Қаракөл тұқымы бағалы

3125

0

Көктем айы – шаруалар үшін нағыз еңбек науқаны. Әсіресе, шопандардың жұмысы қыза түседі. Қой  төлдеп, мал басы көбейіп, жұмыс еселенеді. Мұқият болмаса, жас қозылардың қатарға қосылуы қиын болары анық. Осы ретте Жаңақорған ауданындағы «Шайық» шаруа қожалығы төлдету науқанын ойдағыдай аяқтады.

Атакәсіптен ажырамаған «Ша­йық» шаруа қожалығы 1997 жылы құрылған. Қожалық егесі – Гүлнәр Мансұрова. Бастапқыда 300-ден аса қойы болған кәсіпкердің  қазір 1500 бас асылтұқымды уақ малы бар. Қой өзінің жаратылысында жайылым малы. Көк шөп табиғи азығы. Оларды жайылымсыз өсіріп көбейту мүмкін емес. Сондықтан шопан мезгіліне қарай Қарт Қаратаудың  етегі мен Сырдың жағасын жайлап, өрісін ауыстырып отырады. Соған қарай қора-жайы салынған. Малдың азығын шаруалар өздері дайындайды. Қожалыққа тиесілі 30 гектар жерге жоңышқа себіледі. Ал, арпа, бидайын сатып алады.

Шаруашылықта 6 адам тұрақты жұмыс жасайды. Қазір қойшылар қойын төлдетіп, қырқып, тауға өргізіп жатыр. Қаракөлдің қозыларын жергілікті шағын және мал бағу ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлер сатып алады. Ал, арнайы бордақыланған малды ет комбинаттарына өткізеді.  Бұл түлік түрі – байлық көзі. Содан болар «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп бекер айтылмағаны. Кеңес үкіметі кезінде қаракөл тұқымын өсіру қарқын алды. Терісі бағалы, жүні қымбат есептелді. Қазақстан қой өсіру бойынша алдыңғы орынға шықты. Шет мемлекеттерден түсетін сұраныс жоғары болып, табыс көзіне айналды. Алайда, ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары экономикалық реформаның және жаңа нарықтық инфрақұрылымның құрылуы, мал шаруашылықтарындағы селек­ция­лық-асылдандыру жұмыс­тарына мән бермеудің әсері мал саны мен оның өнімділігінің төмендеуіне әкелді. Салдарынан жекешелендірудің ал­ғашқы кезеңінде  мал басы азайды.

Елімізде 2016 жылдан бастап «Қаракөл қой тұқымдары» рес­публикалық палатасы жұмыс істей бастады. Палатаның мақсаты – селекциялық асылдандыру жұ­мыстарын жүргізуге ықпал ету, қой тұқымын асылдандыра отырып, өнімнің саны мен сапасын жақсартуға атсалысу. Ветеринариялық жұмыс­тардың уақытылы жүруіне жағдай жасау, бірдейлендіру жұмыстарының дұрыс жүруін және берілетін суб­си­диялардың басты басымдық ба­ғыттарына төленуін қамтамасыз ету.  Бүгінгі күні «Шайық» шаруа қо­жалығы палата мамандарымен бір­лесіп жұмыс жасап келеді. Нәти­жесінде, жылдан-жылға мал басы көбеюде.

Асылтұқымды қой өсіруші шар­уа­шылықтарға мемлекет тара­пынан қаржылай қолдау көрсетілуде. Мә­селен, отардағы әр 25 саулыққа асыл­тұқымды 1 қошқар сатып алып, асылдандыру жұмысын жүргізсең, әр аналыққа 2500 теңгеден субсидия төленеді. Бұл субсидияны кәсіпкер алып отыр. Оның айтуынша, биыл­дан бастап енді әр саулыққа 3000 теңгеден төленеді. Оған қоса, жем-шөбіне де қаржылай қолдау бола­тынын жеткізді. Дегенмен, әрбір істің өз қиыншылығы бар деген шаруа біршама мәселелерді тізбектеді.

«Ең өзектісі – малшы табу. Ешкім қойшы болғысы келмейді. Тапқан күннің өзінде ұзақ тұрақтамайды. Ал жастар жұмысты қаладан іздейді. Сондай-ақ, жайылымдық жерлер де жыл өткен сайын тарылып барады. Малға келетін кесел де көбейген. Бұрын қаракөлдің  терісі мен жүні бағалы еді. Бір қаракөлдің бағасы бір қойға тең келді. Бүгін оған сұраныс жоқ. Асылтұқымды қаракөлдің терісі мен жүнін тастағанға қын­жыламыз» дейді қожалық иесі.

Шын мәнінде мал шаруа­шы­лы­ғының түйткілді мәселесі көп. Бұл ретте ғалымдар, мамандар нендей пікір-пайым білдіре алар екен?

Сара  АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<