Құс шаруашылығы қашан қанаттанады?

2952

0

Қыс басында дүкен сөреле­рінде жұмыртқа бағасы 60-70 теңгеге жетіп, тұрғындар біраз алаңдағаны есте. Өйтпегенде ше, бағасы шарықтап тұрған мал етін әркез қалтасы көтере бермейтін қарапайым жұрттың күн көрісіне жарап тұрған  тауықтың жұмыртқасы мен еті ғана. Жұмыртқа бағасының бұлайша күрт өсуін кәсіпкерлер тауыққа берілетін жем мен дәрумендердің сырттан әкелінуі және олардың бағасының қымбаттауымен түсіндірді. Әйтсе де, «бақсақ бақа екен»  демекші, басты мәселе басқада сияқты.

Жалпы, мамандар құс шаруа­шылығын  ауыл­ шаруа­шылы­ғының маңызды әрі тиімді саласына жатқызады.  Алайда, Сыр өңірі құс шаруашылығы кенжелеп қалған аймақ қатарында екен. Мәселен,  ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің  2017 жылғы дерегіне сүйенсек, құс саны 2012 жылмен салыстырғанда Қазақстанның 11 аймағында өскені айтылады.  Сол жылы елде құс санының үлкен шоғырлануы Алматы (9,2 млн. Бұл республика бо­йынша құс санының 23,2 процентін құрайды екен), Солтүстік Қазақстан (4,3 млн), Қостанай   (4,2 млн),  Шығыс Қазақстанда (3,9 млн), Ақмола  (5,7 млн), Қарағанды облысында (3,7 млн) байқалған. Басқа өңірлерде көрсеткіш төмен екені айтылады. Соның ішінде Қызылорда облысы да бар. Ал құс санының өсуі бо­йынша Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары алдыңғы қатардан көрінсе, Алматы облысы жұмыртқа өндірісінен алда келген. 2017 жылғы санақ бойынша – 1082,9 млн дана немесе жалпы өнімнің 21 проценті. Одан кейін Ақмола, СҚО, Қостанай және Қарағанды облыстары екен.  Үш жыл бұрынғы мәлімет десек те, қазіргі  жағдай осы кезден көп өзгерді деп айта алмаймыз.  Сонда деймін-ау, біздің өңірде құс шаруашылығына қызығушылық жоқ па, әлде сұраныс болмай тұр ма? Облыста құс шаруашылығын дамыту үшін қайтпек керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Өңірде құс өсіріп, жұмыртқа өндіріп жүрген бірден-бір кәсіпкер – «Мөлдір және компания» ТС басшысы, «Шиелі-құс» фермасының қожайыны Насыр Мырзабеков. Ол құс өсірудің  облыста кенжелеп қалғанын, оған көңіл бөлетін кез келгенін айтып, бірқатар мәселелерді де алға тартты.

–    Біздің өңірде құс шаруа­шы­лығы – өте артта қалған, яғни, кенжелеп қалған шаруа. Мен мұны бірнеше жылдан бері айтып келемін. 2016 жылы 10 мың құспен ферма ашып, бір жыл өткен соң 20 мыңға жеткіздім. Құс шаруашылығы өте күрделі жұмыс екен.

Проблема көп. Әсіресе, та­уыққа беретін құрама жем дайындауда қиындықтар жетерлік. Оған қосатын әртүрлі қоспалар, дәрумендер сырттан келеді. Құрама жемге қосылатын би­дайдың, жүгерінің, пісте май, соя, күнбағыс сығындысының бағасы жыл сайын қымбаттап жатыр. Биылдың өзінде 60-70 процентке көтерілді. Негізі құрама жемде 19 түрлі қоспа болады. Бұлар тауыққа қуат береді. Міне, соның бәрі қымбаттады. Мысалы, бір тонна жемге 25 литр өсімдік майын қосамыз. Ал оның қаншалықты қымбаттағанын өз­деріңіз білесіздер. Біздің өңірде  майлы дақылдар тіпті аз егіледі. Күріш егіп жатырмыз. Егер майлы дақылдарды көбірек ексек, құс азығын дайындауға да мүмкіндік туар еді. Тағы бір мәселе, субсидиялауға қатысты. Жауапты мекемелердің бірі бар десе, екіншісі жоқ дейді. Жұмыртқа мен құс еті қазір әлеуметтік маңызды азық-түлік қатарынан саналады. Сондықтан облыс көлемінде құс шаруашылығына көңіл бөлетін кез келді. Сонда жұмыртқа қазіргідей сырттан тасымалданбас еді. Құс шаруашылығына облыс әкімдігі тарапынан қолдау керек, – дейді кәсіпкер.

Облыстық кәсіпкерлік палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы  Мұрат Бала­баев­тың мәліметінше, аймаққа жұмыртқаның 97 проценті сырттан әкелінеді.

–    Былтырғы 10 айда облыс­та 6,2 млн жұмыртқа өндірілген. Бір адамға шаққанда 7-8 жұмыртқадан келеді екен (облыс халқының саны 803,5 мың адам). Ал бір адамға жұмыртқаны тұтынудың ұлттық нормасы – 142 дана. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бір адамның физиологиялық нормасы жылына 243 дананы құрайды.   Демек, облыста жұмыртқа өндірісі ұлттық нормадан 18,2 есе, ал физиологиялық нормадан 31,1 есе төмен. Жұмыртқа тұтынудың физиологиялық нормасын ескерсек, өңірде 195,2 млн жұмыртқа өндірілуі тиіс. Ал бүгінгі өндіріс көлемі бар болғаны 6,2 млн. Қысқасы, өз-өзімізді қамту үшін жұмыртқа өндірісін 31 есе арттыруымыз қажет. Демек, 189 млн жұмыртқа облысқа сырттан тасымалданады, – дейді ол.

Аталған кәсіпкерлік пала­тасының агроөнеркәсіп  кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков аймақтағы құс шаруа­шылығымен айналысушы кәсіп­кер­лердің мемлекеттік қолдау алмай жұмыс істеп келетінін, оларды субсидиялауда министрлік тарапынан қабылданған нормативтік талаптардың тұсау болып отыр­ғанын тілге тиек етті.

– Өңірдегі құс шаруашы­лығымен айналысушы кәсіпкер­лерге мемлекет тарапынан ауыз толтырып айтарлықтай қол­дау болып жатқан жоқ. Біздің кәсіп­керлер сонда да  шаруаларын жолға қойып, жұмыс орнын ашып, халыққа қажетті әлеуметтік ма­ңызы бар 19 азық-түліктің бірі – жұмыртқа өндіріп, тұрғындарды қамтамасыз етуге атсалысуда. Мемлекеттік қолдаулар көрмей отыр деуіміздің бірден-бір себебі – субсидиялауға қатысты. Салыс­тырмалы түрде айтсақ, басқа облыстарда ірі құс фабрикалары бар. Олар Ауыл шаруашылығы министрлігінен қаралған субси­дияға ие. Себебі, үлкен көлемде құс етін не жұмыртқа өндіруде. Олар құс фабрикасын салатын болса, кеткен шығынның 25 процентін мемлекеттен қайтарып алып отыр. Онан бөлек, әр жұмыртқаға 1 теңгеден беру қаралған. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қабылданған норматив бойынша өнімділігі өте жоғары фабрикаларға ғана беріледі. Біз өз тарапымыздан министрлікке, өзіміздің орталық аппаратқа да шағын құс фермаларына субсидия беру туралы, бәсекелестік әділ болсын деген ойымызды айтып, бірнеше мәрте ұсыныс жолдадық. Өкінішке орай қолдау табатын емес, – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігінің субсидиялау талабында былай екен.  Етті құс шаруашылығы бойынша балапан сатып алуды субсидиялауда ата-енелік не ата-тектік нысандағы асылтұқымды тәуліктік балапан сатып алуда әр балапан басына 600 теңгеден беріледі. Ол үшін қойылатын талап – өтінім берген сәтте асылтұқымды тәуліктік балапанның селекциялық және асылтұқымдық жұмыстың ақпа­раттық қорда тіркелуі тиіс және республикалық палата берген асылтұқымды мәртебесінің болуы керек.  Ал құс етін субсидиялау бойынша 500 тоннадан басталатын нақты өндіріс – 50 теңге, күркетауық етін өндіру құнын арзандату – 100 теңге, суда жүзетін құс етін өндіру құнын арзандату – 40 теңге. Оның да өз талабы бар.

Жұмыртқа өндіруші құс шаруашылығы бойынша балапан сатып алуды субсидиялауда асылтұқымды құстардан алынған жұмыртқа бағытындағы финалдық нысандағы тәуліктік балапан сатып алуда әр сатып алынған басқа 60 теңгеден төленеді. Ал жұмыртқа өндірісін субсидиялауда 20 миллион данадан бас­талатын нақты өндірісте әр жұмыртқаға 1 теңгеден төленеді екен.

Субсидиялау талабының өте жоғары екенін облыстық ауыл ­шаруашылығы басқар­масы­ның мамандары да  жасырмайды.

– Өзіңіз көріп отырғандай, субсидиялау талабы өте жоғары. 20 миллион жұмыртқа өндіру үшін 70-80 мың құс өсіру қажет. Өкінішке орай, біздің өңірде ондай құс фабрикасы әлі жоқ. Біз өз тарапымыздан үнемі субсидиялау көлемін 50 процентке, яғни, 20 миллион жұмыртқаны  10 миллионға қысқарту туралы  ұсыныс жасап келеміз. Бірақ ол ұсынысымыз қолдау таппай келеді, – дейді басқарманың бас маманы Медет Заненов.

Бас маман сонымен қатар құс шаруашылығына қажетті жемдік азыққа байланыс­ты облыста кейінгі жылдары егін шаруашылығын әртарап­тандыруда майлы, дәнді дақылдар егу қолға алынғанын айтты.

Ауыл шаруашылығы минис­трлігі тарапынан қабылданған субсидиялаудың нормативтік талабы «берместің амалы» іспетті екенін аңғару қиын емес. Сонда бұл «жаны ашымастың қасында басың ауырмасынның» кері ме?!

Мемлекет тарапынан қолдауға ие болмаса да аймақта құс өсіру көлемінің  артқаны ынталылардың табанды еңбегі екенін ескеру керек. Басқарма мәліметіне сүйенсек, 2016 жылы облыста 86,5 мың құс өсірілсе, былтыр 123,5 мыңға жетіп, өсім 42,7 процентті құраған. 2016 жылы 15,1 тонна құс еті өндірілсе, өткен жылы ашылған фабрикалардың арқасында 32,9 тоннаға жетіп, 2,2 есе артқан. Ал жұмыртқа 2016 жылы 5,7 млн, былтыр 7,5 млн дана өндіріліп отыр.

Құс шаруашылығын дамыту облыста іске асырылып жатқан ірі жобалар қатарында саналады.  2017 жылы Шиелі ауданында жылына 3,5 млн дана жұмыртқа өндіретін «Мөлдір және компания» ЖШС құс фермасын іске қосса, бүгінде оның қуаттылығы жылына 7 млн данаға жетті. Қызылорда қаласындағы «Самұрық құс» ЖШС (50 мың) жұмыртқа бағытындағы,  «Натишаева» ШҚ (50 мың) ет бағытындағы  құс фабрикасын іске қосып, қазіргі кезде кеңейту жұмыстарын қолға алуда.

Қармақшы ауданында «Қар­мақшы құс» ЖШС  жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика құрылысын жүргізуде. Жоба биыл іске қосылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Жаңақорған ауданына қарасты «Абдулла» ЖШС жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін  фабрика салуды жоспарлаған.  Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде екен.

Қысқасы, құс шаруашылығын дамытуда тәуір бастамалар бар. Алайда, жұмыртқаның ма­ңызды әлеуметтік азық-түлік сана­тына кіретінін ескер­сек, бүгінгі нарықтағы қабі­леті­міз көңілден шықпай тұр. Біздің бұл тақырыптағы талда­уы­мызға кезінде өңірдегі құс фабрикасының жұмысын үйлес­тірген мамандар да өзіндік ой сабақтап, толықтырады деп білеміз.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<