«Еңбектің наны тәтті…». Таяуда Қазалы ауданында өткізілген ауылшаруашылық еңбеккерлерінің мерекесі осы сөздің құндылығын тағы бір әйгілей түсті.
– «Берекелі жерден мереке кетпес» деген бар. Мол өнімнің биігінен көрінген қазалылықтар осы дәстүрді сақтай отырып, тағы бір берекелі жылды табысты қорытындылап отыр. Нәтижесінде Қазалы ауданы облыста жылдың қорытындысымен жеңімпаздар қатарынан көрініп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін «Озат аудан» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтар «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерін, Министрліктің «Құрмет грамотасын» иеленді. Бұл – дала еңбеккерлеріне көрсетілген құрмет, осы салада қызмет етіп жатқан барша азаматтардың жемісі деп білемін, – деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев сол салтанатта.
Сондай-ақ Қазалы ауданы мен Қызылорда облысының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов та өзінің ақ тілегін жеткізді.
Мерейлі сәтте күріштен мол өнім алған шаруашылықтар да марапаттан қалыс қалмады. Мәселен, «Агро Өркен» ЖШС 1-ші дәрежелі, «РЗА-Агро» ЖШС 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды. Ал, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев жетекшілік ететін «Сыр маржаны» ЖШС «Озат өңдеу кәсіпорны» номинациясын иеленді.
Жыл басынан бері Қазалы ауданында 10,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Сондай-ақ, 15 мың тоннаға жуық бау-бақша өнімдері алынса, 3 мың тоннаға жуық күріш Ресей, Украина, Тәжікстан мен Өзбекстанға экспортталған. Мұнан бөлек, 1 мың тоннадан астам балық өнімдері Германия, Дания, Грузия, Қытай мемлекеттеріне экспортқа шығарылыпты. Машина-трактор паркін жаңа техникамен толықтыру да ілгерілеп отыр.
Өткен жылмен салыстырғанда әртараптандыру бағытындағы дақылдардың көлемі 452 гектарға артқан. Соның ішінде жаздық бидай 144, арпа 108, сүрлемдік жүгері дақылы 200 гектарға өскен. Қазалыда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын дамыту бағытында да оңды істер бар.
– Бүгінгі таңда мемлекет қолдауымен аудандағы түрлі шаруашылықтар 595 млн теңге несие алып, 2000 бастан астам төрт түлікті сатып алды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Малды өсірумен қатар, өнімін өңдеу және терісі мен жүнін шикізат көзі ретінде пайдалану мүмкіндігін қарауымыз керек, – деді аудан басшысы және бір сөзінде.
Аудан тұрғындарын жергілікті жерде өндірілген өнімдермен қамтамасыз ету үшін «АгроОптСервис» ЖШС тарапынан сыйымдылығы 500 тонна болатын «Көкөніс өнімдерін сақтайтын қойма» салынған болатын.
Қазіргі таңда қоймаға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, 200 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінген. Қойма құрылысы толық аяқталғанда азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкіндігі арта түсетін болады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<