Жарық жеткізген Жәнібек

1450

0

Электр желілері үзіліп немесе өзге ақау шыққанда Ж.Маханбетов ауылының тұрғындарына көмекке келетін Жәнібек Бұлдановтың есімі сол елді мекен тұрғындарына таныс. Бір қызығы, ол – Тасбөгет кентінің аудандық электр торабында диспетчер. Бірақ өзінің туған ауылына көмек қолын созып, ерікті түрде үзілген бағаналар сымын жалғайды. Осы уақытқа дейін авариялық бригада құрамында 7 жыл жұмыс істеген ол қазір диспетчерлік бөлімде.

Ақпанның боранды, желді күндері ауылда жарық жиі сөнді. Сондай кезде тұрғындарға көмектесіп, көптің алғысын арқалап жүр. Ауа райының қолайсыз күндері телефон қоңырауына дамыл болмай, шақырыстардың шамадан тыс артатынын айтады.

– Диспетчерлік бөлімге ауысқанға дейін 7 жыл бойы авариялық бригада құрамында жұмыс істедім. Әсіресе жел мен жаңбырлы күндері уақытпен санаспадық. Тасбөгет кентіне қарасты аймақтар көп. Барлық саяжайлардың жарығына жауаптымыз. Қазір қандай да бір техника электр энергиясынсыз жұмыс істемейді. Бір минут жарық сөнсе халықтың дегбірі қашады. Сондықтан олар қиналып қалмас үшін түскен шақыруларға тезірек жетуге тырысамыз, – дейді Жәнібек.

Жақсылық жасауға ұмтылып тұратын Жәнібектің ісі көпке үлгі етерліктей. Жарығы сөнген үйдің шамын жағуға асығатын шебер маман бұл ісін парызым деп біледі.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<