«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ» көрме-байқауына қатысуға өтінім қабылдау басталды

4728

0

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына өтінімдерді қабылдау басталғандығын хабарлайды.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауы – отандық өнімнің сапасын арттыруға және Қазақстан нарығын сапасы жоғары әрі бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға бағытталған жеке және заңды тұлғалар қызметін жандандыру мақсатында жыл сайын өткізіледі.

Байқау мынадай үш номинация бойынша жүргізіледі:

1) «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»;

2) «Халыққа арналған үздік тауарлар»;

3) «Үздік азық-түлік тауарлары».

Әр номинация бойынша үш жеңімпаз айқындалады.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы бір жыл бойы өткізіледі және келесі негізгі кезеңнен тұрады.

1. Өтінімді «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауының өткізілуіне кемінде 10 күн қалған мерзімде www.altynsapa.kz сайтында немесе өңірлік кәсіпкерлер палаталарына ұсыну қажет.

Өңірлерде көрме-байқаудың өткізілу кестесі облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдіктерімен келісім бойынша жасалады және www.altynsapa.kz сайтында жарияланады.

Байқауға қатысуға ниет білдірген заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 31 шілдедегі №1167 қаулысымен бекітілген «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік және республикалық көрме-байқауларына ұсынылатын материалдар мен өнімді ресімдеу, ұсыну және алдын ала сараптамалық бағалау ережесіне» (www.altynsapa.kz сайтында жарияланған) сәйкес өзі орналасқан жердегі өңірлік кәсіпкерлер палатасына материалдарын ресімдеп, ұсынады.

Өңірлік көрмеге қатысу байқауға одан әрі қатысудың міндетті шарты. Өңірлік байқаулардың 9 жеңімпазы ғана «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

2. Нұр-Сұлтан қаласында республикалық көрме-байқаудың өткізілуі (қыркүйек-қазан). Көрме қорытындысы бойынша ҰКП сараптамалық тобы үш номинация бойынша 27 финалисті анықтайды.

3. Үшінші кезеңде 27 финалист (15-25 қазан аралығында) онлайн-дауыс беруге қатысады.

4. «Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атағын және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанты атағын беру жөніндегі Комиссия байқаутың 9 қатысушысына «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының дипломанты атағын беру туралы шешім қабылдау отырысы (қараша).

Байқау дипломанттарына диплом мен байқау эмблемасы тапсырылады. Дипломанттар төрт жыл бойы «Қазақстанның үздік тауары» байқауының эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие болады.

«Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен салтанатты рәсімде өткізіледі.

Байқауға әлеуетті қатысушыларды сайтта оқыту үшін: www.altynsapa.kz «Оқыту» бөлімінде байқауды өткізу тәртібі және байқаудың материалдарын ресімдеу ережелері бойынша бейнесабақтар жарияланған.

Байқауды ұйымдастырушы Кәсіпкерлер палатасының базасында тегін оқыту семинарларын өткізеді. Семинарларды өткізу кестесі биылғы наурызда байқау сайтында жарияланады.

Құрметті кәсіпкерлер, сапа саласындағы байқауға қатысуға шақырамыз. Толық ақпарат алу үшін әлеуметтік желілердегі «Алтын сапа» ресми парақшасына және www.altynsapa.kz сайты жаңалықтарына жазылыңыз. Кеңес алу үшін байланыс телефондары: 8 (7172) 919-388 (ішкі 1931) және 8 (7172) 919-344.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасынан жауапты маман Малика Тютебаева, байланыс нөмірі 8 /7242/ 40-09-81.

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<