнсызданды. Осы сипатын негізінен қазіргі уақытқа дейін сақтап келді. Жаңа жылдан кейін мұнай бағасы едәуір көтерілді. Нарықта жақсы жағдай қалыптасты. Бұл мемлекет резервінің өсуіне ықпал жасады.
Кейінгі уақытта Қазақстанда бензин бағасы ә дегеннен 10 процентке жуық көтерілді. Сонымен бірге теңге АҚШ долларына қатысты біршама төмендеп, 430 теңгеден асты. Оның себеп-салдарын қалай бағалауға болады? Әртүрлі себептер айтылуда. Соның бірі еуразиялық экономикалық кеңістіктегі мемлекеттердің өзара тариф саясатының бірыңғай қалыптасуы бағаның көтерілуіне ықпал жасады деген болжамдар айтылған болатын. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл мәселенің бір қыры ғана, әдетте көктемде бола беретін бағаның өсуі сыртқы факторлардың да әсеріне қатысты. Соңғы жаңалықтарға көз жүгіртетін болсақ, Еуропаның бірқатар елдері мен АҚШ-тың Ресейге қатысты біржақты санкция жариялауы рубль мен теңгеге теріс ықпал жасаған сыңайлы. Бірақ сарапшылар бұл санкциялардың экономикаға теріс ықпалы болмашы екенін айтады.
Біз кеше Қызылорданың тұтыну нарығындағы жағдайға қанығу үшін бірқатар ірі сауда орындары мен базарларды аралап, ондағы бағаларға көз жүгірттік. Соңғы бір айдың көлемінде әсіресе азық-түлік бағасының, көкөністің айтарлықтай қымбаттағанын байқадық. Қызылорда базарларында картоптың бағасы 200-250 теңге, сәбіз 200-230 теңге, жуа 100-120 теңге, қырыққабат 100-150 теңге, күріш сортына қарай 160-300 теңге. Мал өнімдерінің бағасында соңғы бір-екі айдың көлеміндегі нарықта өзгеріс болмашы. Бұл нені көрсетеді?
Көктемгі бағаның маусымдық сипатта күрт көтерілуі байқалмайды. Демек, жаңа маусымның өнімі сөрелерге түскенше оның бағасы айтарлықтай қымбаттай қоймайтынын байқап отырмыз. Байқағанымыздай, базарларда сауда өте баяу қарқынмен жүруде. Сатып алушылар жоқтың қасы. Бірқатары оны пандемия дертіне байланысты жасалған шектеулермен түсіндіреді. Алайда, оның екінші маңызды себебін атап өтпеске болмайды. Қалай болғанда да, көктемгершілік осылай болатыны заңдылық. Бұған қосымша айтарымыз, халықтың сатып алу қабілеті біршама төмендеген. Тұтынушылар қалай болғанда да ақшаны үнемді пайдалануға көшкен сыңайлы.
Тағы бір мәселе. Қызылордадағы ірі деген сауда орталықтарында әсіресе көкөніс бағаларының тұрақтылығы байқалады. SMALL, Magnum сауда орталықтарында тұтынушылар әдеттегіден өте аз. Көкөніс бағалары базарлармен шамалас, кей жағдайда одан арзан. Арзан голланд қырыққабатын, пакистан картобын саудалап жатқандар бар. Неліктен пакистан картобы? Бізге бұл жағы біршама түсініксіздеу болды. Өйткені базарлардың өзінде пакистан картобы қырғызстандық және павлодарлық өніммен қатар сатылуда.
Біз осы күнге дейін айтып жүргеніміздей, көкөніске қатысты отандық өнімнің өндірілу деңгейі әлі төмен екенін байқадық. Мемлекеттің агроөнеркәсіп кешеніне орасан зор қолдау жүргізіп жатқанына қарамастан, осындай маңызды түйткілді шеше алмауы сала алдындағы күрделі міндет болып табылады.
Азық-түлік емес тауарлар, әсіресе киім сату базарларында сатып алушылардың қарасы өте сирек. Жақындап кетсең, сатушылардың өз өнімін сатуға деген құлшынысын байқайсың. Сатып алушы болмаған соң, олардың осындай күйге түсуі табиғи құбылыс. Сату орындарының жалға алу құны бұрынғыша қымбат. Соған қарағанда базар иелерінің нарықтың заңына қарай бейімделуі төмен деңгейде деген ойда қалдық. Себебі нарық қазір бәсекелестікті тым өршітіп жіберді. Сауданың түр-түрі көбейді. Оның интернет сауда деген жаңа түрі тұтыну нарығын жаппай билей бастады. Қысқасы, уақыт жаңа талаптарды алға тартуда.
Сонымен теңге бағамы біршама құнсызданды. Бізге жеткен деректер бойынша қазір бұрынғы кеңестік мемлекеттердің барлық валюталары долларға қатысты өздерінің құнын жоғалтты. Бұл үдеріс қаншалықты жалғаса береді? Әзірге сарапшылар бұл тұрғыда кесімді пікір айта алмайды. Дегенмен, әлемдік экономикада Қытай валютасының үстемдік танытып, долларды ысыруы мүмкін деген болжамдар жиі айтыла бастады. Дегенмен, осының барлығын жақсылықтың нышаны деп бағалаудың реті келмейді. Біз тәуелсіз жас мемлекет ретінде нарықта үстемдік танытатын алпауыттарға қарайламас үшін отандық өнімді молынан шығаруға талпынуымыз қажет. Бұл – өмірдің өзі алға тартқан шындық.
Жолдасбек Ақсақалов,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<