Қызылорда облысы бойынша инвестиция көлемі өткен жылға қарағанда биыл 9 айда 69,5%-ті құрады. ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова көрсеткіштің төмендеу себептерін атады.
– Өткен жылы бірнеше ірі инвестициялық жобаны іске асыру аяқталды. Олардың үлесіне жылдық инвестициялар көлемінің шамамен 30%-і тиесілі болды. Биыл енгізілген шектеулерге байланысты жалпы экономикаға тартылған инвестиция көлемі қысқарды. Бұл құрылыс жұмыстарының көлеміне де әсер етті, – деді аймақ басшысы.
Жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемінің азаю үрдісі сақталып отыр (82,9%). Бұл өнеркәсіптегі өнім өндірісінің көрсеткішіне (88,2%) әсер етіп отыр.
– 9 айда 750 мың тоннадан астам өнім өндіре алғанымыз жоқ. Жер қойнауын пайдаланушылардың болжамына сәйкес жыл қорытындысы бойынша 1 млн тоннадан астам мұнайды өндіре алмаймыз. Осы себепті Шу-Сарысу шөгінді бассейнінің жер қойнауын зерттеу бойынша жұмыстар басталды, – деді облыс әкімі.
«Сб» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<