Жарты ғасырға жуық кран рулінде

757

0

Он екі кран плита тақталарды әрі-бері тасып жатыр. Бір кранды Фая Шакурова тізгіндепті. Зауыттағы тарс-тұрс дыбыстан құлақ тұнады. Бізді күзет бөлімінің меңгерушісі Манарбек Есжанов бастап келеді. Темір майыстырып, дәнекерлеп жатқан жұмысшылар еңбегі қайран қалдырады. Фая апа келгенімізді көріп, краннан түсіп, бізге жақындады. Бірақ жұмысы әлі бітпепті. Әріптесім Нұрболат Нұржаубай  жұмыс сәтін фотоға түсіре бастады.

Бұл – «АIaqeum eIeсtriс» компаниясының еншілес серіктестігі «КСМ КZ-2022» ЖШС мекемесі. Осы ұжымда ұзақ жылдан бері табанды жұмыс істеп келе жатқан майталман маман Фая Шакурова қазір зейнетте. 1977 жылдан бері осы мекемеде кран айдайды. Айтуынша, бәрі де кездейсоқ болған. Алғашында кран руліне қаймыға отырған жас қыз уақыт өте келе, техника тілін меңгеріп алды. Үйде қай заттың қай жерде тұрғанын білмесе де, мұнда қай бұрышта қай зат тұрғанын бес саусағындай біледі.

Жұбайы Әли Сәрсенов осы мекемеде жүргізуші болған. Екеуі – бүгінде 4 баласынын 14 немере сүйіп отырған бақытты жандар.

– Кран айдап келе жатқаныма 50 жылға жуықтады. Бұл жерде ең бірінші, жұмысқа деген жауапкершілік талап етіледі. Уақытпен санаспай, бөрене, плиталарды түсіріп, реттейміз. Жұмысымды өте жақсы көремін. Зейнетке шыққаннан кейін, ұл-қызым да, жолдасым да жұмыс істеуіме қарсы болды. «Саған не жетпейді, біз бармыз ғой» деді. Бірақ маған ақша маңызды емес, өйткені жұмысымды жақсы көремін, жауапкершілігін сезінемін. Тіпті күйбең тірліктің бітпейтін проблемаларын да ұмытып кетемін. Мұндағы бірге жұмыс істейтін серіктеріммен әңгімелесемін. Денсаулық жарап тұрғанда жұмыс істеу керек деп үйдегілерге бой бермей келемін. Кран айдаудың еш қиыншылығы жоқ, тек жұмысына жауапты бол. Мұны тек ер адамдардың жұмысы деген – жаңсақ пікір, ер адам ғана айдасын деп еш жерде жазылмаған. Жаратқан денсаулық берсе, шамам келгенше қызмет етемін. Жұмысымда керек екенімді түсінемін, – дейді еңбек адамы бізбен әңгімесінде.

Фая апа жасы келгеніне қарамастан, ширақ қимылдайды. Мінезі ашық үнемі күліп жүреді. «Еңбек ер атандырады» деп осындайда айтса керек-ті.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<