Жолдау және міндеттердің жүзеге асуы

1339

0

Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында жарияланды. Маңызды саяси құжатта ел дамуының бүгінгі міндеттері жан-жақты сарапталып, негізгі бағыттары айқындалды. Өткен жыл бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстанға да оңай тимеді. Пандемия салдары экономиканы әлсіретті. Етек-жеңімізді енді жиып жатқан жағдайымыз бар. Биылғы жылдың ерекшелігі, жаңа уақытқа жаңа талаппен келген сыңайымыз байқалады.

Қазір жыл аяғы таяп қалды. Экономика өсімі 2021 жылы 3 проценттен астам болады деп күтілуде. Әртүрлі саяси дағдарыстарға қарамастан, Қазақстанның ішкі жалпы өнімі Президент Жолдауда айтқан меже бойынша өсетін болады. Дегенмен, әлемдік сарапшылар әртүрлі болжам айтуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отырғанын, Тәуелсіздік біздің ең қастерлі құндылығымыз екенін айтты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болғанымызды атап көрсетті. 

Иә, жетістіктер бар. Бізден оны ешкім тартып алмайды. Алайда Жолдауда мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселелерге тоқтады. Оның бірі инфляцияға, яғни біздің күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге тікелей ықпал жасайтын макроэкономикалық мәселеге қатысты.

Біз жылдар бойы теңгенің құнсыздануын қалыпты құбылыс ретінде қабылдайтын болдық. 2020 жылғы наурыз айынан теңге АҚШ долларымен салыстырғанда ә дегеннен бестің біріндей құнсызданғанын білеміз. Бұл жағдайға халық түсіністікпен қарады. Себебі ол әлемдік коронавирус дағдарысына байланысты болады. Сонан бері тыныш едік.

Кешегі қараша айының соңында доллармен салыстырғанда теңге біршама құнсызданды. Оның себебін сарапшылар әртүрлі жағдаймен түсіндіруде. Баспасөзге берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ә.Молдабекованың атап көрсеткеніндей, соңғы күндері теңге-доллар сауда-саттық көлемінің бір күн ішінде, яғни, 2 желтоқсанда 290 млн долларға жетуі 2020 жылғы сәуірден бастап рекордтық деңгей болып саналады. Қысқасы, теңге-доллар саудасы ә дегеннен көтерілді. Шенеунік мұны әлемде «Омикрон» штаммының таралуына қатысты алаңдаушылықтың артуымен бірге келген мұнай бағасының күрт құлдырауымен түсіндіреді. Атап айтқанда, Брент мұнайы бір баррель үшін 70 доллардан төмен түскен.

Бір жағынан сарапшының бұл пікірімен келісуге болатын сыңайлы. Бірақ кейде теңгенің мұнай бағасының кез келген жағдайында құлдырауы мүмкін екенін біз жақсы білеміз. Өйткені жылдар бойы үйреншікті құбылыс жалғасып келеді. Көпшілікке мәлім, осыдан біршама уақыт бұрын әлемде мұнай өндірісін реттеп отыратын ОПЕК+ ұйымы өзара мәмілеге келіп, өнім көлемін төмендетуге уағдаласқан еді. Ол тиісті нәтижеге жеткізді. Осыдан төрт-бес ай бұрын мұнай бағасы көтерілді. Баға тіпті 80 доллардан асып кетті. Бұл бір жағынан әлем экономикасының тоқыраудан шығып қалыпқа түсуін білдіреді. Соңғы уақытта мұнай бағасы қайта төмендей бастады. Мұны сарапшылар АҚШ және басқа да ірі мемлекеттердің өз еліндегі мұнай резервін нарыққа шығарумен түсіндіреді. Нақты айтқанда, АҚШ президенті Джо Байден қарашаның соңында өзінің стратегиялық қорынан 50 млн баррельді нарыққа шығаратынын мәлімдеді. Блумберг агенттігінің мәліметінше, Үндістан 5 млн баррельді сатуға шығаруға ұйғарым жасады. Осыған сәйкес Жапония, Оңтүстік Корея өнім көлемін арттыру үшін өз қорларын сатуға шығармақшы. Алып Қытай да осындай ұстанымда.

Сарапшылардың атап көрсеткеніндей, АҚШ-тың шешімі нарыққа айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Демек, баға төмендейді. Біздің пайымдауымызша, теңгенің құлдырауына ең басты себепші осы жағдай.

Ұлттық валюталар құны төмендеуде. Осыдан бұрынғы газет нөмірінде біз Түркия лирасының төмендеуі туралы айтқан болатынбыз. Сол сияқты Ресей рублінің құны  соңғы уақытта төмендей бастады. Бірқатар сарапшылар АҚШ-тың стратегиялық мұнай қорынан қосымша өнімнің нарыққа шығарылуы бағаға пәлендей әсер ете қоймайды дегенді білдіреді. Сонымен бірге бұл шешімді экономикадан гөрі саясатты көздейтін құйтырқылық әрекет деп бағалайтындар бар. Ресейдің басты экспорты – газ төңірегінде күз айларынан бері  үлкен саяси тартыстардың жүріп жатқанын ескерсек, АҚШ президенті шешімінің астарында саясат жатуы әбден мүмкін деген ойға келуге болады.

Сонымен әлемде үлкен саяси тартыс жүріп жатыр. Ал саяси тартыстың әлемдік мұнай бағасын айналып өтуі тағы мүмкін емес. Теңге қаншалықты деңгейде құлдырайды? Оның бағамын интервенция арқылы белгілі бір шекте ұстап тұруға бюджеттің шамасы қаншалықты қауқарлы? Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе екенін атап өткіміз келеді.

Президент Жолдауда инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келгенін атап көрсетті. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау Президенттің пайымдауынша, ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді.

Әлемде осындай үрдіс белең алды. Мұны жасыруға болмайды. Алайда нарыққа тасталған көп ақша инфляция үдерісін өсіргені рас. Пандемия кезінде дағдарысқа қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға Президент пәрменімен 6,3 трлн теңге бөлінді.

Мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Бүгінгі Қазақстанның көрінісі нақ осындай екенін мойындауға болады.

Мемлекет басшысы пандемия жағдайында жасалған жұмыстарға тоқталды. Мемлекет азаматтарға, кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ, 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңгеге жетті. Осының барлығы сонау тәуелсіздіктің алғашқы он жылында қалыптасқан еліміздегі Ұлттық қордың арқасында мүмкін болғанын атап көрсетті.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді.

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты. Шынын айту керек, осынау әлеуметтік қолдау елімізде бірқатар күмәнді ойларға қарамастан сәтті жүзеге асырылды. Алдымен тұрғын үй нарығы біршама қымбаттағанымен, қазір жалақының өсуі бойынша баға тұрақталды. Бір шындық бар. Жуырда мемлекет басшысы құзырлы органдарға аталған іс-шараны әрі қарай жалғастыру керектігін айтқан еді. Алайда бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығы қордан алатын ақшаның жеткілікті мөлшерін екі есе өсіргеннен оны көпшіліктің иелену мүмкіндігі шектелді. Ол халық тарапынан нарызылық туғызды. Президент осыған орай зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану мүмкіндігін 2022 жылдың сәуір айына дейін ұзартты. Бұл, сайып келгенде, мемлекет басшысының өз Жолдауында айтылған мәселені шегіне дейін жеткізу мақсатын көздейді.

Президенттің айтуынша, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе бойынша шешімдер топтамасын әзірлеу керек. Әңгіме бұл жерде екінші деңгейдегі банктердің шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайтыны жөнінде болып отыр. Ең бастысы, Президент ендігі жерде мемлекет банкирлерге көмектеспеуге шешім қабылдағанын атап көрсетті. Осының барлығы,  біздіңше, макроэкономиканың маңызды буыны – инфляцияның тежелуіне ықпал жасайды.

Алынып отырған тақырыптың, яғни макроэкономиканың өндірісті өркендетуге тікелей ықпалы бар. Бір атап өтерлігі, Жолдауда экономиканың өзекті деген салаларының дами бастағаны аталды. Айталық, индустрияландыру жүзеге асырылып жатқан 10 жыл ішінде тұңғыш рет өңдеу өнеркәсібінің экономиканы дамытуға қосқан үлесі тау-кен өндірісі саласынан асып түсті. Бұл біздің алдағы уақытта шикізат шылауынан арылуымызға мүмкіндік беретін басты тетік болып табылады.

Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, Қазақстанда шикізат тәуелділігінен арылу бойынша басым бағытта жұмыстар атқарылуда. Нәтиже айқын. Мысалы, орта мерзімдегі мақсатымыз бойынша 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспорты 1,5 есе өсіп, ол 24 миллиард долларға жететін болады. Ал, еңбек өнімділігін 30% арттыру көзделіп отыр. Осының барлығы дамыған Еуропаның орташа көрсеткіштеріне жетуге мүмкіндік береді.

2021 жыл аяқталып келеді. Әлемдегі саясат күрделі сипатты бастан өткеруде. Соңғы жылдары әлемдік ұлы державалардың өзара текетіресі қалыптасқан теңгерімді бұзуға әкеп соқты. Осының барлығы ақшаның құнсыздануына ықпал жасады. Дегенмен, мемлекет басшысы дағдарыс кезінде, одан кейін де ұлттық қордан қаржы бөліп, халықтың тұрмыс деңгейін төмендетпеуге, макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақтануына игі ықпалын жасады.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<