Тұтынушы талғамын тап басқан

521

0

– Етікшілік кәсіп – шынайы жан қалауым. Нағашы әжем мен өз әжем он саусағынан өнер тамған шеберлер еді. Текпен келген қасиет текке жатқызбайды екен, – деп бастады шебер Айдос Үмбетов бізбен әңгімесін.

Айтуынша, алғаш жұмысын Алматыда бастаған. Кейін Қызылордаға ауысып, осында жалғастырып жатыр. Қасында көмекші жігіттері бар. Табысына қарай жалақысын алады. Бір аяқ киімді 3-10 күн аралығында тігеді. Қажетті материалды Ресейден, Алматыдан алдырып отыр. Мемлекет тарапынан көмек болса деген тілегі де бар.

 Шебер бұл кәсіпті 2010 жылдан бастап игерген. Қазір шеберхана әр мезгілге арналған аяқ киімдер топтамасын тігіп, тұтынушыларға ұсынып отыр. 

– Тапсырысты тұтынушы сұранысына сай тігіп береміз. Кәсібімді кеңейтсем деген жоспарым бар. Алғашында әрине, бірден игеріп кеттім десем, артық айтқандық болар. Уақыт өте келе толыққанды меңгеріп, қазір сүйікті кәсібіме айналды. Осы уақытқа дейін жасаған жұмысыма шағым айтқандар жоқ, – дейді ол.

Елімізде мыңдаған мамандық болса, ішінде ілгеріден бері келе жатқан атакәсіп – етікшілік. Бізі мен жібін жанынан тастамайтын етікшілер еңбегін былайғы жұрт біле бермейді. Бүгінде олардың көмегіне жүгінетіндер қатары аз емес. Оған дүкен мен базардағы аяқ киімнің сапасыздығы себеп.

Сапалы тері өнімдерінен түрлі аяқ киім жасап, көпшілікке ұсына бастаған «Shoes service» шеберханасы өз жұмысын 2017 жылы бастаған.

– Аяқ киім жасауға тігін машинасын, станоктарды пайдаланамыз. Арнайы қалыптарымыз бар. Тек таза былғарыдан тігіледі. Дизайны, үлгісі тапсырысқа қарай дайындалады. Ерлерге, әйелдерге және балаларға арналып тігіледі. Бұдан бөлек, тазалау және қалпына келтіру сынды жұмыстарды да атқарамыз, – деді шебер.

Кәсіптің қыр-сырын меңгерген маманның жоспары – шағын шеберхана ашып, талапкер жастарды тәрбиелеу.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<