Облыс әкімі Қ.Көшербаев шыны зауытында болып, іске қосылатын барлық 4 нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 17 мердігер компанияда 240-қа жуық адам жұмыс істеуде.
Барлық 4 кешенді іске қосу бойынша жұмыс жасалуда. Мұнда «Дайын өнім қоймасы» бірінші кешен бойынша – 85 процент, екінші «Ішкі темір жол» кешенінде – 52, үшінші «Негізгі цехтар» кешенінде – 45, төртінші «Ішкі инженерлік желілер» кешені бойынша – 7 процент жұмыс аяқталған.
Бюджеттік қаражат есебінен шыны зауытына қажетті барлық инфрақұрылым жеткізіледі. Бүгінгі таңда газ құбырының екі тармағы, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, электр желілері, жолдар мен байланыс желілері тартылған.
Осы жылдың қараша айына дейін темір жолдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Бұған дейін айтылғандай, зауыт құрылысының аяқталуы осы жылдың аяғына жоспарланған. Осыған байланысты облыс әкімдігі құрылысты уақытында аяқтау үшін тиісті жұмыстарды атқаруда.
Айта кету керек, «Чайна Триумф» компаниясы күн батареялары, смартфондар мен планшеттер ( қуаттылығы күніне 250 тонна ультра жұқа шыны өндіретін зауыт) үшін пайдаланылатын өте жұқа әрі ультра мөлдір шыны өндіру үшін жоғары технологиялық зауыт құрылысына инвестор ретінде қосылды.
Жаңа жобаның құны шамамен 150 миллион АҚШ долларын құрайды.
Өнімдердің негізгі артықшылықтары қалыңдығы 0,15 мм тегіс және оптикалық бұрмалануы төмен шыны болып табылады.
Зауыт құрылысының екінші кезеңінде 500 жаңа жұмыс орнын, ал пайдалануға бергеннен кейін шамамен 150-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<