Нан ауыз тиіңіз!

1461

0

Бүгінде аудандарда кәсіпкерлік саласы кеңейіп келеді. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға көрсетілетін қолдау көп. Бастысы, тұрғындардың еңбекке деген ұмтылысы жоғары. Берекелі істен несібесін айырып жүрген қармақшылық кәсіпкер Әділхан Ерекешов те жақында «Бинұр» наубайханасын іске қосты.

Кәсіпкер «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан» 7 миллион теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізген. Алған қаражатына наубайханаға қажетті нан пісіретін пеш пен нан илейтін қажетті құралдар сатып алды. Қазір наубайханада 6 адам жұмыс істейді және мұнда бөлке, күлше, батон, таба нан мен тәтті тоқаштар пісірілуде. Кәсіпті ас атасы – нанмен байланыстырған Әділхан шынайы еңбектің ырысы мен несібесі мол екеніне сенеді.

– Үйге асығып тұрған кісі келсе, «Ең болмаса, наннан ауыз тиіңіз» дейміз. Бұл – нанның құдіретті ас екендігінің белгісі. «Дастарқанымыздан нан үзілмесін» деген ниетпен наубайхана бизнесімен айналысуға бел будым. Ісім оңға басып келеді. Қуаныштымын. Ең бастысы, мемлекеттің демеуіне ризамын. Бізге кәсіпкер атану үшін психологиялық әзірліктен бастап, бизнес-идеяны таңдау, маркетинг ережелерін игеріп кету оңайға түспес еді, – дейді ол. 

Кәсіпкердің ендігі мақсаты – наубайханасын кеңейтіп, жұмысшы санын көбейтіп, аудан халқын сапалы өніммен қамтамасыз ету. Қазір ол өнімдерін аудандағы 10-нан аса дүкендерге өткізеді. Тірлігі қызу  наубайхананың есігі жабылмайды, кісі аяғы арылмайды. «Ердің атын еңбек шығарады» деп білетін кәсіпкермен әңгімеде оның наубайхана кәсібінен бөлек қосымша темір ұсталығы яғни дәнекерлеумен айналысатынын білдік. Ол темір есік, әткеншек, үй тұрмысына қажетті басқа да заттарды қолдан дәнекерлеп жасайды екен.

 Әділхан жөнін білсең, жұмыстың жаманы жоқ екенін, еңбек еткенге бақыт та басын иетінін түсінеді. Әлем тек еңбекпен ғана жасарып, жаңғырады деп біледі.

М.СНАДИНҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<