Тұтыну нарығы: Бағаның тұрақтанатын сыңайы байқалады

1155

0

«Өлмеген құлға келді жаз», депті ертеректе бір пақыр. Қазақ астарлы, теңеу сөз айтуға келгенде шебер-ақ. Шамасы ауыр қыстан шатқаяқтап, титықтап шыққандарға қатысты айтылған сөз болуы керек.

Иә, өткен жыл біз үшін оңайға түскен жоқ. Бүкіл әлем сияқты Қазақстан да төтенше жағдайда өмір сүрді. Дерттің салдарын жеңу үшін еліміздің тұрақты қорынан триллиондаған теңге бөлініп халықтың зардабын біршама жеңілдетуге қол жеткіздік.

Сонымен ауыр 2020 жыл артта қалды. Көктем келді. Артынша жаз туды. Диқан қауымы дәнін сеуіп шаруасын бір жайлап алған сыңайы бар. Қызылорданың базарларына маусым айының орта шенінен бастап жаңа көкөніс өнімдері түсе бастайды. Биыл да солай. Негізгі жеткізуші – Шымкент, Өзбекстанның диқандары.

Өткен аптада, сонымен бірге күні кеше базарларды араладық. Мақсатымыз – көкөністің нарқын білу. Білгеннің жөні бір бөлек, бірқатар сауда жасайтындармен тілдесіп, өткен жылдың бағасын салыстырмалы түрде елеп-екшеу мақсатын алға қойған едік.

Тұтынушы үшін барлығы қымбат сияқты болып көрінеді. Өйткені психология осындай.

Сауда сөрелеріне көз жүгірттік. Осыдан бір апта бұрын базарларда жаңа картоптың бағасы 300 теңгеден сатылған еді. Он күн өткенде баға 230-250 теңгеге дейін төмендеген. Өнім жеткізушілер Түркістан облысының Сарығаш ауданы немесе Өзбекстан төңірегінің диқандары көрінеді.

– Былтыр дәл осы уақытта картоптың келісі 300-350 теңгенің шамасында болды. Бұл біздің тұтынушылар үшін өте ауыр баға еді. Сонымен бірге  нарықтың төмендеуі өте баяу болды, – дейді біздің ескі танысымыз.

Сол танысымыз базардағы бағаға біршама өз сараптауын жүргізіп берді. Шиенің бағасы өткен жылға қарағанда біршама қонымды. Жуа, баклажан, болгар бұрышы сол өткен жылдың шамасынан біршама төмен. Бірақ тұтынушылар да, сатушылар да бірауыздан кенеттен сәбіз бағасының өте көтеріңкі екенін айтады. Оның себебін сарапшылар Өзбекстандағы жағдаймен түсіндіреді. Осы жылдың  ақ­пан және сәуір айларында Өзбекстанда ауа райы біршама суық болған. Егін кеш егілген және оның тұтыну сөрелеріне жетуі едәуір кешігуде.

Нарықтың өз заң­ды­лығы бар. Не нәрсе қат болса баға өседі. Керісінше бәсекелестік барынша дамып, өнім көбейген сайын бағаның түсуі жылдам үдеріске айналады. Байқағанымыз, халық тұтынатын картоп, сондай-ақ негізгі көкөніс бағаларының нарқы өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда біршама төмен. Егер осы қарқын сақталатын болса, аталған өнімдерден биыл оншалықты тапшылық болмайтынын, сонымен бірге бағаның қолайлы болатынын байқадық.

Өмір бір орында тұрмайды. Халықтың өзін-өзі қамтамасыз етуге деген талпынысы біршама нәтиже бере бастады. Бұл негізінен оңтүстіктегі еңбеккеш ағайынның бейнетінен көрініп тұр. Бұл – мәселенің бір жағы. Енді екінші қырына келейік.

Тұтыну нарығында күріш және ет бағасын шамаладық. Соңғы екі-үш айдың көлемінде күріш бағасы бұрынғы деңгейде сақталып қалған. Тіпті сатып алушылар да сирек. Келісі сортына қарай 220-300 теңге аралығында. Оның бағасын шынын айту керек одан әрі өсірудің қисыны тіпті келмейді. Өйткені базар дәл осы бағаны меңзейтін сыңайлы. Сонымен бірге жалпы тұтыну нары­ғындағы қымбатшылық біздің әрқайсымыздың ақ­шаны үнемдеуге деген құш­тар­­лы­ғымызды туындатып отыр. Етке қатысты баға да осындай. Қуаңшылық, мал басы­­ның төмендеуі нарықтың қымбаттауына әкеліп соғуы мүмкін деген алаңдаушылық барын жасырмаймыз. Бірақ әзірге баға сол бұрынғы деңгейде қалыптасқан. Кім біледі, бәлкім, күз, қыс айларына қарай…  Әзірге біз бұл тұрғыда кесімді пікір айта алмаймыз.

Айтпақшы, осы мәселе бойынша Шымкенттегі әріптес­теріммен хабарластым. Жаңа көкөністің бағасы Қызылорда нарқымен ұқсас. Шамасы, көп жерде теңескен сынайлы… Бұны енді нарық дейді.   

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<