Механизатор

636

0

Қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына келгені белгілі. Осы сапарда Президент ең алдымен, Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылының тіршілігімен танысты. Былтыр ғана бой көтерген елді мекен ішіндегі «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен жүздесіп, Қазақстанның өркендеуі жолында ауызбіршілік танытып, еңбек етуге шақырды.

Сол кездесуде Қасым-Жомарт Кемелұлы «Шын мәнінде, еңбек адамдары халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен сіздерді қолдаймын» деген еді.

Н.Ілиясов ауылында Президентпен кездескен еңбек адамдарының арасында жастар да болды. Соның бірі – Шаған ауылының тұрғыны Айбек Уәлиев. 25 жастағы жігіт өз ауылындағы «Шаған Жер» ЖШС-да механизатор болып еңбек етеді.

– Бұл кездесу маған үлкен қанат бітірді десем болады. Әсіресе, Мемлекет басшысы жастарымыздың еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек екенін және оларға әрқашан қолдау көрсетілетінін атап өтті. Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалатынын, сондай-ақ кәсіпкерлерді ауылды қолдауға шақыратынын жеткізді. Расымен, қазір ерінбесең, талаптансаң, ауыл ішінде де көп жетістікке жетуге болады. Мен жоғары оқу орнын бітіргелі туған ауылым – Шағандамын. Шаруашылықта механизатор болып, күзде комбайн жүргіземін. Ал көктем басталысымен трактор руліне отырып, жер жырту жұмысына қатысамын. Осылайша туған еліме титтей болса да қолғабыс тигізгеніме қуанамын, – дейді ол.

Айбек 2015 жылы мектеп бітіріп, Қорқыт ата атындағы университеттің «Аграрлық техника және технологиялар» мамандығы бойынша білім алған. Нағыз ауыл шаруашылығына керекті кәсіпті меңгерген оны өз ұжымы да мақтан тұтады.

– Айбек шаруашылықта 4 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өз ісіне тиянақты. Жауапкершілікке мығым. Егін егу немесе жинау маусымында өзіне жүктелген міндетті толығымен орындап келеді. Өз басым келешекте осындай жас жігіттерден көп үміт күтемін. Жалпы біздің серіктестікте кейінгі жылда жастар қатары көбейіп келеді. Бұрынғыдай емес, қазір ауыл шаруашылығы саласына олардың қызығушылығы бар. Әсіресе, күріш егуге, техникаға бейімделіп, трактор, жатка, комбайн жүргізуді үйренгісі келетіндер жеткілікті. Биыл біз 11 адамды Қызылорда қаласындағы И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық колледжге оқуға түсірдік. Оның ішінде агроном, механизатор, веттехник сияқты мамандықтарға баса мән бердік. Алдағы жылы да шаруашылықтағы қызметкерлерді қосымша оқытамыз деген жоспар бар, – дейді «Шаған Жер» ЖШС директоры Жеңісбек Сыздықов.

Расымен де өзгелердей емес, өз ауылына оралып, туған жерді түлетуге атсалысқан Айбектей азаматтың мұндай құрметті болуының басты себебі біреу-ақ. Ол – еңбек. Ал еңбек адамын құрмет тұту үзілмес үрдіске айналуы тиіс.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<