«Дала жұмысында жүрсем демаламын»

295

0

Еңбек адамы қашанда абыройға кенеледі. Өйткені, төккен тер өтеусіз қалмайды. Адал еңбек ешқашан құндылығын жоймақ емес. Бұл – «Агро-Өркен» ЖШС мекемесінің жүргізушісі Жеңіс Қошқарбаевтың пікірі. Қазір шаруашылық қарқынды жұмыс үстінде.

Ол осы ұжымда ұзақ жылдан бері табанды еңбек етіп келеді. Айтуынша, мектеп бітіргеннен бастап техника руліне отырған. Өзіне берілген жұмысты абыройсыз аяқтаған емес. Еңбегі еленіп, 2017 жылы шаруашылықта үздік атанып, машина мінді. 2018 жылы «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Майталман маманның қазір Сәтжан есімді ұлы өзі секілді шаруашылық жұмысына ширығып келеді.

Бүгінде егістік алқабында дән себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаз бойы бапталатын егінді қамбаға құйып алу – диқанның парызы.

– Бұл жерде ең бірінші, жұмысқа деген жауапкершілік талап етіледі. Уақытпен санаспай егінді дер шағында сеуіп бітіру керек. Көпшілікпен бірге еңбек ету көңілімді жадыратады. Жалақымыз тұрақты, жағдайымыз жақсы. Дала жұмысында жүрсем демаламын, – дейді ол.

Айта кетейік, «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 1663 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егуде. Оның ішінде, 720 гектар күріш, 487 гектар ескі жоңышқа, 296 гектар жаңа жоңышқа, 160 гектар бидай бар. Шаруашылық 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жауапты науқандарда адам саны арта түседі.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<