Жұмысшы мамандар даярлаудың жауапкершілігі жоғары

59

0

«Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет. Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек»

Мемлекет басшысының Жолдауынан

Министрлік қабылдаған міндеттер

ҚР Үкіметі «Жұмысшы мамандықтарының жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарын» әзірлесе, Оқу-ағарту министрлігі кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, «Жаңа мамандықтар атласын» әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Осы мақсатта кәсіпорындармен бірлесіп мектептерде 1000 бейіндік сынып ашылады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, «Кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге, экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі». 

Министрліктің мәліметіне зер салсақ, елімізде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда жарты миллионнан астам студент оқиды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынға ұлғайса, студенттердің стипендиясы екі есеге өскен.

Мемлекет колледждерді қаржыландырудың жаңа нормативін қабылдады. Осыған орай 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды.

Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау және педагогтердің біліктілігін арттыруға басымдық беріледі. Сонымен қатар, дуальды оқыту жүйесін дамыту және кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы негізінде мамандар даярлау үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды белсенді түрде тарту жоспарлануда. Тағы бір тың бастама, шетелдік колледждермен тәжірибе алмасып, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ студенттердің академиялық ұтқырлық шеңберінде өз білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік жасалады.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру студенттерін қолдау, дамыту үшін Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылады. Сондай-ақ бұл орталық WorldSkills чемпионаттарын өткізу базасына айналады.

Маңызды шаралардың бірі – биыл  Ақтау қаласында түркітілдес елдер арасында Turkiskills – 2025 алғашқы кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.

Мемлекеттік тапсырыс 5308 орын

Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған міндеттерге сәйкес 2025 жылы 9-сыныпты бітірушілер арасында жұмысшы және орта буын мамандықтар бойынша білім алуға ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған. Осыған орай биыл республикалық бюджеттен 2200 орын, жергілікті бюджеттен 3108 орын, барлығы 5308 орын мемлекеттік тапсырыс бөлініп отыр. Бұл жастардың кәсіптік білім алуына берілген мүмкіндік десек болады. Сонымен қатар, дайындалған кадрлардың сапасы, яғни кәсіби біліктілігі олардың жұмысқа орналасуымен бағаланатыны айтпаса да түсінікті.

Осы орайда өткен жылдардағы көрсеткіштерге назар аударсақ, 2023 жылы колледждерді бітіруші 5293 студенттің 4585-і жұмысқа орналасып 86,6 пайызды, ал мемлекеттік тапсырыспен бітірген 3401 студенттің 2903-і жұмысқа орналасып, көрсеткіш 85,4 пайызды құраған.

2024 жылы 5895 студент, оның ішінде 3916-ы мемлекеттік тапсырыспен оқуын аяқтады. Бүгінгі күнге 4270 бітіруші жұмысқа орналасып, көрсеткіш 72 пайызға жеткен.

Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледждердің 100 үздік бітірушісіне тұрақты жұмысқа орналасуы үшін арнайы жолдама беріледі.

 Кәсіби бағдар беру мектептен басталады

Өңірде 28 колледж 97 мамандық және 158 біліктілік бойынша еңбек нарығына қажетті кадрлар, оның ішінде 19 колледжде 45 мамандық 49 біліктілік бойынша жұмысшы кадрлар даярланады.

Іс-шара жоспарында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму картасына сәйкес өңірлік экономика үшін басым салалар айқындалды. Бұл ретте колледждерді салаландыру, дуальды оқыту, модульдік білім беру, халықаралық стандарттарға сәйкес кадрлар даярлауды жүзеге асыру арқылы еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие жұмысшы мамандарды әзірлеуге басымдық беріледі. Тағы бір тың бастама, «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай мектеп оқушысын қабілеті мен бейіміне қарай бала жастан болашақ мамандығына баулып, кәсіп таңдауға бағыт-бағдар беру жұмыстары қолға алынады.

Бұл орайда барлық мектептерде кәсіби бағдар беру кабинеттерін ашу,  «Кәсіби бағдар беру педагогі» штат бірлігін енгізу, «Жұмысшы күні» жалпы республикалық жобасы аясында мектеп оқушыларының мамандық бағыттары бойынша кәсіпорындар мен мекемелер базасына барып, еңбек адамдарымен кездесіп, олардың жұмысымен жақынырақ танысуы  қамтамасыз етіледі.

Колледждерде білім беру аясы кеңейе түседі

Облыстық іс-шаралар жоспарында техникалық және кәсіптік білім беру саласында жұмысшы кадрларын даярлау жүйесін жаңғырту және жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыру шаралары көзделген. Бұл бағытта халықаралық байланысты дамыту, шетелдік колледждермен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асырудың маңызды екені белгілі.

Осы мақсаттағы жұмыстар өткен жылы бастау алды.  Атап айтар болсақ, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі 2024 жылдың желтоқсан айында Атырау облысындағы «OPEG» тренингтік орталығының жетекшілігімен халықаралық аккредитациядан өтіп, сертификат иеленді. Мұның нәтижесі, енді аталған колледж халықаралық стандарттарға сәйкес энергетика саласы бойынша білікті кадрлар даярлайды.

Бұдан бөлек, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі және «Орда» жоғары колледжі шетелдің жоғары оқу орындарымен, колледждерімен байланыс орнатып, тұрақты тәжірибе алмаса отырып, халықаралық талаптарға сай мамандар әзірлейді.

Жұмысқа орналасуға жағдай жасалады

Облыстық білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмысқа орналастыру бойынша колледждерге бірыңғай электронды (Enbek.kz) платформа енгізеді.

Жоспарда кадр даярлауға жұмыс берушілердің қатысу шаралары көрсетілген. Жұмысқа орналастыру міндеттемесі бойынша кәсіпорындардың қатысуымен мақсатты мемлекеттік тапсырыс негізінде даярланатын кадрлар санын арттыру қажет.

Осы ретте, 2024-2025 оқу жылында 4608 орын мемлекеттік тапсырыс бойынша талапкерлер оқуға қабылданды. Оның ішінде жұмыс беруші кәсіпорындардың сұранысы негізінде 356 орын мақсатты мемлекеттік тапсырыс бойынша кадрлар даярлау үш жақты келісім-шарт негізінде жүзеге асырылды. Оқуға қабылданған студенттердің теориялық білімін кәсіпорын базасындағы іс-тәжірибемен ұштастыруға және практикадан сапалы өтуіне, нәтижесінде олардың тұрақты жұмысқа орналасуына кәсіпорындар тікелей жауапты болады.

Атаулы жылға орай аймақтың еңбек нарығына қажетті, сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін Мамандықтар атласын әзірлеп, соған сәйкес жаңаларын ашу жоспарлануда. Осы ретте 2023 жылы жергілікті бюджеттен 22 млн теңге қаржы бөлініп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 20 қызметкерді арнайы оқудан өткізді.

Осы жыл аясында облыс көлемінде «Наурыз Фест» жұмысшы мамандықтар фестивалі, «Үздік мамандық», «Топ 100 студент», «Еңбек жолы», «Үздік шебер», «Парыз», «Үздік жыл жұмыс берушісі» конкурстары, «Отбасылық династия» байқауы, «Worldskills» чемпионаты, облыстық марафон және жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысымен «Өз ісінің шебері» номинациясы бойынша арнайы іс-шара өткізу жоспарланған.

Келісім-шарт жасасады

Биыл «Саутс-ойл» компаниясының демеушілігімен 4,8 млрд теңгеге 200 орындық жатақханасы бар, 400 орындық музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға беріледі. Бұл шығармашылық пен өнер жолын таңдаған жастар үшін ерекше қолдау деп білеміз. Заманауи талаптарға сай жаңа оқу ғимаратында жас таланттардың  өз қалауына қарай шығармашылық ізденісі арта түсері сөзсіз.

«Жұмысшы мамандықтар жылында» 15 мемлекеттік колледж ірі жұмыс беруші кәсіпорындар мен мекемелерге шефтік қамқорлыққа беріліп, келісім-шарт негізінде жұмыс жасайды. Осы орайда Абылай хан атындағы жоғары колледж базасында «Тігін ісі» мамандығы бойынша шағын кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Ал Арал индустриалды-техникалық колледжі мен С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі базасында «Құзыреттілік орталығы» ашылады. Сонымен қатар, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық жоғары колледжі мен М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжі базасында студенттер үшін «Бизнес-стартап» жобасы жүзеге асырылады.

Айта кетейік, жастарға кәсіби бағдар беру бағытындағы жұмыстарды облыстық білім басқармасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары, кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып атқарды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<