Өткел кезекшісі

413

0

Қаланың басты теміржол өткеліне жеткенде бағдаршамның қызыл жарығы бір жанып, бір сөніп, сигнализация қоңырауы шырылдап, безілдеп тұр екен. «Тоқта» деген белгіге қарамай өтіп кетпекші болып, жанталаса ұмтылғандар бар. Шлагбаум түсірілгенін көрмеген де сияқты. Не де болса, пойыздан бұрын өтіп кетпекші. Осы бір сәтте теміржол өткелінің қос қабатты будкасының сатысынан жүгіріп түскен сары жилетка (теміржол формасы) киген, қолында ала таяғы бар, толықша келген жігіт ағасы әлгілердің алдына шығып:

– Ағайын, тоқтаңыздар! Пойыз келе жатыр, рельстен қашығырақ тұруларыңызды өтінемін, – деген сыпайы сөзімен оларды тоқтатып тастады.

Көзді ашып-жұмғанша «Сексеуіл» жақтан сағатына 70-80 шақырыммен келген жүк пойызы тарсыл-гүрсіл өтіп жатты. Оның үстіне «Арал теңізі» теміржол стансасы жағынан қарама-қарсы шыққан (екінші жолға) жүк пойызы да кимелей, екпіндеп жүйткіп өтпесі бар ма?! «Сақтансаң, сақтаймын» деген. Егер әлгі топ апыл-ғұпыл өтіп кетеміз ғой деп, бірін-бірі итермелеп, асып-сасқан күйі өткелдің жанындағы жүргіншілерге арналған тақтай жолда сүрініп кетіп, құласа не болар еді?! Міне, осындай эпизодты көзіммен көрген соң сары жилетті жігіт ағасын журналистік қызығушылығыммен сөзге тартқым келген. Бұрыннан таныс адамым болып шықты. Аты-жөні Оңберген Жалғасұлы Әлсейітов.

– Қызметім қала ортасындағы мекемеде болғандықтан, «жеті тарау» аталып кеткен теміржол рельстерінен өтемін. Кейде жағалай жүремін. Сонда сені бригададағы әріптестеріңмен тұйық жолдарда болмаса күре теміржолдың өзінде шпал ауыстырып салып жатқаныңды талай көргенмін. Кейінгі жылдары арагідік осы өткелде будканың жанында жүресің. Уақытша біреудің орнында тұрған шығар деп ойлайтынмын. Бұным рас па? – дедім.

– Дұрыс айтасың! Бізді, теміржолдың қай саласында болсын, жұмысшы-қызметкерлерді жыл сайын Қазалыда дәрігерлік байқаудан өткізіп тұрады. Сондай байқаулардың бірінде аяғымды дұрыс баса алмай тұрғанымды көріп, дәрігер «аяғың ауырады ғой, неге айтпай тұрсың?» деді. Қалай дәл біліп тұр. Біреулердің «көп жүрсең, жазылады» дегеніне сенгенмін деп шынымды айттым. Ол «болмайды, асқындырып аласың, ауруханаға жатып емделесің» деп қағазын жаза бастады. Бұл 2016 жыл еді. Ем-домын алғаннан кейін жұмысыма қайта қосылып кеттім. Әріптестерім, жол жөндеушілер арасында аяғымның ауырғанын білдірмей, жеңіл-желпі жұмыстар атқарып көріп едім, болмады. Содан дәрігерге көрініп, тағы да ауруханаға жатып емделдім. Ауырған аяғым бұрынғыдай емес, икемделе бастады. Сонда да болса басшымыз, жол жөндеушілердің мастері Нағашыбай Сандыбеков бір күні «Оңберген, сен өзіңді де, жол жөндеуші жолдастарыңды да қинама, дәрігеріңнің берген анықтамасына сәйкес жұмыс орныңды ауыстырсам қайтеді» деді. «Қай жаққа» деппін мәнісіне түсінбей. «Қай жақ емес, «бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» дегендей, өзіміздің мекеменің жұмысы – теміржол өткеліне, кезекшілікке. «Бұрын да бұл жұмысты істегенмін, білемін. Жарайды, барсам барайын» деп келісімімді бердім. Мінекей, содан бері 7 жылдың жүзі болды, осы жұмысымды да абыройлы атқарып келемін, – деді.

Бұдан кейін Оңберген теміржол өткелінің будкасында отыратын орнын көрсетті. Тап-тамаша. Аядай бөлменің жарығы жарқырап тұр. Жоғалған инеңді тауып алатындай. Электр пеш қосулы, жып-жылы. Телефон дейсің бе, рация дейсің бе, тіпті ауқатыңды сақтайтын тоңазытқыш та бір бұрышына орналасқан. Жалпы қолайлы жағдай жасалған орын екен. Будканың үш қапталы әйнектен.

– Келе жатқан, өтіп жатқан машиналар легі, әрі-бері өткен жүргіншілер ап-анық көрінеді екен, – дедім. Күлді.

– Жақсысы жақсы ғой, бірақ жан-жағыңа алаңдаумен өткізетін бізге таңсық емес. Көбіне сыртқа шығып, көзбен көргенге жетпейді.

– Қанша адам істейсіңдер?

– Үш ауысыммен, төрт кезекші.

– Еңбектерің жемісті болсын!

Өткел кезекшісі Оңберген Әлсейітов әкесіне қолғабыс етіп, өзі туып-өскен разъезде теміржолда жол жөндеуші болып жұмысқа орналасқан. Көп ұзамай, 1980 жылы станса кезекшісі қызметіне ауысады. Арал қаласына қоныс аударған соң  «Арал теңізі» теміржол станса жанындағы 4-айналым (қазір 17-айналым «ПЧ-17») мекемесіне жол жөндеуші болып жұмысқа орналасады. Міне, содан бері осы «ПЧ-17» мекемесінде еңбек етіп келеді. Өндірістен қол үзбей жүріп, Ақтөбе теміржол колледжін сырттай 2002 жылы бітіріп, диплом алады. Абыройсыз емес, стансаға қарайтын оннан астам, атап айтқанда «Аралрыбпром» өндірістік бірлестігі, кеме жөндеу зауыты, астық өнімдерін тарату базасы, «Қазсельхозтехника», мұнай базасы сияқты мекемелерге тартылған тұйық теміржолдардағы жөндеу жұмыстарында қолтаңбасы қалды. Осы еңбегі ескеріліп, талай рет Алғыс хаттар, грамоталармен марапатталған. Жұбайы Фатима Азижанқызымен бас қосқанына осы жылдың сәуір айында 38 жыл толды, 3 ұлын ұяға, 1 қызын қияға қондырып, немере сүйген бақытты әке. Мұның барлығы – өнегелі өмірінің, еңбеккештігінің боямасыз айқын көрінісі.

Амангелді ӨТКЕЛБАЕВ,

ардагер-журналист.

Арал қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<