Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында қоғам өмірінің барлық саласы бойынша он міндетті нақтылап берді.
Жаңа ғасыр басында төрткүл дүние табиғи қазба байлықтардың сарқыла бастағанын сезді. Мұнай қорының өзі еселеп кеміді. Әлем бойынша өзге де қорлар сарқылып келеді. Бұл – табиғи заңдылық. Демек, адамзат баласы тұтыну тауарларының барлық түрін ауыстыра алатын жаңа көздер іздей бастайды. «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесінде «таза» баламалы энергия мәселесінің қозғалуы – соның жарқын мысалының бірі. Елбасының ішкі мүмкіндіктерді ескере отырып, ұзақ және қысқа мерзімді стратегиялық жоспарларын ұсыну себебін осыдан іздеуіміз керек.
Облыс аумағында «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінде ұсынылған 7 технологияны енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде:
атом өнеркәсібі – 4 технология («Қызылқұм» ЖШС, «РУ-6» ЖШС, «Байкен-U» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС);
экология саласында – 2 технология («Барсакелмес» қорығы, орман шаруашылығы);
тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында – 1 технология (КРЭК).
Қазіргі таңда Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі австриялық «СаниБак» (SunnyBAG) компаниясының пилоттық жоба ретінде Күн сәулесімен қуаттанатын рюкзактарының – 10 данасын (1 данасы 23,4 мың теңге) сатып алып, қызмет барысында пайдалануда. Сонымен қатар, «Барсакелмес» қорығы жануарлардың жүрген жерлерін анықтайтын Англияда шығарылған электронды қарғы-бауларды сатып алуды жоспарлап отыр. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті» тарапынан республикалық бюджеттен 20 қарғыбау сатып алу үшін ҚР Қаржы министрлігіне 2019 жылға тиісті бюджеттік тапсырыс берілді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» «Смард Грид» таза өндіріс технологиясын енгізу мақсатында «Siemens» өкілдігімен 2018 жылдың ақпан айында меморандумға отырды.
Атап өту қажет, жобаны қаржыландыруды Еуразия Даму Банкі арқылы жүргізілу жоспарланған. Осыған орай, техникалық тапсырма әзірленуде (аяқталу мерзімі – ү.ж. қазан айы). Техникалық тапсырма әзірленгеннен кейін, тендерлік процестер басталады. Сонымен қатар, атом өнеркәсібі саласында финдық «Энергия үнемдеу жүйесі» жобасын жүзеге асыру мақсатында 2017 жылдың 7 желтоқсанда «РУ-6» ЖШС мен алматылық «Дельта ЭНГ» (Delta Eng) компаниясы арасында меморандумға қол қойылды.
Бүгінгі күні «Дельта ЭНГ» компаниясы аталған технологияны Қазақстанда қолдану үшін рұқсат-патент алу процестерін жүргізуде. Сондай-ақ, «Байкен-U» ЖШС финдық «Econet» компаниясының «Ағынды суларды кешенді тазалау» технологиясын енгізу мақсатында егжей-текжейлі талдау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бұл технологияның экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуына байланысты енгізуден бас тартты.
«Хорасан» серіктестігі финдық «ПоларСол» (PolarSol) компаниясының «Жылуды интеллектуалды басқару жүйесі» технологиясын сатып алу үшін тиісті келісім жобасы әзірленді. Қазір келісім жобасы екі жақ тараппен қарастырылып жатыр. Мұнан өзге, «Семізбай-U» серіктестігі Гелиоколлекторларды қолданатын гелиоқазандықтарды сатып алып, Иіркөл мен Семізбай кеніштерінде қолдануды жоспарлап отыр. Гелиоқазандықтардың құрылысын жүргізу үшін жоба сметалық құжаттарды дайындауға «ИВТ» серіктестігімен келісімге қол қойылды.
Облыс бойынша мұнай көлемінің азаюына қарамастан, әртараптандыруды қолға алу нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінде өсім 2014 жылдан бері сақталып келеді. Сыр жұртшылығын елеңдеткен жағымды жаңалық шыны зауытының құрылысы да аяқталуға жақындады. Сондай-ақ, кальцийлендірілген сода мен қорғасын-мырыш өндірістерінің құрылысы қолға алынса, тампонажды цемент және шыны зауыттары іске қосылмақ. Балық өңдеуде де жаңа технологиялар қолданылады.
Жаңа инновациялық технологияларды елге әкелу мен тәжірибе алмасу мақсатында жыл басынан бері 16 роуд-шоу ұйымдастырылды. Соның негізінде аймақта шет елдерге 7 сапар ұйымдастырылып, біздің облысқа 9 мәрте шетелдік өкілдер келді.
Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау бағытында ІІІ халықаралық интернет-форум өтті. Оған Ресей, Қытай, Беларусь, Татарстан елдерінің білікті сарапшылары қатысып, өз ой-тәжірибелерін ортаға салды.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2018 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 106,2 млрд теңге болып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ке өсті. Оның ішінде индустриялық жобаларды (шыны, цемент, балық өңдеу зауыттары) іске асыру нәтижесінде өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 10,2 млрд теңге құрап, бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,8 есеге ұлғайды.
Сыртқы инвестицияның көлемі 32,0 млрд теңге болса, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,8 есеге өсті (2017 жылғы 7 айы – 17,2 млрд теңге). Осы жылдың қараша айында дәстүрге айналған Халықаралық Х «Байқоңыр-Инвест» инвестициялық форумын өткізу жоспарда тұр.
Елбасы Жолдауда «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керектігін баса атап өткені белгілі. Мұның алғышарттары бүгіннен жасалып жатыр. Мемлекеттік «Цифрлық Қазақстан» және «Smart city» тұжырымдамасы аясында үстіміздегі жылға жоспарланған 50 жобаның 37-сі іске асырылады. Оның құны 2,4 млрд теңгені құрайды. Бұған қоса Қызылорда облысы «Ақылды бағыт» жобасы бойынша пилоттық аймақ ретінде таңдалып алынып отыр.
Ринат СҰЛТАНГЕРЕЕВ,
облыстық индустриялық-инновациялық
даму басқармасының
басшысы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<