Айтқыр аға

272

0

Журналист Орман Нұрхабаев 1914 жылы қазіргі Сырдария ауданындағы «Шіркейлі» ауылында туған. Атақты Ұлбикемен айтысатын Күдеріқожаның аталас туысы Қалтай Мұхамеджанов, Әбдіраш Жәмішев, Тапал ахунның жерлесі.1931-1933 жылдары Алматыда журналистер және Жоғарғы партия мектебін бітірді. Еңбек жолын теміржол саяси бөлімінде бастықтың орынбасары болып бастап, Сырдария, Шиелі аудандық газеттерінде редактор, «Ленин жолы» газетінде бөлім меңгерушісі, 1967-1977 жылдар аралығында облыстық баспахана директоры болып, зейнетке шықты.

Қаламы ұшқыр журналистің туғанына 110 жыл толуына орай, бір үзік естелікті жариялап отырмыз.

Біз Орекеңмен сонау елуінші жылдардың басында қызметтес болдық. Әуелінде газеттің партия тұрмысы, бұдан соң ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды. Әдеби қызметкерлері Досмағанбет, Құрманғали болды. Орман аға төгілте әңгіме айтатын кісі еді. Құрдастары Әбділда Құрманаев, Әбдікәрім Оңалбаев, Бөлебай Әлменовпен жиі әзіл қағыстырып отыратын. Журналист Назым Есімова деген апай болды. Хат бөлімінде әдеби қызметкер. Бірде сол кісі сырқаттанып, ауруханаға жатып қалды. Баяғы май мерекесін атап өтер күні еді, Орекең бір шоқ гүлді қолына ұстап, Назымды құттықтауға барғаны бар.

– Уа, Назым ханым, бұл не жатыс! Тез шық. Кеңсеміз сенсіз күздің сарғайған жапырағындай құлазып тұр, – деп Орекең құшағын ашты. Бір-бірін сүйіп жатыр. Мейірімім қанды. Енді жазыласың деп Орекең әрең құшағынан босатқан еді-ау! Шіркін, бұрынғының адамдары-ай, шіркін ағалар-ай?!

Зейнетке шығар алдында облыстық баспаханаға директор болды. Баспахананың материалдық базасын кеңейтті. Бұл жайында баспагер Бақыт Қайымов бізге жиі-жиі төгілте әңгімелейді.

– Қайран Орекең. Қамқоршы аға еді жарықтық, әзіл-оспақты жандыратын. Баспахана инженері Фатима атты татар келіншек еді, жиналыс үстінде жұрт көзінше бетінен сүйіп, бәрімізді қыран-топан күлкіге кенелтетін. Баспахана қызметкерлерінің қуанышты сәттерін атап өтуді дәстүрге айналдырды. Бәріміздің отбасы жағдайымызға ерекше көңіл бөлетін. Биыл қайран ағаның туғанына 110 жыл толып қалыпты-ау. Жүйткіген уақыт-ай! – деп толқып отырғаны бар.

Бір досы ұзақ жыл төсек тартып үйінде жатып қалды. Аты Ләтіп еді. Соған Орекең күн құрғатпай соғатын. Ләтіп Орекең келген бойда бір серпіліп, төсегінен бас көтеріп, жеңілдеп қалатын.

Қазақтың айтқыр Қалтайы Орекең жайында:

– Бұл Орекең – қазақ сатирасының жарық жұлдызы. Әзіл-оспақ арқылы қоғамдағы сырқатты сылып тастайтын бейне бір санитар. Әрбір әзілі теңдесі жоқ шындыққа барар жол еді-ау?! – деген.

– Уа, Қалтай, қазіргі қызметің «Ара» журналының редакторы екеніңді естіп жатырмын. Қызметің ауыр ма, дегенде:

– Ой, Ореке-ай, несін сұрайсыз. Жалаңаш құйрықты кірпішешеннің үстіне отырғандай қызмет екен дегенде:

– Ту, бұған жауабым жоқ! – деп Орекең Қалтайды құшағынан жібермей тұрғаны бар. Түбінде менен кейінгі айтқыр сен боларсың! – деп бата берген-ді.

Бұл Орекең – атақты Ұлбикемен айтысатын Күдеріқожаның ұрпағы. Әкесі Пірімбет Нұрхабаев қазіргі «Шіркейлі» ауылында өмір сүрген диқан әрі әзілдің майын тамыза айтатын кісі болыпты дейді көзкөргендер. Жиен, балдыздарымен сөз қағыстырып, талайын сазға отырғызған деген әңгіме көп. Тілінің ащылығына төтеп бере алмаған бірер қайнылары Пірімбетті жер қазып, кеңірдегіне дейін көміп кетіпті, түс ауа терең шұңқырдан шығарар кезде:

– Бұдан да тереңірек қазбадыңдар ма! – деп шұңқырдан шыға Пірімбет ащы тілін одан әрі безей берді деген әңгіме әлі күнге ел аузында жиі айтылады.

Сонау Хрущевтің дәуірі – ұзын-сонар баяндамадан көз сүрінер кез. Газет күн сайын 9 беттен таң ата шығатын-ды. Редактор Ұ.Бағаев Орман ағаны іздеді. Орман аға үйінде көрінеді. Кезекші болу керек. Дереу Дарханды үйіне шақыруға жіберді.

– Жүріңіз, Ореке. Бүгін кезекші боласыз. Бағаев шақырып жатыр.

– Ә, онда бір бөтелке әкел дүкеннен!

Дархан бір бөтелке әкелді. Орекең екеуі бір бөтелкені сіміріп салды.

– Бағаевқа сәлем айт, Нұрхабаев мас де!

Дархан не дерін білмей Бағаевқа болған жайды айтса керек. Бағаев үн-түнсіз.

– Ой, Ореке-ай! – дей беріпті.

Орман аға жайында ел арасында тараған әңгіме көп.

Бірде обком хатшысы Х.Бектұрғанов:

– Жолдас Нұрхабаев! Сізді зейнетке шығарғалы тұрмыз. Қалай қарайсыз? – депті.

– Хасан Шаяхметович, ерте туғаныма ренжіп отырмын. Әлі де бір жыл істей тұрайыншы?

– Жарайды, бір жыл істей тұрыңыз!

Содан бір жыл өткенде обком хатшысы Орекеңе:

– Уәде бойынша бір жыл өтті. Енді не дейсіз?

– Ту, Хасан Шаяхметович-ай, мен бір жыл емес, бірер жыл деп едім ғой, – дегенде сөзге тоқтаған обком хатшысы:

– Жарайды, тағы бір жыл істей тұрыңыз! – дегені есте бар.

Айтқыр Орекеңді соғыс ардагері Еламан Жүнісбаев, Мәдемхан Жәнібеков, Әбибулла, Қалтай Мұхамеджанов, Жұмабай Бәкішев, Жақсылық Бекхожаев сынды азаматтар отырған жерде ортаға алып, сөзін тыңдағанша асығатын еді.

Бірде қайнысы Жақсылық Бекхожаевты үйіне арнайы шақырып, әйелін басқа жаққа жіберіп, сусынға нан турап бергені ұзақ әңгіме.

Үлкен жүректі ғалым Қазыбай Құдайбергенов өзінің «Ортам менің – ой-парасат ордасы» атты кітабында Орман Нұрхабаевқа арнаған өлеңінде ағаға деген шынайы ілтипатын былайша білдіргені бар:

– Тұнған күлкі, өзі де әлі күледі,

Жаспенен де жас балаша жүреді.

Сексенге де келіп қалды ағаңыз,

Енді сонша бұл өмірді сүреді.

Біреулер жылпостықпен жүрсе байып,

Кейбіреу деп жатады несі айып?

Тапқыр сөзбен байып жүр осы кезде,

Құрметті аға – Орекең Нұрхабаев.

Сенбесеңіз сөз берсем ол кісіге,

Өлеңді де сұрамас қолын жайып.

Айтқыр Қалтайдың інісі Ибрагим Мұхамеджанов Орекеңмен нағашылы-жиенді еді. Жиі қалжыңдасып, бірін-бірі сүріндіруге құмар болатын. Ал Ибрагим «Орман Нұрхабаев» атты бір өлеңінде:

– Ұлы Мұхтар Әуезов,

Қыз алыспас бауырың.

Сен – Ақмешіт, ол – Семей,

Бөлек өскен ауылың.

Жер жүзіне паш етті,

Исі қазақ қауымын,

Құра білді сауығын.

Ғылым, өнермен байытты,

Қазақтың жаңа дәуірін.

Мұхтармен тектес асылдың –

Өзіңсің бірі тәуірім.

Менімен тектес нәсілің,

Түбің бірге бауырым!

Қарымды журналист, кезінде Сыр елінің айтқыр Орманы атанған, ардагер есімі өшпес мұраға айналды.

Қаланың «Сәулет» шағын ауданындағы үлкен даңғыл Орман Нұрхабаев есімімен аталады. «Сыр бойы» газетінің 85 жылдығына арналған «Сырдың сырлы шежіресі» атты кітапта Орман аға суретімен тұр.

Өсер елдің өнерсүйер қауымы тұрғанда ағалар есімі ұмытылмақ емес. Қаламгердің ұрпақтары Қызылорда қаласында «Шіркейлі» ауылында, Алматыда өмір сүріп жатыр. Ағаның көзін көрген біздерге естелік жазудың бұйырғаны шүкіршілік емес пе?!

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<