«Ең қиын сәтте көмекке келеміз»

227

0

Бұл – «Апаттар медицинасы орталығы» Әйтеке би трассалық медициналық құтқару пунктінің фельдшері Бақытжан Ықыласовтың айтқаны.

Бетін әрмен қылсын, адам баласына ең қиын сәт – өміріне қауіп төнген уақыт. Көбіне жол-көлік оқиғасында болатын қиындықтар кезінде адам жанынан табылатындардың бірі – медицина мамандары.  Өз мамандығын жүрегімен жақсы көріп, жауапкершілігін толық сезіне білетін мамандар мұндайда құстай ұшып, оқиға орнына жетеді. 

Бақытжан Ықыласов – өз саласының білікті маманы. Қызылорда медициналық училищесін аяқтаған соң мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Сол кезеңнен 2014 жылға дейін Қызылорда қалалық жедел жәрдем станциясында еңбек етеді. Бүгінде «Апаттар медицинасы орталығы» Әйтеке би трассалық-медициналық құтқару пунктінде қызмет атқарып келеді.

Осы он жыл аралығында  жылдың төрт мезгілінде жол бойынан түскен түрлі шақыртуға уақыт ұттырмай дер кезінде барып, көмек қолын созып жүр.

– Пункте бес адам жұмыс істейді. Жұмыс кестесіне келетін болсақ, 15 күн ауысыммен қызмет атқарамыз. Қызмет көрсету аймағы – «Самара-Шымкент» трассасының 1472 шақырымы. Нақты атап айтар болсам, Қазалы ауданынан Қызылорда қаласына қарай 50 шақырым және Арал ауданына қарай 50 шақырым қашықтықта кез келген шақыруға барамыз. Апаттар медицинасын көбінесе жедел жәрдем деп шатасып жатады, бірақ, олай емес. Апаттар медицинасы дәрігері, ең алдымен ұйымдастырушы және үйлестіруші. Біздің бригада кез келген уақытта дайын тұрады. Жұмыс барысында бойымыздағы барлық эмоцияны ұстай білуіміз керек. Өйткені жарақат алғандар арасында жас балалар, жүкті әйелдер және қарт адамдар болуы мүмкін. Солардың жағдайын бірінші орынға қойып, өмірін аман алып қалуға жұмыс жасаймыз. Бұл – біздің қағидамыз, – дейді ол өз сөзінде.

Бүгінде «Апаттар медицинасы орталығы» еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу біле бермес. Ал ондағы мамандар жауапкершілік жүгі оңай емес екенін жүрегімен ұғынып түйсінеді. Кез келген жағдайға дайын болу үшін үнемі жаттығудан өтіп, біліктілігін арттырып отырады.

Сала мамандары жарылыс, апат немесе зиянды заттар мен газдан улану жағдайында алғы шепте жүреді. Мұндайда сабырлық танытып, шұғыл әрекет жасай білуі шарт. Себебі, мамандар кәсібилігіне көп нәрсе байланысты.

Иә, қай мамандықтың болсын өзіне тән қиыншылығы мен қызықшылығы болады. Антына адал азамат адам өміріне араша түскен сәттерінде өз жұмысына іштей риза болып, қашанда жолаушылар амандығын тілейді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<