Қазір кәсіпкерлерді қолдау аса маңызды

776

0

11 мамырды барша қазақстандықтар асыға күтті десем, артық емес. Әр жанның ойында бір үміт, бір күдік болды. «Төтенше жағдайды әрі қарай созып жіберсе, кәсібіміз не болмақ, табысты қалай табамыз?» деген сауал әр отбасында талқыланғаны жасырын емес. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды» деген сөзі барлық алаң көңілге нүкте қойды. Карантиннің әлі де жалғасатынын азаматтар жақсы түсініп отыр, жауапкершілікті те айқын сезінуде.

Карантин мерзімінде ауыл шаруашылығы саласының жұ­мысы көпке үлгі боларлық деңгейде жүрді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы ел алдында жасалған мәлімдемесінде: «Егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 миллиард теңге бөлінді. Соның 70 миллиарды тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр», – деген еді.

Міне, дәл осындай ерекше қол­дауды сезінген дала еңбеккерлері ешқандай кедергісіз өз істерін тия­нақты атқарып, егіс науқаны толық шешімін тапты деуге негіз бар.

Әрине, еліміздегі төтенше жағдай барлық құрылым үшін сынақ кезеңі болды. Күн сайын ғана емес, сағат сайын туындаған мәселелерді жедел шешу, тиімді шешім қабылдау қажеттігі туындады. Кей жерлерде асығыстық, әттеген-ай деген сәттер де кездесті. Бірақ қиындықты еңсеруде еліміздің барлық азаматтары өз үлестерін қосып келеді.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мем­лекеттік комиссия отырысында Мемлекет басшысы орынды мәселелерді көтерді. Дүние жүзіндегі пандемия азық-түлік қауіпсіздігінің бірінші кезекте екендігін дәлелдеді.

Біздің өңірдің өзінде кәсіп­­кер­леріміз көкөністерді көршілес облыс­тардан тасып жеткізуде қиындықтарға кез­десті. Бизнес­те жүрген азаматтар аймақта осы саланы игеру мүмкіндігін қарастырғандығы жөн деп санаймын. Президент комиссия отырысында Үкімет пен «Атамекенге» бірнеше өңірде «Егістіктен дүкен сөресіне дейін» пилоттық жобасын қолға алуды тапсырды. Біз де бұл бастамадан сырт қалмаймыз.

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске қазір көмектеспесек, экономиканы қалпына келтіре алмаймыз деген сөзді бұған дейін де айтты. Бұл жолы да кәсіпкерлік саласына керегінше көмек жасала беретінін мәлімдеді.

Президенттің мемлекеттік сатып алу барысында жүзеге асырылатын жобаларда, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлікке барынша қолдау көрсету, экономиканы әртараптандыруды жүзеге асыру туралы тапсырмалары, жалпыұлттық бизнеске қолдау көрсету деген сөзі кәсіпте жүрген әр азаматқа дем болғаны сөзсіз.

Ендігі жерде алдымызда мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, бұл бастамаларды нәтижелі әрі сапалы жүзеге асыру міндеті тұр.

Кәсіпкерлер палатасы тарапынан бұл бағыттағы жұ­мыстарды белсенді жүргізе­тіндігімізді жеткіземін.

Ғалымбек ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<