Биыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» жарияланды. Бұл бағытқа қыруар қаржы қаралып, кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың жаңа тетіктері іске қосылуда. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес кент және ауылдық округтеріне жетекшілік жасауға жауапты мекеме басшыларының бекітілуі де істің ілгері басуына игі ықпал етіп отыр.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Жалағаш аудандық филиалы тарапынан биылғы жылдың 6 айында 440 адамға кеңес беріліп, сервистік қолдау бойынша 98 кәсіпкерге қолдау шаралары жүргізілген. Яғни, кәсіпкерлерге аудандық палата кеңесшісінің көмегімен бухгалтерлік және салықтық есептемелер мен статистикалық есептіліктерді тапсыру барысында қажетті кеңестер берілді.
Филиал директоры Самат Кариповтың айтуынша, «Бизнес-кеңесші» жобасымен 2017 жылы 218 адам оқыса, 2018 жылдың 6 айында 115 адам білімін жетілдірген. Мұнда Жалағаш кенті (43 адам), Аққұм (7 адам), Мәдениет (5 адам), Бұқарбай батыр ауылдық округтері (5 адам) ерекше белсенділік танытып отыр. Биылғы жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша екі топта 68 адам оқып, оның 56-сы өз жобасын қорғады.
Өткен жылы қайтарымсыз инновациялық грант беру бойынша «Өңірлік үйлестіру кеңесінің» қарауына 28 жоба ұсынылып, нәтижесінде 10 жоба 6 млн 140 мың теңге көлемінде грант ұтып алған болатын. Биыл да аталған бағдарлама аясында жобасын ұсынған азаматтарға кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы тарапынан толықтай сүйемелдеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 64 жобаға бизнес-жоспар дайындалып, 101 адам екі күндік «Бизнес кеңесші» оқу курсына қатысты. Нәтижесінде, аудан бойынша жалпы құны 21 млн 517 мың теңгені құрайтын 26 жоба оң қорытынды алды. Олар: бұрын-соңды елді мекенде ашылмаған шаштараз, тігін цехы, монша, құс шаруашылығы сынды кәсіп түрлері.
Ал «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарға, сол сияқты ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 36 жобаға 116,8 млн теңге, аудандағы «Ауыл НС» ЖШС арқылы 7 жобаға 24,8 млн теңге, барлығы 76 жобаға 271,6 млн теңге көлемінде несие берілген.
Жоғарыда аталған бағдарлама аясында «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы жанындағы бақылау кеңесінің қарауында Жалағаш ауданы бойынша жалпы 154 млн теңгені құрайтын 46 жоба талқыланып, оның ішінен 70,5 млн теңгені құрайтын 32 жоба мақұлданды. Қазіргі таңда осы 32 жобаның құжаттары жинақталып, қаржыландыру бағытындағы жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтқанда, 4 жоба жетекшісі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Бизнес Кеңесші» компаненті бойынша екі күндік оқу курсына қатысқан болса, 28 жоба жетекшісі «Бастау Бизнес» бойынша 1 айлық оқу курсына қатысып, жобаны жүзеге асырудың жай-жапсарымен танысты. Айта кетейік, олар мал шаруашылығы, тігін цехы, сән салоны, жолаушылар тасымалы секілді жұмыс түрлерін ұйымдастыруға ниет білдірген.
Жалағаш аудандық индустриалды-аграрлық колледжі жоғары курс студенттерінің оқып жатқан мамандықтары бойынша кәсіпкерлікпен айналысуға қызығушылықтарын арттыру мақсатында аудандағы кәсіп иелерін тарта отырып, іс-шаралар өткізіліп келеді. Сондай-ақ, осы колледж студенттері мен орта мектептің жоғары сынып оқушыларына арнайы экскурсиялар ұйымдастырылып, олардың аудан көлеміндегі кәсіпкерлік нысандардың жұмыс процесімен танысып, мамандардан тиісті кеңес алуына мүмкіндіктер жасалып отыр. Әрине, бұл жұмыстар уақыты келгенде өз нәтижесін беруі тиіс.
Айта кетейік, кәсіпкерлік палатасында кәсіп иелерінің өтініштері мен сауалдары бойынша тұрақты түрде құқықтық кеңестер беріліп келеді. Бұл да жұмыстың жүйелі жүргізілуіне басты ықпал. Мысалы, өткен жылы кәсіпкерлер тарапынан мектептегі асханаларға өткізілген конкурстарға қатысты және кәсіпкерлік мақсатқа сатып алынған жерді тіркеуге байланысты құқықтық көмек сұраған 13 адамның өтініші оң шешімін тапқан. Сонымен қатар, 2016 жылдан бастап кәсіпкерлер палатасы филиалының ғимаратында «Прокурор» кабинеті ашылып, бекітілген кестеге сайкес аудан кәсіпкерлерімен қабылдаулар өткізіледі.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<