(1996-2008 жылдары облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы болып, ұжымды нарықтық экономиканың қиын кезеңдерінен алып шыққан реформатор басшы, білікті маман, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы Жақсылық Рахматулла туралы әңгіме)
Менің әкем 1945 жылы 18 қыркүйекте Жаңақорған ауданында өмірге келген.
Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Алматы Жоғары партия мектебінде оқыған.
Мен үйдің бесінші перзенті болып жарық дүниеге келген 1974 жылы әкем Жаңақорған аудандық газетінде қызмет істейді екен. Жанар әпкем отбасының тұңғышы, содан кейін үш ұл бірінен соң бірі шетінепті. Әрине, бұл жас ата-ана үшін өте ауыр жағдай. Мен туғанда әкем анама: «Өлетін бала ма, қалатын бала ма?» – депті. Құдай пешенеме өмір жазыпты.
Әкем өнерге жақын адам, артистерді, әншілерді жақсы көреді. Менің атымды атақты әнші, композитор, актер Манарбек Ержановтай болсын деп ырымдап әрі туған інісі Әбжәлелдің баласы Мұнарбек бауырыма ұйқастырып қойған. Ол менен бір жастай үлкен. Мұнарбек туғанда көкеміз Алматыда оқып жүріпті. Балаға алаңдамай оқуларын оқысын деп әкем Мұнарбекті кішкентай кезінен қолына алып өсірген. Екеуміз бір үйдің баласындай болдық.
1976 жылы қарындасым Динара дүниеге келді. 1978 жылы біздің үй Қызылордаға көшті. Мен қаладағы Ворошилов атындағы №3 орыс мектебінде оқыдым. Бұрынғы дәуірінде орыс мектебінде оқыған баланың келешегі жарқын болады деген түсінік бар еді. Советтік салтпен әкемізді «папа» дедік, анамызды «мама» дедік. Кейін аңдап отырсақ, бұл атаулар түрік тіліне де жат емес екен.
Сол жылдары папам Сырдария аудандық газетінде қызмет етті. Бала күнімізден көргенім, папам жұмыстан келе ас-ауқатын ішіп алып, өз бөлмесіне кіріп жазу жаза бастайтын. Түннің бір уағында тұрсам да жазып отырған папамды көретін едім. «Әкелерің жұмыстан шаршап келді, мазасын алмаңдар» дейтін мамам. Тым-тырыс бола қаламыз. Бала болып еркелеп шолжаңдаған емеспіз. Оның есесіне папам мені жастайымнан еңбекке тәрбиеледі. Қаланың сыртында саяжайымыз болды, демалыс күндері сол жаққа кетеміз. Неше түрлі ағаш өсіріп, дақыл егеміз. Папам жеміс ағашының артық бұтағын қалай қырқады, қанша мөлшерде суарады, бәрін кітаптағыдай қылып айтатын. Соның арқасы шығар мамам да, мен де бағбандықты меңгергенбіз. Осы кезде біздің есіктің алдының көгалы мен бақшасына көршілеріміз қызыға қарайды.
Ал алтыншы класымнан бастап мылтық атуды үйрендім. Папам сенбі, жексенбіні асыға күтеді, аң мен балық аулау ол кісінің айнымас серігіндей еді. Бала болсам да қасына мені ертіп алады. «Бұл кезде қырғауылдың мекиенін атуға болмайды, бұл кезде балық уылдырық шашады» деген сияқты тыйымдарды түсіндіріп жүреді. Жалпы, мен табиғатты сүю сезімін бойыма папам арқылы дарыттым десем болады.
Папам санаторийлерге бара бермейді, ол кісінің ең ғажап демалысы – ауылға бару және табиғат аясы.
Осындай тәрбиемен ер жетіп, мектептен соң қазіргі Қазақ ұлттық, бұрынғы Қазақ мемлекеттік университетінің механика және қолданбалы математика факультетіне оқуға түстім. Мектепте математикадан сабақ берген мұғалімдер еврей, неміс ұлтының өкілдері еді. Білімі қауашағыңды ашып құйғандай, солардың арқасында есеп-қисапқа жетік болдым, университетте де қиналған жоқпын. Үшінші курстан соң папам өз қолымызда бол, үйлен деген соң оқуымды Қызылордада, Қорқыт ата атындағы университеттің экономика факультетінде жалғастырдым.
Үйлендім, Ғалия екеуміз бас қостық. Оқуымды бітіріп, облыстық көлік бақылау комитетіне жұмысқа тұрдым. Екі перзентті болған соң папамнан рұқсат сұрап, отбасыммен Астанаға көштім. Біздің үйде 1987 жылы өмірге келген тағы бір ұл Әнуарбек бар еді.
Мен Астанада мамандығыммен бір-екі жыл істеп, кейін кеден қызметіне бардым. Сосын қызмет бабымен Жамбыл облысы кеден департаментінің Қордай бекетіне ауыстым.
2006 жылы Әнуарбек інім он тоғыз жасында көлік апатынан қайтыс болды. Осы оқиға бәрімізге, әсіресе ой мен сезімді жүрегіне жүктеген папама қатты соққы болды. Екі рет инсультке ұшырады.
2011 жылы папам бәріміздің басымыз бір шаңырақта болсын деп, Астанаға көшті. Мен де Қордайды қойып, жеке кәсіпке ауыстым. Қызылордалық досым Қуаныш екеуміз бірігіп құрылыс жұмыстарына кірістік.
2012 жылы төрт қыздан кейін менің ұлым өмірге келді. Папам осы кезде немересіне Елжүрек деп ат қойып, баяғы күйіне оралғандай көңілді жүрді.
Әкемнің қашаннан да достары көп болатын, үйімізден қонақ арылмайтын. Мамам алғашқы немересі Майса өмірге келгесін мен енді немеремді бағамын деп зейнетке шықты. Ол кісі көп жыл облыстық перзентханада акушер-гинеколог болып еңбек етті.
Мамам қонақ күтуге өте ыждаһатты, бір-екі адам келетін болса да, той жасайтындай дайындалады. Алматыдан Қызылордаға келген ақын-жазушылар біздің үйге соқпай өтпейтін. Көбі есімде жоқ, ақын Иран-Ғайып папамды күйеубала деп қағытып, ойнап отыратын. Өтеген Жаппархан, Айжарық Сәдібеков, Әскербек Рахымбекұлы, Асқар Кіребаев, Махмұтбай Әміреев әкемнің ең жақын әріптес достары болатын. Ол кісілерді біз де өз әкеміздей көрдік.
Әкем облыстық «Сыр бойы» газетін басқарған жылдары нарық кезеңінің қиын тұсына тап келді. Сол кезде журналистер бір-бірін оятып жүріп, түнімен жұмыс істейді. Папам солардың еңбекақысын қалай беремін деп тыным таппайтын. Сондықтан ақша табу үшін брошюра, анықтама қағаздарын шығаратын «Дария» деген қосымша шағын типография және аз тиражбен басылатын қосымша газеттер ашты. Сол кіші газеттерді сатып, пайдасын ұжымға жұмсады.
Бір жылдары типография жұмысы тоқтап қалып, газетті Шымкентке апарып бастырып жүрді. Газетке шыққан жарнамалардың ақшасын шаруашылықтар мен мекемелер астықпен, малмен төлейтін, соның есебінен айлық берілетін.
Қазіргі журналистика саласының беделді мамандары – Нұрмахан Елтай, Дүйсенбек Аяшұлы, Қаныбек Әбдуов, Қуат Шарабидинов, Әділжан Үмбет, Гүлжазира Жалғасова, Айнұр Батталова, Айнұр Тұңғышбаева әкемнің шәкірттері болды. Сол кезде жас мамандарды жұмысқа қабылдап, газет қызметкерлеріне барынша жағдай жасай білді.
Бұған дейін қолмен атқарылатын ескі баспахана жұмысын 1998 жылы компьютер ауыстырды, тілшілер электоронды пошта қызметіне көшті. Ой жұмысы ауырлатқан қол жұмысын жеңілдетуге әкемнің көп ықпалы болғаны анық.
Осындай жанкешті еңбектің нәтижесінде «Сыр бойы» 2005 жылы жалпыұлттық журналистік сыйлық «Алтын жұлдыз» белгісімен марапатталып, 2006 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы грантын жеңіп алды.
Әкемнің баяғы түнімен жазып отыратын еңбектері кейін бірінің артынан бірі кітап болып басылды. Газет редакторы болып жүрген кезінде «Қолшатыр», «Алыстай берген аяулым», «Өмір самалы», «Болашаққа сенім», «Ғұмыр-дария» деген кітаптары шықты. Эстетикалық ой-сезім өрнегін салған «Меңсұлу» деген романы оқырманнан да, мамандардан да өте жоғары баға алды.
Әкем азан шақырып қойған атына заты сай адам еді. Жақсылық жасауға келгенде ойланбайтын. Экономика тұрақтай бастаған кезеңде ол кісі журналистерді еңбегіне қарай марапатқа ұсыну, оларға сыйақы беру мәселесіне кірісті. Бұл жөнінен ұжымның үнемі ризашылығын айтып жүретінін жақсы білемін. Сол кездері ұмытпасам, газет қызметкерлері жылына бес-алты рет сыйақы алатын. Сонымен бірге газетке шыққан жарнама есебінен журналистер «Мерке», «Жаңақорған» шипажайларына тегін демалысқа баратын.
Міне, осындай өз мамандығына адалдығының, іскерлігінің арқасында әкемнің «Сыр бойын» басқарған жылдары өте табысты, жемісті болды. Оған өзі де қуанатын. Жақсылық жасаудың өз ләззаты бар, әкем соны жақсы түсінетін. Бірақ, ол кісі алғанын айтып, бергенін ұмытып қалатындардың қатарынан. Әкемнің осындай дара қасиеттерін жақсы білемін, мен де сондай болуға тырысамын. Ол кісі біреудің кемшілігін айтпайтын, күліп қоя салатын. Қызмет болған соң қиянаты та болады, ондай кезеңдерді де бастан өткерді, бірақ соларды айта бермейтін. Қарны ашса да қадірі қашпаған кісі.
Біз, балалары, елге, ағайынға сыйлы болған әкеміздің атына кір келтірген жоқпыз. Жанар әпкем әке жолын қуып, журналист мамандығын алды. Қазір де осы салада қызмет етіп жүр. Динара әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі.
Ата-анамыз бізді оқытты, қатарға қосты, енді сол асылдардың аманатына қиянат жасамай, ел ішінде еңбек етіп жүрміз.
Анам Айжамал үш перзентінен тараған он екі немере мен жиеннен он шөбере, жиеншар сүйіп, ұрпағының қызығын көріп отыр. Біздің ендігі мақсатымыз – анамыздың көңіліне алаң түсірмей, әкем жаққан ошақтың отын маздата беру.
Манарбек РАХМАТУЛЛАЕВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<