Жаңа бизнес бастамалар жүзеге асады

983

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Тілешев өңірдегі бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесті. Жиында кәсіпкерлердің жаңа жобалары талқыланып, бизнес бастау барысында туындаған мәселелердің шешу жолдары қарастырылды.

Шараны «Байқоңыр» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Нұрланбаев жүргізді. Кәсіп­керлерді қолдау мақсатында, мемлекеттік орган, қаржы инс­титуттары өкілдерінің қа­тысуымен мұндай фор­маттағы жиын алғаш рет өткізілді. Кеңес төрағасының айтуынша, кәсіпкерлердің қаржы мәсе­лелерін шешу, көмек көрсету мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ жанынан құрылған арнайы алаңда тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылмақ.

Жиында 10-нан астам кәсіпкер бизнес жобасының презентациясымен таныстырып, туындаған мәселелерді жеткізді. Айталық, алдағы уақытта Арал ауданында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндірісі құрылады. Жобаның бастамашысы «Qazaq Camel» серіктестігі дайын өнімді экспортқа шығармақ. Серіктестік директоры Нугурбек Абулгазинов бұл бастама түйе сүті өндірісін дамытуға әсер етіп, халықты жұмыспен қамтуға үлес қосатынын атап айтты. Сондай-ақ, жобаның қаржыландыру барысы туралы сөз қозғап, өндіріс орны Аралдағы индустриалды аймақта орналасатынын, негізгі нысан салынып біткенін жеткізді.

Кездесуде жылыжай өн­дірісін құруды жоспарлаған Ғани Алматов, гендік-ин­же­нерлік ақуызды өндіру бойынша «Bildix» ЖШС директоры Ерден Эрик, жұмыртқа бағытындағы тауық өсіру бойынша «Мөлдір и К» ЖШС директоры Насыр Мырзабеков жобаларын таныс­тырды.

«Мөлдір и К» серіктестігі бүгінде Шиелі нарығына жұмыртқа шығаруда.

–    2016 жылдан бас­тап өнді­ріске қажетті екі цех сал­дық. Бүгінде цехтар жұмыс істеп тұр, онда 20 мың бас тауық және балапан бар. Ал, бір күндік балапанды Талдықорғаннан жеткізудеміз, – деген Насыр Мырзабеков  жұмыртқа қолдан жиналатынын, сұрыптайтын арнайы құрылғылар жоқ екенін атап айтты. Кәсіпті әрі қарай жүргізу үшін 10 мың бас тауыққа тағы да цех соғу керек. Сондықтан қаржылай қолдау қажет екендігін, тауыққа берілетін құрама жемді де сырттан әкелетінін жеткізді.

Жаңақорған ауданында ірі қара өсірумен және борда­қы­лаумен айналысатын «Бекарыс Агрофуд» ЖШС енді қой өсірумен де айналыспақ. Директоры Серік Мырзабаев кәсібін жаңа бағытта дамытқысы келетінін, оған  қажетті қаржы көлемін айтты. Облыс әкімінің орынбасары жобаға қолдау танытып, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы қажетті қаржы берілетінін жеткізді.

Жиында сусын, шырын және минералды су өндірісін құру, кондитерлік цех ашу, сауда-логистикалық орталық және автобус бекетін салу бойынша сондай-ақ, тігін цехы, жылыжай ашу, балық шаруашылығы бо­йынша кәсіп бастағысы келетін кәсіпкерлер де жобаларын таныстырды. Бірқатар мәселелер бірден шешімін тапты. Ең бас­тысы, жобалардың көпшілігі іске асса, өңір үшін аса қажетті өндіріс орындары құрылмақ.

Облыс әкімінің орынбасары кәсіпкерлерге кәсіп бастарда барлық шығындар нақты есептеліп, бизнес жоспар тия­нақты жасалу керегін баса айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік органдарға тапсырмалар бе­ріп, қаржы институттарына жан-жақты қолдау көрсету қажет­тігін атап өтті.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<