Жалағаштың алмасы сұранысқа ие

455

0

Жалағаш ауданына қарасты Т.Жүргенов атындағы ауылда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан «Ер-Әлі» және «Құрманбай ата» шаруашылық ұжымдары бар.  Заман талабына сай кәсіпке бейімделген  ауыл азаматтары елге болсын деп егін егіп, бақ өсіріп, туған жерінің көркейіп- көгалдануына да барынша үлес қосып келеді.

Сыр өңірінің табиғатына төзімді, жергілікті тұрғындар көп тұтынатын күріш дақылы әлемдік сауда алаңында да сұранысқа ие. Сондай-ақ жаңа технологияны пайдаланудың нәтижесінде кейінгі жылдары күріштің сапасы да, өнімділігі де арта түскен. Дегенмен жылдан-жылға егінге су тапшылығы туындап отырғаны белгілі. Осыған орай шаруашылық суды аз пайдаланатын өнім түрлерін егуді қолға алды. Айталық, кейінгі жылдары бақша егіп, ауыл, аудан тұрғындарын картоп, сәбіз, қызылша секілді күнделікті тұтынатын көкөністермен қамтамасыз етіп келеді.

Ал 2018 жылы көршілес оңтүстік өңірден бірнеше сортты алма ағаштарын әкеліп, алғашқы көшеттерін отырғызды. Рас, бастапқыда «қалай болар екен» деген уайым басымдау болды. Өйткені Шымкент өңірінің шұрайлы жерінде өскен жеміс ағаштары Сырдың тұзды топырағына бейімделуі оңай емес еді. Бірақ ерекше күтімнің арқасында жас көшеттер жайқалып шықты. Алма ағашының алғашқы өнімінен дәм татқан ауылдастары бағбанға алғысын жаудырып жатты.

Иә, айта кеткеніміз артық болмас, біздің бала күнімізде осы ауылдың тұрғыны Әшен қарттың алма бағы туралы әңгіме ел аузында жүретін. Әшен бағының алмасы ала жаздай ауыл, аудан тұрғындарының сұранысын өтейтін. Ал бүгінде егін егіп, бақ өсіріп, еліне адал қызмет етіп жүрген Бекжановтар аудан, облыс аумағынан бөлек, еліміздің бірнеше өңірлерінен тапсырыс алып, табиғи өнімін ұсынып отыр.

Алма бағының көлемі 6 гектар, 12600 түп ағаш. Соған сәйкес бақтың күтіміне қарайтын тұрақты жұмысшылар бар. Айталық, бүгінде «Гала М-9», «Голден М-9», «Гранни смидт М-9», «Фуджи М-9», «Конфетка ММ-106» деп аталатын бес түрлі алма сорты сатылымда. Тұрғындар сұранысы да жоғары. Өйткені күздік алма сорты сақтауға да қолайлы. Мысалы, дәл осы кезде жұрт жәшіктеп сатып алып, Жаңа жылға дейін сақтауға қам жасап жатыр. Алыстағы ағайынға сәлемдеме ретінде жіберсеңіз де, қуанып қалары сөзсіз!

– Шындығында өз жерімізде өскен экологиялық таза өнімнің орны бөлек! Ал базардан іздесең мұндай табиғи дәмі ерекше, тәтті алманы табу қиын. Есесіне, сырты жалтыраған дәмі, сөлі жоқ жасанды жемістердің түр-түрі толып тұр. Сондықтан сапалы алманың бір жәшігін сатып алдым. Отандық тауар өнімдерге, оның ішінде жергілікті кәсіп иелерінің өндірген өніміне тұрақты қолдау көрсетуіміз керек, – дейді қала тұрғыны Айсәуле Сағатбекқызы.

«Ер-Әлі» шаруашылығының төрағасы Әліби Бекжановты әңгімеге тартып едік.

– Негізгі кәсібіміз күріш өндірісі болған соң алғашқыда алма бағын өсіруге хобби ретінде қараған едім. Бірақ еңбегіміз ақталып, жақсы жеміс беріп, ә дегеннен-ақ сұранысқа ие болды. Жан-жақтан тапсырыстар түсе бастады. Өйткені өнімге химиялық тыңайтқыштар қосылмаған. Табиғи қалпында, күн көзінде, тамшылатып суару әдісімен өсірілген. Бағасы да базардағы басқа алмалардың бағасымен шамалас. Мәселе тек табыста емес, ең бастысы – елдің алғысы. Отандық өндіріске тамшыдай болсын, үлесімізді қосып, өнімнің өңірдегі бағасын тұрақтандыруға ықпал етсек деп ойлаймын, – дейді ол.

Ә.Бекжанов тәжірибелі кәсіпкер ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелерді көтеріп, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыруға байланысты ұсыныстарын ортаға салып, қоғам алдындағы жауапкершілігін де белсенді атқарып келеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<