Жалағаш: Ауқымды жұмыс алға жетелейді

8168

0

Жалағаш – қай кезде болсын ауқымды жұмыс, жарқын жобаларды іске асыруда алда келе жатқан аудан. Тоқсан жылдан астам тарихында дамудың түрлі сатысынан өтті. Бүгінде қай салада болсын, ілгерілеушілік байқалады. Халықтың көкейінде жүрген мәселелер ескеріліп, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму динамикасын көтеру, автомобиль жолдары, елді мекен аралық жолдарды жөндеу сынды жұмыстар жүруде.

Жалағашта кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан түрлі жобалар биыл да жалғасын табуда. Қазір ауданда қарқын алған жұмыстар қатарында ауылдардағы ауызсу жүйесін кеңейту, жол құрылысы, көпірлерді жөндеу, Жалағаш кентіне жақын ауылдарды газдандыру, жарықтандыру бар.

Биыл аудан бюджетінен 4,9 млрд теңге бөлініп, 33 жобаны іске асыру жоспарланған. Аталған жобалардың басым көпшілігі елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Қазір 2025 жылға дейін ауылдық жерлерді дамытуға арналған жобалар дайындалып, кейбірінің жұмысы басталған.

Жалағашта аудандық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелерді жөндеу бойынша 2,2 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске асуда. Нақтырақ айтсақ, 7 жобаның мемлекеттік сатып алу жұмысы аяқталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Қалған бір жоба бойынша мемлекеттік сатып алу жүргізілуде.

Елді мекендердегі ішкі көшелер жөндеуден өтіп, ауылдағы ағайынның қуанышы еселенбек. Биыл Ақсу елді мекеніне кіреберіс жол, «Есет батыр-Жаңадария» бағытындағы автомобиль жолы және Бұқарбай батыр ауылындағы 3 көше орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, «Жаңаталап-Аққыр» бағытындағы жол, Жалағаш кентіндегі М.Шәменов, Т.Қыстаубаев көшелеріне, М.Шәменов, Аққұм ауылының бір көшесіне күрделі жөндеу  жүргізіледі.

Ауданда көпірлерді жаңарту жұмыстары да жолға қойылған. Бұл үшін бюджеттен 406,9 млн теңге бөлініп, екі жоба басталған. Әсіресе, көп жылдан бері жалағаштықтардың көкейінде жүрген аспалы көпірдің құрылысы сүйіншілейтін жаңалық болып тұр. Аталған мәселеге биыл нүкте қойылып, Жалағаш кентінен теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің құрылысы басталып кетті. Сонымен бірге Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автожолының 78-шақырымындағы көпір де орташа жөндеуден өтіп жатыр.

Айта кетейік, ауданда ауызсу мәселесінде қиындық жоқ. Бұған дейін барлық елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету, әр үйге су құбырын кіргізу жұмыстары атқарылған. Былтыр басталған үш жоба бар. Олар – Жалағаш кенті «Ақтерек» учаскесіндегі су тарату кешенінің құрылысы, Аққұм мен Мәдениет елді мекендерінің ауызсу желілерін кеңейту жұмыстары. Аталған құрылыс жұмыстарын аяқтауға облыстық бюджеттен 39 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Құрылыс қарқыны қалай?

Жалағашқа қарасты Мырзабай ахун және Есет батыр елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория құрылысына республикалық бюджеттен 752,8 млн теңге бөлінді. Аталған жобалар облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы іске аспақ. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Сондай-ақ ауданда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша да бірнеше жоба бар. Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесін газбен жабдықтау, Ақсу мен Қаракеткен ауылына электр желілерін тарту жұмыстары басталып кетті.

Расымен Жалағаштағы құрылыс жұмыстарының қарқын алғанын ерекше айту керек. Бұл сөзімізге кейінгі жылдары бой көтерген жаңа нысандар, күрделі құрылыс жұмыстары дәлел. Әсіресе, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен елді мекендер көркейіп-көгалданып, әлеуеті артты, бірнеше ғимарат бой көтерді. Жол сапасына ерекше мән беріліп, ауызсу жүйелері де жаңартылды. Ауданға қарасты ауылдардың ішкі көшелерін жөндеу жұмыстары да осы жоба аясында жүзеге асуда. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 50 тұрғын үй сатып алу үшін Ұлттық қордан 480 млн теңге қаралған. Бір тұрғын үйді сатып алуға бөлінген қаржы көлемі 9 млн 600 мың теңге. Қазір жеке кәсіпкер-мердігерлер құрылысты бастап кетті. Бүгінде он бес тұрғын үйдің қабырғасы қаланып, жиырма үйдің іргетасы құйылды. Қазан айына дейін толық бітіру жоспарланған.

Жалағаш кентінде демеушілер есебінен 99,7 млн теңгені құрайтын 6 жоба басталды. Аталған жұмыстар кент келбетін арттырып, жол жайын жақсартуға бағытталған. Тарқатып айтар болсақ, Өмірбай шешен көшесінің І.Қабылов пен С.Қалыбаев көшелері аралығындағы жолға, Абай және Сәрке батыр тұйығына, Қ.Сәтпаев көшесіне тас төселеді. Бұған қосымша Желтоқсан көшесі №3 мекен-жайындағы ғимарат шатырын жөндеу басталды. Аудан орталығындағы М.Шәменов, Т.Жүргенов, Қ.Нұрпейісов, Т.Қыстаубаев, А.Ізтілеуова, Төле би, Мысық би, І.Нүркенов, Н.Әпрезов, И.Панфилов көшелерін жарықтандыру жұмыстарына да жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.

Демеушілер есебінен жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың бірі – Дәуімбай елді мекеніндегі 120 орындық мешіт құрылысы. Құны 80 млн теңгені құрайтын жаңа мешіт биыл қыркүйекте пайдалануға берілмек.

«Көгілдір отын» қуанышы

Жалағаштың орталығына «көгілдір отын» кіргелі тұрмыс жағдайы көп жеңілдеді. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Шын мәнінде, табиғи газды тұтыну тұрмысты ғана жеңілдетіп қоймай, экологиялық ахуалдың түзелуіне, нақтырақ айтсақ, табиғат байлығының сақталуына оң әсерін тигізері анық.

Жалпы ауданды газдандыру жұмыстары 2019 жылы бастау алып, орталықтандырылған газ желісі 2021 жылы пайдалануға берілді. Әлі де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Тек кенттің іші ғана емес, алдағы уақытта ауданға қарасты барлық ауылдарға газ апару көзделген. Әзірге аудан орталығына жақын орналасқан елді мекендер ғана табиғи газбен қамтылмақшы. Бұл жұмыстарға бюджеттен 65,5 млн теңге бөлініп, 4 жоба басталмақ. Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, мердігер мекемелер анықталған. Жақын арада «көгілдір отынның» игілігіне қол жеткізетіндердің қатарында «Наркескен» спорт клубы, аудандық кітапхана, аудан іргесіндегі Ақсу мен М.Шәменов елді мекендері бар. Ауданға қарасты басқа да елді мекендерге табиғи газ тарту жұмыстары жалғасын табады. Демек, ауылдағы ағайынның табиғи газ игілігін көретін күні алыс емес деген сөз.

Басты мақсат – межеден шығу

Жалағаш ауданындағы мал өсіріп, егін еккен бейнеткеш жұрттың жұмыс нәтижесі де жаман емес. Жыл сайын бақша дақылдарын өсіріп, күріштен мол өнім жинайтын жалағаштықтар төрт түліктің де санын көбейтіп жүр. Қазір ауданда 40663 ірі қара, 25 мыңға жуық жылқы, 800-ден астам түйе және 45433 бас уақ мал тіркелген.

Биыл аудан бойынша 37 мың гектардан астам жерге егін егілді, 19800 гектар жер күрішке тиесілі болса, қалғаны бидай, қант құмайы, арпа, мақсары, жүгері, сұлы, қант қызылшасы, жоңышқа, картоп пен көкөніс және бақша дақылдарына арналған.

Қуанарлығы, Жалағаш Сыр салысынан мол өнім алуда жылда рекорд жаңартып жүр. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің табанды тірлігінің нәтижесі. Озық технологияларды пайдалану  ауыл шаруашылығы саласына тың серпін берумен қатар саладағы еңбек өнімділігін де арттырып отыр. Диқан қауым жоспарды кем орындамау үшін биыл да белгілі межеден шығуды мақсат еткен.

Әрине, мол өнім алу үшін су жеткілікті болуы қажет. Су тапшылығын болдырмау үшін облыстық бюджеттен 82,6 млн теңге қаржы қаралған. Бұған екі жоба іске аспақ. Бірі – Жаңаталап елді мекеніндегі үш техникалық су ұңғымасын, екіншісі – Қаракеткен ауылындағы екі техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмысы.

Су тапшылығы кезінде аудандағы шаруашылықтар насос қондырғыларын пайдалану арқылы егінді суарып отыр. Қазір олар 24 дана су тартқыш насосты пайдалануда, оның ішінде 8 данасы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесінен берілген. Қалған 16 насос қондырғысын шаруашылықтар өз қаржысына алыпты.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданда тұрғындарға 500 гектар жер дайындалған. Бүгінде 921 отбасы 217 гектардан астам картоп, 63 гектар көкөніс, 220 гектарға жуық  бақша дақылдарын егіп, күтіп-баптауда.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жалағаш ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<