Тұтыну нарығы дегеніміз күнделікті болып жатқан сан түрлі өмір түйткілдерімен, яғни шынайы болмыспен сабақтас ұғымдар санатына жататынын атап өткіміз келеді. Үкімет пен Ұлттық Банк өмірдің сол шынайы көрінісі бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің жобасын белгілейді. Жыл соңында инфляциялық көрсеткіштері жұмыссыздық деңгейі нақтыланады, осыған орай алдағы жылдың межелері айқындалады.
Біздің бүгінгі болмысымызды қалай бағалауға болады? Міне, жыл өтті, коронавирустың дерті шарпып, экономика дағдарысқа ұшырады. Енді біртіндеп айығып келе жатқан сыңайымыз байқалады. Дегенмен, сол дағдарыстың зардабы орасан болғаны соншалық, бүкіл әлем елдері 2019 жылдың деңгейіне жетуге әлі бір жылдай уақыт бар екенін айтуда.
Сарапшылардың есебіне жүгінсек, пандемия Қазақстанға 7,7 трлн теңге шығын әкелді. Ол шамамен 18 млрд АҚШ доллары. Қазіргі өлшеммен алсақ, бұл – шамамен Қазақстанның бір жылғы бюджеті. Әлбетте, аз ақша емес.
Соңғы уақытта ел экономикасында оң сипаттағы көріністер байқалуда. Міне, жарты жылға жуық уақыт болды, біздің басты табыс көзіміз – мұнай қолайлы бағада сатылуда. Қазақстанға қолайлы баға дейтініміз, Үндістандағы дерттің өршуінен нарықтың төмендегені болмаса, қазір ол барреліне 62-65 доллардан сатылуда. Экономикада оң көрсеткіш қалыптасып отыр дейтініміз Ресей вице-прьемері Александр Новак жуырда ғана 2021 жылы мұнай бағасы 60 доллардан төмендемейтінін айтты. Жақсы маман жай айтпайды, негізге сүйеніп айтады. Өйткені әлемдегі мұнай экспорттаушылардың бірі Ресей қазір нарықты реттеуге ықпалын жүргізіп отыр. Мұнай нарығындағы қолайлы ахуал Қазақстан бюджетінің кіріс көзін арттыруға ықпал жасауда. Біздің бүгінгі әрекетімізден көрініс беріп отырғандай алдағы шілде айында Қазақстан бюджетіне миллиардтаған теңге табыс көзі қосылатын болады. Қазірдің өзінде депутаттар «көктен түскен» ақшаны қайда, нендей мақсатқа жұмсау қажеттігін талқыға салуда. Бірер цифрды атап өткіміз келеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жиналған салық көлемі – 8,5 трлн теңге. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 700 млрд теңгеге кем. Әсіресе, шағын және орта бизнес деңгейі төмен түсті. Мұнай бағасы төмендеді. Ұлттық қордан осы ол қылқылықтың орнын толтыру үшін триллиондаған теңге бөлінді.
Мұнай нарығындағы қолайлы ахуал Қазақстан бюджетінің кіріс көзін арттыруға ықпал жасауда. Біздің бүгінгі әрекетімізден көрініс беріп отырғандай, алдағы шілде айында Қазақстан бюджетіне миллиардтаған теңге табыс көзі қосылатын болады. Қазірдің өзінде депутаттар «көктен түскен» ақшаны қайда, нендей мақсатқа жұмсау қажеттігін талқыға салуда. Бірер цифрды атап өткіміз келеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жиналған салық көлемі – 8,5 трлн теңге. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 700 млрд теңгеге кем. Әсіресе, шағын және орта бизнес деңгейі төмен түсті. Мұнай бағасы төмендеді. Ұлттық қордан осы олқылықтың орнын толтыру үшін триллиондаған теңге бөлінді.
Барлығы дұрыс. Үкімет пен Ұлттық Банк Президент тапсырмасына сәйкес тиісті оң қадамдар жасады. Бірақ сарапшылар 2021 жылдың тұтыну нарығындағы қымбатшылықтан басталғанына алаңдаулы. Неге?
Сарапшылар оның бірқатар себептері бар екенін айтады. Тұтыну нарығына жалақы, жәрдемақы, басқа да төлемдер арқылы берілген қыруар қаржы қатты қысым жасауда. Тауар сатып алынған жерде бағаның қымбаттауы заңдылық. 2020 жылдың соңында, 2021 жылдың көктемінде тап осылай болды. Қазір байқағанымыздай, тұтыну нарығында көптеген тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы едәуір өскен. Соңғы айда баға біршама тұрақтанған сияқты. Есесіне баспана бағасы қымбаттады. Көкөніс бағалары ақшаның қысымынан кейін біршама қымбаттап барып, дәл қазір «сабасына» түскен сыңайлы. Біз кеше осы көріністі Қызылорданың бірқатар тұтыну нарығынан байқағандай болдық. Байқағанымыз, тұтынушылардың базардың, басқа да тұтыну нарығының қызметіне деген қызығушылығы едәуір төмендеген. Әншейінде саудасы қызып жататын ломбард нүктелеріндегі тіршілік баяу.
Журналистік қызығушылығымыз бізді «Универсам», ескі базар аумағындағы ломбард сауда орындарына баруға ынталандырған еді. «Сейф ломбард», «Гарант ломбард», «Бірінші ломбард», тағы сол сияқтылар сыйақы мөлшерін едәуір төмендетіп, олар өткізген алтын бұйымына сәйкес алған ақшаға күніне 0,2, 1,5 және 4,5 процент өсім қойған. Жалпы, өсім бойынша қайтаратын ақшаңыз айына 8-10 проценттен аспайды. Соның өзінде ломбард қызметіне жаппай келушілер бұрынғыдай жоқтың қасы. Біздің шамалауымыз бойынша, халықтың тұтыну қабілеті төмендегенін осыдан анық аңғаруға болады.
Нарық не істетпейді? Бұл – бізге шетелден, ұзақ жыл нарық экономикасы дамыған елдерден келген тәжірибе. Ақша керек болса, тарықпай-ақ, ломбардқа немесе «Жедел ақша» сауда орындарына жолығуға болады. Қазір сол жедел ақшаға қызығып жатқан бір пендені байқамадық. Себебі олардың қайтарымы айына 30 процент. Шынын айту керек, бұл – нарық бағасынан өте жоғары өлшем. Адамдардың сирек келетіні сондықтан шығар деп ойлаймын.
Елімізде бір жылда ғана ломбардтар саны 4,5 есеге азайды. Неліктен?
Жыл басында елімізде 3000-нан астам ломбард жұмыс істеп тұрды. Алайда оның 700-і ғана мемлекеттік тіркеуден қайта өткен. Енді келесі жылдың басында олардың бәрі лицензиялаудан өтуі тиіс. Әйтпесе, шағын несие беру құқығынан қағылады. Биылдың өзінде ел аумағындағы ломбардтардың саны 4,5 есе азайған. Қарыз беру ұйымдарының дені төтеден келген тезге шыдас бермеді. Пандемия салдарынан екінші тоқсанда тек қашықтан қызмет көрсету мүмкіндігі бар ломбардтар ғана шағын несие беріп, халыққа қызмет көрсеткен. Дегенмен, кәсіпкерлердің осалдығын пайдаланған жалған ломбардтардың да төбе көрсеткені белгілі. Алданған азаматтар бар.
Біз Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне ломбардтар жөнінде сауал жолдаған болатынбыз. Сауалымызға жауап келіп, онда облыста барлығы «ломбард» кәсібімен айналысатын 60 салық төлеуші тіркелгені, оның ішінде 40 заңды тұлға, 17 филиал мен өкілдік, 3 дара кәсіпкер екені атап көрсетілген. Ендігі қызықты қараңыз. Аталған cалық төлеушілерден 2018 жылы 33 688 851 теңге, 2019 жылы 40 009 397 теңге, 2020 жылы 46 223 668 теңге салық есептеліп, бюджетке өндіріліпті. Бюджет үшін бұл тиын-тебен, түсінікті болу үшін айтайық, ломбардтан бар болғаны жыл көлемінде 33-40 млн теңге ғана түскен. Микроқаржы ұйымдарының біздің нарықта айтарлықтай үлесі жоқ. Бұл шағын бизнестің үлесі тарылып қана қоймай, жоғарыда айтқандай, халықтың сатып алу қабілеті соңғы уақытта едәуір төмендегенін көрсетеді.
Сарапшылар Үкімет белгілеген инфляциядан қазіргі өмірдегі көріністің біршама алшақ екенін айтуда. Бұл орайда олар жуырда бюджетке мұнай бағасының қымбаттауына байланысты Ұлттық Банктен базалық ставканы төмендетуді сұрады. Ұлттық Банк мөлшерлемені бұрынғы деңгейде қалдырды. Базалық ставка нені білдіреді? Егер оны Ұлттық Банк төмендетсе, несие алу ставкасы төмендейді. Халыққа біршама жеңілірек болады. Бірақ Ұлттық Банктің өз саясаты бар екенін ескергеніміз абзал. Арзан несие ағымы күшейсе, инфляция шарықтайды, баға қымбаттайды. Бұдан кімге, қандай пайда бар?
Сонымен, Қызылорданың бірқатар сауда нүктелерін аралағанда сезгеніміз, жалпы халықтың тауар сатып алуға деген ынтасы бұрынғыдан едәуір төмендеген. Бұл халықтың қолында ақшаның көлемі өте өлшеулі екенін, тұтынушылардың көпшілігі несиеге өмір сүріп отырғанын білдіреді. Біздің ойымызша, осы құбылыс алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады. Қазірдің өзінде бір адамда екі реттен несие алу үрдіске айналған. Соңғы деректердің өзі көрсетіп отырғандай, халық тұтынушылық несиені жиі алатын болған. Олардың жалпы несиедегі үлесі 70 проценттен астам. Бұған жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алаңдаушылық білдіргенін білеміз. Біз бірақ таза еңбек етіп, мал асырап, қызмет көрсету нарығын қыздыру орнына әртүрлі салтанатқа, үй салуға бейім екенімізден әлі арыла алмай келеміз.
Негізгі параметрлер бойынша толық аяқталмаған пандемиядан Үкімет біршама аз шығынмен шықты. Ұлттық Банктің есебі бойынша пандемиядан әлем экономикасы 4,4 процентке төмендеді. Қытайдан басқа елдердің барлығы үлкен зардап шекті. Бүгінгі жағдай көрсетіп отырғандай, Ұлттық Банк 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап өз дамуының оң бағытына шығады. Ұлттық Банк өз есебі бойынша мұнай бағасы барреліне 45 доллар болған кезде өсім 3,7-4 процент болады деген еді. Қазір, жоғарыда айтқандай, мұнай бағасы 62 доллар шамасында. Бұл өсім жоғары болады дегенді білдіреді.
Лайым осылай болғай.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<