Сексен бесінші көктем

830

0

Әбдірахманның жастық шағы қала іргесіндегі Абай ауылында өтті. Әскери борышын сонау Сахалинде өтеді. Бурят жеріндегі авиация училищесінде курсант болды. Әскери сержант шенін иеленіп, туған жерге оралды. Жұмыс таңдаған жоқ. Бесаспап механизатор, комбайнер-жаткист болды. Абырой-атақтан, мақтаудан кенде болған жоқ. Бүгінгі әңгімеде ардагер Әбдірахман Сағындықов жайында сөз қозғауды парыз тұттық.

Әлгі әзірде туған жері Абай ауылынан оралды. Қатарластары сиреп қалғанын әңгімелеп отыр. Бір кездері Абай ауылының күріш өсіруден даңқы аспандап тұрған-ды. Ғани Жиенбаев, Бәйімбет Шаханов, Нартай Әбуов, Сәнуар Сарбасов ел басқарған жылдары жүз мыңдықтар қатарынан орын алып, көшпелі «Қызыл туды» қолдан түсірмеген жылдарды еске алды. Жүйткіген уақыт-ай! Сексен бесінші көктемнің де жақындап қалғанын қарашы…

Иә, Әбдірахман Сағындықов жақында сексен беске толды. Ауылдастары қоғадай жапырылып, ыстық ықыластарын білдірді, мерейтойын дүркіретіп өткізді. Ауылдасы Аманкелді Дәрменбаев төгілте сөйледі. Еңбекке шыныққан Әбдірахманның еңбексүйгіштігін, бауырмалдығын айтып, жұртты бір серпілтіп тастады. Шымкенттен ат арыта келген құда-жегжаттарының сый-сыяпаты бөлек болды. Немере-шөберелері гүл шоқтарын төкті.

Сонау 1972 жылдың қоңыр күзі еді. Бірінші хатшы Еламан Жүнісбаев «Тауық», «Алтынбай», «Ешпан» учаскелеріндегі күріштікті аралап, еңбеккерлердің тынымсыз еңбегіне сүйсінгені бар. Хатшы «Ешпандағы» күріштікте  комбайнды дөнгелетіп, дәнді тасқындатып жатқан жігітке бұрылады.

– Айналайын, атың кім? – деді хатшы.

– Мен комбайнер Әбдірахман Сағындықов боламын, аға!

– Күніне қанша астық бастырып жүрсің?

– Күніне 44 бункер! Жаткіге шықсам, күніне 10 гектар!

Хатшы риза болып, жас жігітті арқасынан қақты. Қатарластарының көрсеткішіне зер салды. Көбісі күніне 10-15 бункерден асырмайды екен. Ал Әбдірахман Сағындықовтың көрсеткіші – күніне 44 бункер! «Неткен керемет еңбек!» деп хатшы сүйсінді.  Басшының ықыласынан соң оның тасы өрге домалай берді. Ауданда аты дүркіреп шыға бастады. Астық тапсырудың аяқталар салтанатына құрметпен шақырылды. «Еңбек Қызыл ту» орденін омырауына тақты. Бірінші хатшы Е.Жүнісбаев мінбеге көтерілді.

– Абай кеңшарының механизаторы Әбдірахман Сағындықов пен машина-сынау стансасының күрішшісі Амангелді Ахметовке «Москвич» автокөлігін сыйға тартамыз. Бұл екеуі – лайықты жүлдегер! Елді сүйсінткен нағыз азаматтар! – деді.

Хатшы сөзі жұртты дүр сілкіндірді. «Лайықты  сыйлық. Бұлар – лайықты жүлдегерлер!» деген дауыс тұс-тұстан көкке көтеріліп жатты.

Абай ауылының мақтанышына айналған Әбдірахман Сағындықов бүгін сексен беске шықты. Ұл ұяға, қыз қияға қонған.

– Арманым жоқ. Аз жас емес. Ұлым Асылбектің, келінім Шолпанның қолындамын, 6 қыз, 2 ұл өсірдім, 25 немере, 27 шөбере сүйдім. Бұдан бірер жыл бұрын асыл жарым Ұлдана дүние салды. Өкінішім осы ғана, – деп көзінен тамған жасты орамалымен қайта-қайта сүрте берді. Бәрін ұмыттыратын, қуат сыйлайтын Асқар, Гүлмира, Эльвира бастаған немерелер, шөберелер.

Асқар таудай көш бастаушы әлі қуатты. Қою қара мұртын қырау шалмаған. Ағайынның жиын-тойынан қалмайды. Төрде отырады, ақ батаны жаудырады. Шежіре сөздің көмбесі секілді. Көршілері Пазылхан,  Жеткергенмен сыйластығын әңгімелейді. Шіркін, сыйластық қандай қастерлі еді?!

– Баяғы аты дүркіреп шыққан Абай кеңшары аз-кем тіршілікке көшкен. Егін көлемі де аз. Мыңғыртып жылқы, сиыр өсірген еді. Тауарлы-сүт фермасының ізі жоқ. Осы жағы өкінтеді, – дейді ол.

Еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл ту» орденді абыз ақсақалдың сексен бесінші көктемі құтты болсын!

Қайырбек Мырзахметұлы,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<