Қазақстанда 3 мың мегаваттық жаңа электр стансалары салынады

819

0

Елімізде алдағы 5 жылдың ішінде жаңа электр станцияларын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде алдағы 5 жыл ішінде 3 мың мегаватт генерациясы бар жаңа стансалар салуды жоспарлап отырмыз. Бұл – үлкен көлемді жоба және ол энергетика саласындағы ықтимал тәуекелдерді жоюға мүмкіндік береді. Мен тек 3 мың мегаватт газ генерациясы туралы айтып отырмын. Газ энергетикасынан бөлек, қуатты ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) желісін іске қосу жоспарланған. Жалпы 2025 жылға қарай елдің энергия теңгеріміндегі ЖЭК көлемі 3%-дан 6%-ға жетеді деп болжам жасалып отыр. Ал 2030 жылға қарай кемінде 15%-ға жетпек», – деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет үйінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар министр елімізде электр энергиясын өндіру мен тұтыну көлемінің артқанын айтты. «Бір жылдың ішінде электр энергиясын өндіру мен тұтыну 7% -ға өскені байқалады. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Осы орайда қазір біз бірқатар шешімдер қабылдауымыз керек. Біріншіден, ұлттық операторлар, айтар болсақ KEGOC-қа отын энергетикасы тапшылығы туындаған сәтте оны қолдануды азайту немесе шектеу құқығы берілуі тиіс. Екіншіден, елімізде майнинг нарығын дамыту керек, бұл – уақыт талабы», – дейді ол.




 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<