Акционер атану: тренд пе, табыс па?

570

0

Бұрын тек атын ғана естіген, дамыған елдерде халықтың қалыпты дағдысына айналған акция сатып алу ісі кейінгі жылдары елімізде де ілгері басты. Акционер атануға құмарлардың дені – кәсіпкерлер мен қаржысын тиімді басқарғысы келетін жастар. Сол арқылы бірталай ақша тауып жүргендер де жетерлік. Бірақ акционер атанудың қызығы мен шыжығы жайлы халықтың көп бөлігі біле бермейді. Негізі акционерлердің көбеюі ел экономикасының дамуына әкеледі десек те, бұл істі даму мен дағдарыстың арасындағы ойынға теңейтіндер бар. Ендеше тақырыптың түбіне үңіліп көрейік.

Байлықтан үміттілердің үлесі артты ма?

Қазір биржада сатылып жатқан құнды қағаздардың санында есеп жоқ. Отандық компаниялардан бастап, банктердің, әрісі әлемге танымал брендтердің акциялары саудалануда. Дегенмен мамандардың көбі әлі де акция сатып алатын қазақстандықтардың саны аз екенін айтып жатады. Шетелдіктер үшін құнды қағаз сатып алу қалыпты дағдыға айналса, бізде бұл әлі де таңсық сала. Ал акционерлерді көбейту ел экономикасын көтерудің бір тетігі ретінде қарастырылады. Дегенмен акционер атанар алдында ескерер дүние көп. Жалпылама айтар болсақ, акция – белгілі бір компанияның сатылымға шыққан үлесі. Әуелі брокерлік шот ашып, құнды қағаз сатып аласыз. Осылайша акционер атанасыз. Табыс табу жайы тікелей компанияның кірісіне байланысты. Мәселен, депозитте сақтаған қаражатыңыздың сыйақысы ай сайын тұрақты түрде 10-15 пайызға артуы мүмкін. Бірде 40 пайызға, бірде тіпті 200 пайызға дейін өседі. Немесе керісінше құны құлдырайды. Сол үшін сауатты сауда жасау маңызды. Осы тұста елімізде акцияларының құны жақсы өсетін Kaspi Bank пен әлемдік нарықтағы Apple компаниясын тілге тиек етсек болады. Экономист Рашид Жақсылықов акция сатып алудың бәрінен бұрын отандық компанияларға әсері көп екенін айтады.

– Көп мәселені кредитпен шешетін отбасы ІРО-ны қайдан алсын?! Бұл жасыратын дүние емес. Акцияның екі пайдасы бар. Экономикалық тәжірибе аламыз. Екіншіден, ұлттық компанияларды ашық түрде жылдам жұмыс істеуге бейімдейміз. Жалпы акцияның бағасы әртүрлі, құнды қағаздар құны 100 теңгеден де басталады. 1000 теңгелігі де бар. Бастапқыда орташа есеппен он мың теңгеге сатып алған жөн. Акционер атану үшін әуелі сатып алушы мен сататын компания арасындағы делдал, яғни брокерлік компанияны дұрыс таңдау керек. Өйткені алаяқтар көп. Келесі қадам, акцияларын сатылымға шығарған компанияның бүгіні мен болашағын әбден зерттеу қажет, – дейді маман.

Қазақстандықтар үшін шетелдік компания акцияларын алуға еш шектеу жоқ. Қазірдің өзінде отандық акционерлер 52 елдегі ең танымал компаниялардың акцияларын сатып алып, пайдасын көріп келеді екен.

Әлеуетке әлеуметтік фактор әсер етеді

«Финпром» сарапшыларының есебінше, акциялармен сауда жасайтын адамдар саны Қазақстанда біраз артқан. Құнды қағаздардың орталық депозитарийінің дерегінше, 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елде бөлшек сауда жасайтын инвесторлардың 176,5 мың сауда шоты тіркелген. Жалпы, 2020 жылға дейін жеке тұлғалардың шот саны бірқалыпты деңгейде болған. Алайда, коронавирустың таралуына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде үйлеріне қамалған жұртшылық акцияларға ықылас таныта бастапты. Бұл саладағы үдемелі өсімге әкелді. 2021 жылы да халықтың құнды қағаздар нарығына деген қызығушылығы күшейді. Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтардың 2 пайызынан көбі құнды қағаздар нарығында сауда шотын ашып үлгеріпті. Пандемия кезінде кәсібі тоқыраған шағын және орта бизнес өкілдері де ақша инвестициялаудың баламалы түрлерін іздеді.

Дегенмен биржаға қаржы салғысы келетін адамдар санының өсуіне байланысты алаяқтар да қаптады. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі адал емес делдалдарға жолықпау үшін тек сертификатталған қатысушыларға жүгінуге кеңес беріп келеді. Қазір Қазақстанда инвестициялық портфельдерді басқарумен айналысатын ондаған сертификатталған ұйым бар. Алайда бөлшек инвесторлар арасында солардың бірен-сараны ғана танымал. Әсіресе Қазпошта, Freedom Finance, Halyk Finance және CAIFC Investment Group белгілі. Қазақстандықтардың биржаға ден қоюына тағы бір тренд ықпал етті: пандемия мен карантин шектеулері қор нарығында жұмыс істейтін компанияларды клиенттермен қарым-қатынастың барлық қырын, бүкіл процесін цифрландыруға итермеледі. Енді акция сатып алу үшін тіпті брокерге қоңырау шалудың қажеті жоқ. Осы іспен шұғылданатын инвестициялық банктер мен компаниялардың ұялы қосымшасын жүктеп алса жеткілікті, сол арқылы екі-үш рет түртіп, жаһандық кез келген алпауыттың акцияларын сатып алуға болады. Бұған қоса, қазақстандықтарға енді үйден шықпай-ақ NYSE/NASDAQ, London Stock Exchange, MCX, SPB Exchange, HKEX, Frankfurt Stock Exchange сияқты әлемдік қор биржаларында акциялар саудасына қатысуға мүмкіндік туды. Бұған дейін құнды қағаз сатып алу күрделі болды. Алдымен брокерге хабарласып, брокерлік шот ашу қажет еді. Содан кейін компьютер-ноутбугыңызға платформаны орнатып, сертификаттарды жүктеп, логин мен пароль енгізіп, қаптаған рәсімдерден өту қажет болатын.

Даму мен дағдарыс арасындағы ойын

Әйтсе де акция арқылы табыс табу біз ойлағандай оңай емес. Акционер бір сәтте бар қаржыдан айырылып қалуы да мүмкін, яғни, биржада ойнау үшін халыққа даярлық қажет. Мезетте бар салымнан айырылып қалғанда оны мемлекет қайтармайды. Жауапты – акционердің өзі. Тіпті құнды қағаздар сатып алған адамдардың өзі жыл сайын салық органына декларация тапсыруы, салық төлеуі керегін білген жөн. Биржаға ақша салып, миллиондарынан айырылып қалғандар бар. Соның бірі – екі жыл бұрын құнды қағаз сатып алып қалтасы қағылған алматылық кәсіпкер Андрей Климов. Сол кездері кәсіпкер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты бұл іске барарда абай болуға шақырған еді.

«Apple, Facebook, Google, Тесла секілді әлемдік алпауыттардың акцияларын сатып алып қойсам, бірер жылдан соң олардың құны жүздеген мың долларға қымбаттайды, тіпті немерелеріме бір бөлігін мұраға қалдырамын деп ойладым. Алайда биржа қатты құлағанда көптеген позиция күштеп жабылады екен. Бұдан, әсіресе миноритарийлер зардап шегеді. Салдарынан 3 миллион теңге салымым күйіп кетті», – дейді кәсіпкер.

Содан биржа тосыннан құлағанда, брокер Excess Liquidity-ді ретке келтіру үшін клиенттерінің, соның ішінде Андрейдің құнды қағаздарын нарықтық төмен бағамен жоя салған екен. Салдарынан 7 мың доллардай шығын тіркелген. Ал брокер Никита Силкиннің айтуынша, биржада трейдерлердің 80-95 пайызы клиенттерінің ақшасын жоғалтады.

«Кейде нарық күрт жоғарылайды, көптеген акция өсіп жатады. Бұл брокерлердің көңіліне желік бітіреді. Олар әбден «қызып алғанда» биржада коррекция басталады. Позициялар оларға пайда емес, тек зиян келтіретін ең тиімсіз нүктеде күштеп жабылады. Осыдан кейін нарық еңсесін тіктейді де, қайта күш алып, жоғары өрлей жөнеледі. Бірақ бұл көштен алдыңғы салымшылар қалыс қалады. Олар бар салымынан айырылып, қаражаты Америкадағы сақтандырушы хэдж қорларында қалады», – дейді Н.Силкин.

Салықтан да сытыла алмайсыз

Кей адам акцияда ұтып, биржадан мол табыс тапса, брокердің сыйақысынан басқасын басыбайлы иеленем деп ойлайды. Шынында олай емес. Өзге комиссияларды айтпаған күннің өзінде, мемлекетке салық төлеу қажет. Соңында табыстан қалған қаржы мардымсыз болып қалуы ықтимал. Мысалы, Қаржы министрлігінің салық жинауға жауапты органы – Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, егер азамат  KASE-ден не «Астана» қаржы орталығының биржасынан (АІХ) сатып алған акцияларын қайта сату кезінде оның құнының өсуінен пайда тапса, ол жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Бірақ ол бәрібір алған табысын мемлекетке жариялап, кірісінің сомасын көрсетіп, «Жеке табыс салығы бойынша 204.00 формадағы декларация» тапсыруы тиіс. Ал егер құнды қағазды сатудан шығын көрсе, онда ешқандай табысқа қол жеткізбегендіктен, 240.00 декларациясын ұсыну міндеттемесінен босатылады. Бұл ретте табыс пен шығын әрбір акция бойынша жеке есептеледі. Америкадағы қор биржаларында табыс тапқан, акциялар сатып алған азамат та декларация тапсыруы шарт. Жеке табыс салығын азамат өз бетінше есептеп, бюджетке төлеуі керек. Егер азамат шетелдік биржаларда операция жүргізу нәтижесінде табыс тапса, ол келесі жылдың 31 наурызына дейін 10 пайыз көлемінде жеке табыс салығын төлеуге, 10 сәуірден кешікпей 240.00 нысанында ЖТС бойынша декларация тапсыруға міндетті. «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясына кіретін биржалық ноталарға қатысты мәмілелерден, соның ішінде Tabys мобильді қосымшасы арқылы сатып алынған акциялардан алынған табыс та салық салудан босатылады екен.

Әлеуметтік желіден акциялар саудасын жарнамалап жүрген қазақстандық блогерлерді кездестіріп жатамыз. Жаһандық алпауыт компаниялардың құнды қағазын сатып алғанын көрсетіп, мақтанады. Осыған қызыққан көрермендері еш дайындықсыз биржаға асығады. Бірақ биржа жаққа аяқ баспас бұрын ең құрығанда құнды қағаздар саудасының әліппесімен танысып алатындар аз. Ал оларды сертификатталған трейдерлер де алдап соғуы мүмкін. Қорыта айтқанда, біз акция сатып алу ісін табыссыз һәм қажетсіз дүниеге жатқызғымыз келмейді. Тек оған да білім мен қаржылық сауаттылықтың қажет екенін ескерген абзал.

Мадияр Төлеу

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<