– Тауды бұзып, тасты жарып,
Тамшылаған ащы тер.
Ол қайратты, ол қажырлы,
Қайтпас қайсар жұмыскер, – деп Асқар Тоқмағамбетов айтқандай, ақиқатында жұмысшы қауым қайтпас қайсар, аса бейнеткеш әрі еңбекқор жандар екені ежелден белгілі.
Елімізде жұмысшы мамандықтарының беделін одан әрі арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің «Жұмысшы мамандықтарының жылын жариялау туралы» Жарлығы шықты.
Бүгінде жұмысшылар күн райының аптап ыстығы мен суығына қарамастан өз міндеттерін адал, таза әрі сапалы атқарып келеді. Бұл атадан балаға жалғасып келе жатқан ең жақсы үрдіс екенін айтуымыз керек. Бұны болашақ ұрпақ білуі тиіс. Осындай орайы келген сәтте:
– Жалғастырып үрдісті,
Жол салушы, құрылысшы,
Тазалықшы күн-түні,
Тындыруда түрлі істі.
Көктем кезде күрішші,
Егуді бастар күрішті.
Күзде жинап қамбаға,
Құяды мол ырысты.
Малшы, шопан, бақташы,
Егінші, сушы, бақшашы,
Бұлардың бәрі әр кезде,
Жақсы істердің жақтасы.
Келелі іс көп көрікті,
Қоғамдық түрлі көлікті,
Ерте тұрып, кеш жатып,
Басқаруда бөрікті, – дегім келеді.
Иә, аспазшы, тігінші, слесарь, сантехник, монтёр, мұнайшы, дәрігер, мұғалім, технолог, энергетик, құтқарушы, сақшы, сатушы, тағы басқа түрлі мамандық иелерінің бәрі де айрықша атауға лайық. Еңбек адамдарының еңсесі әрдайым биік, жұмысы жемісті болғай!
Қазыбек Әшірбекұлы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<