Тігін – тұнып тұрған математика

789

0

Ертеден өзінің өміршеңдігін жоймай келе жатқан мамандықтың түрі – тігіншілік. Мұны біреулер өнер десе, енді бірі шығармашылық жұмыс ретінде қарайды. Екеуіне де келісуге болады. Себебі тігін тігу үшін де ептілік, үйлесім, шеберлік, шыдам керек. Қарапайым ғана мысал, түймең түсіп қалса, оны кез-келген адам ине мен жіпті сабақтап іле салады. Бірақ нағыз маманның қолынан шыққан дүние бәрібір көзге әдемі көрініп тұрады.

Сондай қолы алтын шебер Гүлмира  Сариева 1987 жылы тігін фабрикасында алғаш еңбек жолын бастаған. Ол кезде 16 жаста еді. Фабрика қазіргі «Жайна» сауда орталығының ғимаратында болыпты. Онда  дәрігерлерге арналған халат тігілетін. Тоқсаныншы жылдардың басында бұл мекеме жабылып қалды.  Тігінші тұрмысқа шығып, балалы болған кезде де сүйікті ісінен қол үзбейді. Үйде отырып көрпеше, жастық тысын жаңартып, түскен тапсырыстарды орындайды.  Он жылдан астам уақыт «Озық» мекемесінде тігінші болып жұмыс істеді. Арнайы киімдер тігетін мекемеде жақсы жұмыс істегендіктен, шебер дәрежесіне дейін көтеріледі. Оны өңдеп, пішіп, одан қолғап, бас киім тігеді. Теріні арнайы «Скорняк» деген машинамен тікпесе, қатты болғандықтан икемдеу оңай іс емес. Алайда тері илейтін арнайы маман болмағандықтан, бұл жердегі жұмыстан шығуына тура келді.

Тәжірибелі ісмер  ескі «Подольский» тігін машинасымен жеке кәсібін бастауды ұйғарады. Әдетте кәсіп ашатындар банктен несие алады. Бірақ Гүлмира Жолдыбайқызы өзінің іскерлігіне сенді, сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдырды. Бүгінде 6 адамды жұмыспен қамтып, түскен пайдадан соңғы үлгідегі тігін машиналарын алды. Қаладағы ең мықты өнер ордаларымен байланыс орнатып, артисттердің киімдерін тігеді.

– Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Жастайымнан тігін машинасына отырдым. Қазіргідей барлығы автомат емес, қолмен бірге аяғымыз да қатар қимылдайды. Тапсырыс көбейген уақытта түннің бір мезгіліне дейін отырамын. Тіпті санаулы күнде үлкен іс-шараға қатысатын 400 адамның тапсырысын орындаған кездер де болды. «Озық» мекемесінде жүргенімде бас киім тігуді үйреніп алғаным бар еді. Сол көрген-білгенім қазір өзімнің керегіме жарап жатыр. Бізде бас киім тігетін мамандар аз. Құқық қорғау органдарының арнайы формасын, бас киімін, кителін де тапсырыс берушілердің өтінішімен тігіп береміз. Өйткені, бұл сала қызметкерлерінің киімін Шымкенттің тігіншілері тігеді. Алайда оның сапасына көңілі толмайтындар көп. Біздің тігіншілерге әкеліп, қайтадан жөндетіп алады. Сонымен бірге ұлттық киімге сұраныс жоғары болғандықтан, қазақы ою-өрнекпен көмкерілген бас киім, көйлек, қамзол тігеміз. Болашақта осындай киімдерді жалға беретін бір бөлме ашып, ерекше стильде, қазақы нақыштағы өнімдерді көпшілік назарына ұсынамыз, – дейді ол.

Жеңіл өнеркәсіптің дамуына үлес қосқан тігінші қажетті құрал-жабдықтар мен тауар, ине, жіптердің барлығын сырттан алдыратынын айтып қалды. Өйткені бізде олардың бағасы біріншіден, қымбат болса, екіншіден, сапасы жағынан ақсап жатады.  Алдағы уақытта кішкентайлар киетін бодиді бірнеше есе қымбат бағаға сатып алғанша, оны өзі тігіп, сатылымға шығаруды жоспарлауда. Шынында бүгінде балалардың киімі қымбат. Оны өзімізде тігіп, сату екі есе арзанға түседі екен. Бұрынғы тігін фабрикасынан мол тәжірибе жинаған шебер болашақта киімдерді сызба реттілігімен шығаруды ойластыруда.

Ешкімге қол жаймай, тынымсыз еңбек ету арқылы үлкен жетістікке жеткен Гүлмира апайдың ісіне сүйсініп қайттық. Өмірге екі ұл, екі қыз әкеліп, немере сүйіп отырған жанның еңбеккештігі өзгелерге үлгі боларлықтай.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Нұрболат Нұржаубай

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<