Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында Бірыңғай жинақтау мен зейнетақы қорындағы салымшылардың ақша алу мүмкіндігін сараптан өткізу үшін редакция республикалық қордың облыстық филиал директорына төмендегі сауалдарға жауап беруін өтініп, хат жолдаған болатын.
Онда Қызылорда облысындағы салымшылардың барлық түрі бойынша салым мөлшері, салымшылардың саны, олардың 500 мың теңгеге дейінгі, 1 млн теңгеге дейінгі, 1 млн теңгеден асатын салым мөлшері, Қызылорда қаласы мен барлық аудандардағы салымшылар саны және олардың жинаған зейнетақы жарнасы, сондай-ақ салыстыру үшін Қазақстандағы барлық аймақтар бойынша салымшылар саны және зейнетақы жарналарының мөлшері туралы деректер сұралған еді. Алдымен филиал директорының міндетін атқарушы А.Сарсембаев жауабын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
Онда көрсетілгендей, Қызылорда облысы бойынша 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 412 181 адамның БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шоты бар. Осы шоттарда жиналған салым мөлшері – 364 101 261 мың теңгеге тең. Салымшылардың ішінде 500 мың теңгеге дейінгі көлемде зейнетақы жинағы бар адам саны – 236 640 болса, 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейінгі мөлшерде зейнетақы жинағына 60 434 адам ие. Салымшылар санының қалған бөлігін зейнетақы жинағының мөлшері 1 млн теңгеден асатын адамдар құрайды.
Қызылорда облысы бойынша үлкен қалалар мен халық мол шоғырланған аудандарға, тиісінше, жоғарыда аталған көрсеткіштердің көп үлесі тисе керек. Олай дейтініміз, халық саны көп болған сайын оның түрлі көрсеткіш деңгейі де арта беретіні бәрімізге де белгілі.
Еліміздегі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бойынша жеке зейнетақы шоты мен ондағы салым мөлшері тұрғысынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Ондағы жеке зейнетақы шотын ашқан адам саны 1 725 256 болса, ондағы зейнетақы жинағының мөлшері – 2 390 518 949 теңгеге тең. Басқа облыстардағы көрсеткіштер сипаты төмендегі кестеде көрсетілген.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының салымшылары өз зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратқа кез келген уақытта, түрлі тәсілдер арқылы ие бола алады.
P.S. Біршама кемшіліктеріне қарамастан, редакция сұраған сауалдарға БЖЗҚ басшылығынан орынды жауап алғанымызды атап өткім келеді. Сонымен облыстағы 412 мыңнан астам салымшының 364 млрд теңгеден астам салым мөлшері бар. Енді қызықты қараңыз. 500 мың теңгеге дейінгі салым мөлшері бар адамдар саны – 236640. Яғни, қызылордалық салымшылардың 57 процентінен астамының бүгінгі жинаған сомасы 500 мың теңгеге жетпейді. Ал біз сұраған дерек бойынша 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейінгілер саны – 60434 адам. Бұл жалпы салымшылардың 17 процентінде ғана осыншама салым бар деген ұғымды білдіреді. Қалған салымшылардың жарнасы 1 млн теңгеден астам соманы құрайды. Дегенмен, осы қалған адамдардың жинағанын жіліктейтін болсақ, көңіл көншітетіндей деректің шығуы екіталай. Себебі, жалпы қызылордалықтардың Қазақстанның басқа өңірлермен салыстырғанда жинаған қоры мардымсыз.
Неліктен? Облыс ұзақ жыл аграрлық сипатта дамыды. Өндіріс негізінен мұнай-газ саласында шоғырланғандықтан, онда еңбек ететіндердің саны басқа салалардан біршама төмен болды. Өйткені, саланың даму сипаты осындай еді. Өнеркәсіп саласы соңғы жылдары мұнай өндірудің есебінен едәуір төмендеді. Жұмысшы қызметкерлер біршама қысқарды. Негізінен зейнетақы қорында жиналған қаржы бюджет қызметкерлерінің есебінен толықтырылуда.
Енді маңызды бір мәселеге тоқталайық. Зейнетақы қорындағы қаржы біздің тұрмыс деңгейіміздің шынайы болмысын білдіре ме? Біздіңше, мүлдем олай емес. Қазір нарық заманы. Кез келген тіршілік иесі заңды тіркеліп, салығын төлесе, Президенттің атап көрсеткеніндей, ақшаның «көлеңкелі» айналымына тосқауыл қойылар еді. Қоғамдық пікір көрсетіп отырғандай, Сыр өңірінің шаруалары соңғы жылдары табысын молайтуда. Кейбір есептер бойынша өңірдегі мал саны статистикалық есептен екі есе жоғары деген пікірлер айтылуда. Демек, біздің тұрмысымыз бөтен емес. Тек мәселе тіркеліп, табысты заңдастыру мәселесіне тіреліп тұрған сыңайлы. Басқа салалардағы жағдай да осыны көрсетіп отыр.
Аталған тақырыпта көп әңгіме айтуға болады. Ол тиісті орындардың сан салалы талдау жұмыстарын жүргізуді және талап етуде. Бүгінгі уақыт осыны көздейді және Қазақстанның алға жылжуының кепілі де осы болып табылады.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<