Биылғы жыл өте күрделі кезең болып отыр. Пандемияның әлем елдеріне, сонымен бірге біздің елімізге де тигізіп жатқан зардаптары аз емес. Осындай қиын кезең ауыртпалығын дұрыс экономикалық саясат жүргізіп қана жеңе аламыз. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын мұқият тыңдадым. Өзім күткендегідей, дағдарысты еңсеру жолдарына барынша назар аударылған.
Президент осы мақсатта жаңа экономикалық курстың негізгі жеті бағытын айқындап берді. Оның ішінде өндірісті дамытуға қатысты өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану аса маңызды міндет екенін атап өтті. Ішкі нарықтың зор мүмкіндіктерін толыққанды жүзеге асыра алмай келе жатқанымызды айтқан Президент тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет деді. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды. Сонда ғана ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттырып, дағдарысты еңсеретін боламыз. Ал бұрынғысынша өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығын шетелден таси беретін болсақ, алға жылжымайтынымыз белгілі.
Қаржыгер ретінде менің көңілімнен шыққан тағы бір мәселе – мемлекет қаржысын үнемдеу, оны барынша тиімді пайдалану жағына назар аударылғаны. Президенттің мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторындағы қызметкерлер санын биыл 10%-ке келесі жылы тағы 15%-ке қысқарту туралы тапсырмасының өзі – осы мемлекет қаржысын үнемдеудің айқын көріністерінің бірі. Квазимемлекеттік сектордағы пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табатын болады.
Сонымен қатар, өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шаралары жетілмегендігі, бұл бағытта жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ екені айтылды. Салдарынан еліміз бойынша сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп келеміз. Сол үшін өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жобасын әзірлеу тапсырылды.
Ауылдық округтер кірісін ұлғайтып, мүліктік құқығын кеңейтуге бағыт ұсталатын болады. Ол жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін күшейту үшін қажет. Президент жергілікті жерде бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейтінін айтып өтті. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудырып жатқанын келтірді. Сондықтан да жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет.
Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<