Гүлжамила Елеуова қазіргі Әйтеке би кенті, бұрынғы «Жаңақазалы» поселкесінде 1972 жылы өмірге келді. Әкесі өнер саласының адамы, анасы тігінші болған ол тағдырдың жазуымен он саусағынан өнері тамған ісмер әжесі Айманның қолында тәрбиеленді. №421 орта мектептің 8-жылдығын тәмамдаған оқушыларға алдағы болашағының бағытын таңдауға мұрсат берілгенде көп ойланған жоқ. Қызылорда қаласындағы қазіргі аграрлы-техникалық жоғары колледжі, бұрынғы №9 өндірістік училищесіндегі кран жүргізуші мамандығын таңдады.
Тағдыр талайы қателестірмепті. 1987-1990 жыл аралығында, соның ішінде соңғы практикалық сынағы бар, Қазалы локомотив депосында кран жүргізуге машықтанудан өткен оқу орнындағы үш жыл, өзі таңдаған мекемеге адастырмай алып келді. Содан бері Қазалы локомотив жөндеу зауытының тепловоз тележкасын жөндеу цехындағы 10 тонналық кран тұтқасын тәуелсіздікпен тұстас ұстаған сол кездегі 18 жасар қыз, бүгінгі 4-разрядты кран жүргізушісі Гүлжамила Елеуова 35 жыл бойы осында абыройлы еңбек етіп келеді.
– Темір жолдың темір тәртібі қызмет барысында үлкен жауапкершілік жүктейді, – дейді кран жүргізуші Гүлжамила Елеуова. – Кезінде бар білгенін үйреткен алдыңғы буын апайларым Роза Ерімбетоваға, Айжамал Ақназароваға алғысым шексіз. Ауысымға ерте келіп кранның жарамдылығын тексеруден басталған жұмыс техника, еңбек, жұмысшы қауіпсіздігін сәт сайын сақтап отыруды, белгіленген жоспарды дер кезінде, абыроймен орындап шығуды міндеттейді. Жақсы көретін жұмысым өмірімнің бір бөлшегі болған соң өзге нәрсеге алаңдауға негіз жоқ.
Отбасында жолдасы Кеңес Елеуов екеуі – бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі жанұя. Ұлы Нұрболат – Қазалы көлік-техникалық колледжін бітірген, үлкен қызы Қарлығаш ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Қорқыт ата университетінен дәстүрлі өнер мамандығын меңгерген Сандуғашы Қызылорда облыстық филармониясында қызметте. №288 мектепте оқитын Заринасы суретші болуды армандайды.
Әлімжан ҚИЯС.
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<