«Алкогольсіз ауыл» көбейіп келеді

10

0

Жақында ғана Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов пен аудан прокуроры Талғат Бектұрсынов Мырзабай ахун, Т.Жүргенов және Жаңаталап ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездескен болатын. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы «Алкогольсіз ауыл» жобасының маңызы туралы айтылды. Әрі жобаның құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған тиімді әрі оң бастама екені кеңінен талқыланды.

Жалпы Жалағаш ауданында «Алко­гольсіз ауыл» жобасы бұған дейін де кеңінен насихатталып келді. Жоба бір­шама елді мекендерде сәтті жүзеге асты. Мысалы, былтыр қыр­күйек айын­да Жалағаш аудандық прокура­тура­сы­ның бастамасымен және жергілікті қауымдастықтың белсенді қолдауымен Таң ауылы ресми түрде ішімдіксіз ауыл мәртебесіне ие болды. Бұл бастама аясында ауыл кәсіпкерлері өз еріктерімен алкоголь өнімдерін сату лицензияларынан бас тартып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосқан болатын. Сондай-ақ мұндай игі қадам бұған де­йін ауыл ақсақалдары, ел ағалары және жастардың ықпалымен Еңбек және Ала­месек ауылдарында жүзеге асты. Сауда дүкендерінде спирттік ішімдік­тер сатылмайтын болды.

– Иә, өткен жылы елді мекендерді аралау барысында жергілікті ауылдың тұрғындарына «Алкогольсіз ауыл» жобасына үн қосуды ұсындық. Жергілікті әкімдік пен тұрғындар арасында са­уал­нама жұмыстарын жүргізіп, халық 99%-ы қолдап, нәтижесінде жергі­лікті кәсіпкерлер алкоголь өнімін сатуға ар­налған лицензияларын өз ерікте­рі­мен мемлекетке өткізді. Қазір Жала­ғаш ауданына қарасты Аққыр, Жаңа­талап, Мақпалкөл, Мырзабай ахун, Еңбек және Таң ауылы алкогольден то­лықтай бас тартты. Бұл қалған 8 ауыл­ға үлкен серпін бергендей. Ауыл тұр­ғындары мұндай игі бастамадан қалыс қалмайтындарын, елдік шараның қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, құ­қықбұзушылықтың алдын алуға және өскелең ұрпақ болашағының дұрыс болуына қолдау білдіріп отыр, – дейді Жалағаш ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі Талғат Бектұрсынов.

Осындай профилактикалық жұмыс­тар­дың нәтижесінде Жалағашта қыл­мыс саны 11,4%-ға азайды. Ал биыл қаң­тар айының 20-сы күні аудан про­кура­­турасының бастамасы арқылы аудан әкім­дігімен бірлескен «Жалағаш заңға бағынған, тәртіпке негізделген ау­дан» жобасы бекітілді. Бұл жергілікті уәкі­летті органдар ықпалымен орындалуда.

Мұндағы ұстаным – отбасылық береке мен тыныштықты нығайту. Қазір осы ауылдардағы мектеп, мешіт және мәдениет үйлерінде алкоголь зияны жайлы жиі айтылып, мазмұнды кездесулер ұйымдастырылады. Ел ішіндегі той-мерекелерді ішімдіксіз өткізу дәс­түрге айналып келеді.

Айта кетейік, аталған жоба республика бойынша іске асып жатқаны белгілі. Көп қылмыстың бастауында тұрған зиянды ішімдіктен бас тартқан ауылдар әр өңірде де жетерлік. Ресми деректерде, Жамбыл, Түркістан, Сол­түстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарындағы бірнеше елді мекен ішімдіктен бас тартқан.

Ал Қызылорда облысында 20-ға жуық ауыл салауатты өмір салтын ұста­натын елді мекендер қатарына ен­ген. Олардың кейбіреуінде кейінгі үш жылда мүлде қылмыс тіркелмепті. Бұл – ауыл тұрғындарының қоғамдық қауіп­сіздікті нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға деген ортақ мүддесі.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»