Қымбатшылықты ауыздықтау қиын болып барады

843

0

Уақыт жаңа талаптарды алға тартуда. Кейінгі кездері елімізде белгілі бір салаларда жалақының еселеп өсуі тұтыну нарығына кері әсерін тигізе бастады. Сарапшылардың атап көрсеткеніндей, бұған тежелуі қиынға соғып отырған инфляция салқынын тигізуде. Экономиканың заңдылығы бойынша қазір баға кейбір тұтыну заттары бойынша екі есеге дейін қымбаттады.

Бұл – әлбетте, нарық заңдылығы. Әсіресе, тұтыну нарығындағы бағаны атқарушы билік қаншама қатаң шаралар қолданғанымен, реттей алмайтыны белгілі болды. Бұл орайда айтарымыз, нарық әзірге өз болмысына қарсы әрекеттерді қабылдамайтын сыңай танытты.

Соңғы деректер бойынша қазақстандықтардың әсіресе, ең бірінші кезектегі тұтыну тауарларына деген шығыны өсіп, солардың ішінде отбасылардың азық-түлік қажеттілігіне деген сұранысы жалпы бюджетінің 70 процентіне дейін жеткен. Саланы зерттеуші сарапшылар еліміздегі аз қамтылған отбасылар табысының негізгі шығыны күнделікті азық-түлікке жұмсалатынын айтады. Осының бәрі нарыққа соңғы уақытта жалақы есебінде жұмсалған миллиардтаған теңгелердің әсерінен болып отыр. Әзірге біздің негізгі шығынымыз несиені өтеуге, қалғаны азық-түлікке жұмсалады. Жағдайды бағамдап көрейік.

Редакция тарапынан облыстық Ұлттық банк облыстық филиалы директоры А.Мұстафин мырзаға қатынас хат жолданды. Оның мәліметі бойынша 2021 жылдың 1 қыркүйек деңгейіне қызылордалықтардың несие қарызы 335 млрд теңгені құрайды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21,1 процентке өскен. Дәл осы уақытта облыста тұтыну мақсатында берілген несие қарызы 200,8 млрд теңгені құрайды. Оның өсімі де 25 процентке жуық.

Облыста сондай-ақ тұрғын үй мақсатында несиелер берілуде. Оның мөлшері жоғарыда айтылған көрсеткішке қарағанда біршама төмен. 2021 жылдың 1 қыркүйек деңгейіне ипотекалық несие қарызы 41,7 млрд теңгені құрайды.

Бүкіл еліміз бойынша сарапқа салатын болсақ, қызылордалықтардың несие көлемі оншалықты көп емес. Газеттің 2 қазан күнгі нөмірінде айтылғандай, қазақстандықтардың орташа несиесі әрбір жұмыс істейтін адамның басына шаққанда 2,3 мың доллар құраса, қызылордалықтардың үлесі одан 3 есе төмен. Бұл көрсеткіш біздің тұрмыс деңгейіміздің қаншалықты екенін дәлелдейді.

Қош делік. Әзірге елімізде несие тасқыны толастайтын емес. Бұл өмірдің қажеттілігіне айналған сыңайлы. Ең қауіптісі – тұтыну несиесінің деңгейі өсе түсуде. Тұтыну нарығындағы несиеге деген сұраныс төмендеуі мүмкін деген болжам жасалған еді. Өкінішке орай кейінгі деректер болжамның расқа айналмайтынын көрсетіп берді. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда кейінгі жиырма жыл ішінде баға индексі 420 процентті құраған. Ал орташа атаулы табыс 6,3 мың теңгеден 103 мың теңгеге дейін, үй шаруашылықтарының шығындары 4 мыңнан 52 мың теңгеге дейін өскен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі тұтынушылық мақсаттағы шығын 4,2 трлн теңге деңгейіне жетіпті. Арифметикалық өсім тұтынушылардың мүддесіне сәйкес келмейді. Осыған қарамастан, екінші деңгейлі банктердің несие көлемі еселеп артуда. Ал керісінше, банктердің қаржылық жағдайы жақсарып, инфляцияны тежеудің мүмкіндіктері сарқыла түсуде. Демек, қымбатшылықты ауыздықтау күн өткен сайын қиын болатын сыңайы байқалады.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<