Тәжірибе еңбекпен толысады

280

0

Фото: автордан

Нарық заманының сұранысы үсті-үстіне ала берген дипломдар емес екеніне жұмысшы мамандығын таңдаған бүгінгі заман жастарының енді көзі жете бастағандай.

Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің түлегі Қанат Әнафия да өзі таңдап, бітіріп шыққан электр және газбен дәнекерлеуші мамандығын  болашағымен байланыстырғанына еш өкінбейді.

– Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде теориялық білімді өндіріспен ұштастыра отырып алған өмірлік тәжірибемді іс жүзінде пайдаланып жүргеніме де біраз жыл болды. 2014 жылы колледжді тәмамдап шыққаннан кейін, өз шамамды байқағым келіп, жұмыс талғамай шеберлігімді шыңдадым. Дәнекерлеуші атауы айтуға оңай болғанымен, бұл мамандықтың өзіне тән қыр-сырының толып жатқанын, осы мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен, құрыштай шыныққан ағаларымыз ғана білетін шығар, біздің әзір олай мақтануға хақымыз жоқ. Тек тәжірибе жинақтау үстіндеміз десек, бізге берілетін бағаның деңгейі осы болатын шығар. Алайда өмірлік ризық-несібеміздің, бұйыруы мүмкін бақ пен даңқтың даңғыл жолына дәнекерлеуші мамандығының дәнекер болатынынан үміттімін, – дейді ол.

Колледж қабырғасында жүргеннің өзінде-ақ, облыстық «Үздік газбен және электрмен дәнекерлеуші – 2014» байқауының І дәрежелі дипломымен, «Дәнекерлеу ісі» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills Kazakhstan» облыстық іріктеу кезеңінде Алғыс хатпен марапатталған Қанат өткен жылы уақыт тауып, өзі түлеп ұшқан Қазалы аграрлы-техникалық колледжіне табиғи газ кіргізу кезінде алған білімінің қаншалықты кәдеге асқанын жылу құрылғыларын дәнекерлеп беру арқылы дәлелдеп шықты.

Қазіргі таңда Қазалы «Қамқор-Вагон» депосында электргазбен дәнекерлеуші болып, еңбек көрігін қыздырып жүрген жас маманның қанаты қатайып, сүйікті мамандығының жетістігін көріп, жары Гүлсезіммен, ұл-қыздарымен бірге болашағын баянды ететініне сенім мол.

Әлімжан ҚИЯС.

 Қазалы ауданы