Ақсұңқар қаққызбай іледі

651

0

Кеңес өкіметі орнаған соң ақ патша генералы Дутов әскерлері 1919 жылы Торғай қаласын басып алады да, халық батыры Амангелді Иманов ақ гвардияшылар қолынан қаза болады. Біздің Сапар аталарымыз сол кезде Қостанай облысында тұрған. Осы оқиғаға байланысты оларға Әліби Жангелдин енді сіздерге көшпесе болмайды, атаман Дутов Амангелдінің туыстары деп Қыпшақтарға қылыш сермейтін секілді деген болжам айтыпты. Сөйтіп, аталарымыз бір күнде көтерілген. Біразы Қытайға, біразы Ауғанға қарай ауған. Біздің аталарымыз, жүзшақты отбасы Ауғанстан мен тәжік шекарасындағы Тархан деген таудың етегіне бір-ақ тоқтап, сол жерде қоныстанып қалған.

Менің әкем Дархан 1935 жылы осы өңірде өмірге келген. Әкемнің кіндік шешесі бір тәжік әйелі болған. 1936 жылы елдегі жағдай оңала бастапты дегенді естіп, аталарымыз қырықшақты отбасы болып, елге бет түзеген. Қалғандары одан әрі кете берген, тіпті кейіннен Франция жеріне барған хабарлары жеткен.

Елге дейін түйе мен атқа артқан көш бір жыл уақыт жүріпті. «Темір етігі тебендей болыпты» дегендей, аш-жалаңаш, артынып-тартынған сол көшті көзге елестете алмаймын.

Осы уақытта қазіргі Сырдария ауданына қарасты «Айдарлы» ауылынан әріректе «Құмшығанақ» деген колхоз болыпты. Аталарымыз көш басын сол колхозға тіреген. Әкемнің туу туралы куәлігі осы жерде берілген. Сол кезде атын Тархан емес, Дархан деп жазған. 

Төрт-бес жылдан соң әкемнің әкесі, біздің атамыз Базарбай соғысқа кетіп, 1946 жылы аман-есен елге оралған. Үлкен атамыз Сапар шамамен жиырма-отыз түйе ұстаған. Арғы аталарымыз малды болған екен, сол байлық бұл кісіге де қонған. Әйтпесе, қырықыншы жылдары жұртқа мал емес, жан қайғы бір кез ғой.

Базарбай атам елге келгесін отбасымыз Қаратоғай деген жерге көшкен. Бұл қазіргі біздің Қызылорданың батыс ауданы, дәлірек айтқанда бұзылып кеткен ЦКЗ-ның тұсы. Қаланың сол жақ шетінде Қаратоғай деген көше қазір де бар. Қаратоғайда халық көп тұрған. Содан түйе жайылымына қолайлы деп отбасымыз осы бүгінгі қаланың ортасына көшкен. Ол кезде ортасы емес, кәрістер жер ауып келгенде күріш еккен, ызылы жер, көл табаны. Осы маңда Шолақ көше деген болған, сол жерде аз ғана үй отырған. Оны орыстар Чулахская көшесі деген. Сол көшені кейін үй көбейген соң папамның ағасы Айтбай Сапаров Ыбырай Алтынсарин атына бергізген. Бұл кісі көп жыл қалалық оқу-ағарту бөлімін басқарған, беделді адам болған.

Біз сол кезден бері өмір бойы осы Алтынсарин көшесінде тұрып келе жатырмыз.

Дархан әкем қаладағы 1 Май мектебінде оқыған. Папам оқушы кезін еске алғанда дарияның арғы бетіне жүзіп өтіп, лесхоздың жұмысын істеп, ақша табатынын айтатын. Өте мығым, шыңдалған, оның үстіне қорықпайтын жігіт болған ғой. Әйтпесе, дария канал емес, иірімі тартып кететін тілсіз жау. 

Сөйтіп, бозбала Дархан мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түскен. Студент кезінде Байділда Доскенов көкеміздің үйіне жиі барып тұрады екен. Мен жас кезімде ол кісінің де біздің үйге бірнеше мәрте келіп, апталап жататынын көрдім. Байділда бізбен рулас туыс. Кеңес өкіметінің барлаушысы болған, қытайлардың өзі «Халық қаһарманы» деген атақтарын берген әйгілі адам. Жеңгеміз Инна Сафроновна да тамаша жан еді.

Әкем университетті бітірген соң Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі болады. Сол 1957-жылдары атақты «Мың бір түнді» қазақшалаған жазушы Қалмақан Әбдіқадыров та Шиеліде жұмыс істеп жүріпті. Ол содан біршама уақыт бұрын ғана Алматыдан келген екен. Бұл кісі де талай тағдыр тауқыметін тартқан жан. Шиеліге қарақан басы ғана келіп, кейін ағайындар бір жақсы кісімен отастырған. Біздің әкеміз осы аудандық газетте жүрген бес-алты жылда Қалмақанның үйінде тұрған. Сонда былайғы жұрт Дархан әкемізді Қалмақанның артынан келген баласы деп ойлаған. Шынында бұл кісімен де туыстығымыз бар.

Әкеміз Шиеліде жүріп үйленіп, 1963 жылы Қызылордаға көшеді. Облыстық радио хабарын тарату басқармасына редактор болып орналасып, онда көп жүрмей, облыстық «Ленин жолы» газетіне әдеби қызметкер болып барады.

Мұнан арғы өмірі кешегі «Ленин жолы», бүгінгі «Сыр бойы» газеті редакциясының қабырғасында өтті. Әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып қызмет етті.

Бала кезімдегі бір оқиғаны айтайын. Ол кезде папам «Ленин жолында» журналист еді. Біздің үйге Алматыдан Байділда Доскенов көкеміз келіп, бір айдай жатты. Сонда күнде кешке қарай папам екеуі әңгімелеседі. Мен екі алақанымды иегіме тіреп жатып, тыңдаймын. Маған кет демейді, бәлкім сол әңгімелерді кейін айтып жүрсін дейтін шығар. Сонда Байділда көке өзінің барлаушы болып жүрген кездері туралы көп айтты. Соғыс кезінде Жуковпен кездескені туралы бір әңгімесі есімде. Бір шағын өзеннің көпіріне келіп, машиналары бұзылып қалыпты. Артынан бірнеше танк келіпті, олармен бірге атақты қолбасшы, маршал Жуков та келе қалады. «Танктер өту керек, машинаны суға итеріп жіберіңдер» депті Жуков. Байділда көкем: «Мен – барлаушымын, машинаны суға итеруге болмайды» деп қарсы тұрады. Сонда маршал атып тастаймын деп пистолетін суырады. Көкем қасқайып тұра береді, маршал емес пе, атса атып тастауы мүмкін. Сол кезде қасындағы қаруласы Байділда көкені кеудесімен қалқалап, арашалайды. Жуков «совет солдаты осындай болу керек» деп риза пейілмен, райынан қайтады.

Бұл – Байділда көкенің көп әңгімесінің бірі. Осы уақытта папам Байділда Доскенов туралы кітап жазуды бастаған екен. Ол кісі шүберекке орап, орден-медальдарын да әкеліпті. Келесі бір күні газеттің фототілшісі Арзымбек Мәдединов келіп, көкенің сол марапаттарын суретке түсірді.

Осы кітап шықпай қалды. КГБ қызметкерлері құпия сақталу керек деп бастыруға рұқсат бермепті. Папам біреуге берді ме, жоқ па, сол қолжазба да жоғалып кетті. Бұл кітапта Байділда көкенің өмірінен басқа мен сөз басында айтқан аталарымыздың қиын-қыстау күндердегі тағдыры да тарқатылып айтылғанын білемін.

Жақында Байділда Доскенов туралы бір кітап жарық көрді, әрине, авторы басқа кісі. Мен сол кітаптан Арзымбек ағаның біздің үйде түсірген суреттерін жазбай таныдым. Бірақ ол кітапта аталарымыздың тарихы туралы тарау жоқ.

Егер әкем газет жұмысымен қалмай, Алматыда жүргенде атақты жазушы болып кетер еді. Ол кісінің жазушылық талантын өз замандастары өте жоғары бағалайтын. «Ленин жолы» газетінен – Әбдікәрім Оңалбаев, Асқар Тоқмағанбетов, Нәсіреддин Сералиев, Қомшабай Сүйенішев, Сейіл Боранбаев, Досмағамбет Тасекеев, Сайд Баязитов, Қалқабай Әбенов, Сақтаған Есмаханов, Сәнімкүл Желдербаева секілді дүйім жұрқа танылған ақын-жазушылар шықты ғой. Біздің әкеміздің аты да осы саптың бел ортасында тұрады. Ол кісінің 1969 жылы «Ескек жел» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. Тілші болып жүріп, отыздан енді асқан жігіттің кітап шығаруы ол заманда өте сирек болатын.

Папамды белгілі жазушылар ерекше сыйлайтын. Біздің үйге талай рет ақын інілері Зейнолла Шүкіровті көтеріп әкелген. Ол кісі де папаммен әңгімелескенді ұнататын. Сол кісілердің папама қарап: «Ақылды айтқызбай біледі, ақсұңқар қаққызбай іледі» деп ризалық сөз айтатындарын еститінмін.

Папамның әдеби ортадағы сыйлы, қадірлі бейнесіне әріптесі, ақын Әскербек Рахымбековтің мына бір естелігінен де көз жеткізуге болады.

«…Қазақ мемлекеттік университеті қалашығының тау жақ тұсындағы «Көктем» шипажайы ол кезде «Ремизовка» демалыс үйі болатын. Сонда демалып жатырмыз, ұмытпасам, 1976 жылдың қазан айы болуы керек. Дәкең екеуміз түске дейін демалыс орнында боламыз да, түскі тамақтан кейін қалаға тартамыз. Баратын координаттарымыз белгілі – газет-журналдардың редакциялары, баспалар және Қазақстан жазушылар одағының үйі. Алматыда оқыған Дәкеңнің таныстары көп, бәрінің де ықыласы бөлек, жалпылдап жай-жағдай сұрастырады, баз біреулері үйлеріне шақырады. 

Жазушылар одағында ақын Қадыр Мырзалиевпен кездесіп қалған едік. Қадекең жалпылдап жатыр, қайран қалып мен тұрмын. Желі оңынан тұрып, дәуірлеп тұрған атақты ақынның Дәкеңнің алдында мұншалықты дәрежеде кішіпейілділік көрсетіп, кішіреюі ойға қалдырғандай еді. 

Құшақтасып көрісуден басталған аман-саулық сұрасу, жай-жағдай білісу жағы аяқталғандай болған шақта Қадекең салмақ салғандай болып:

– Дәке, сіздің жөніңіз бөлек, біздің үйден дәм татасыз, қонақ боласыз, – деп кесіп айтты. Сонда араға түскендей болған біреу:

– Қадыр да қонақ шақырады екен ғой, шөптің басын сындыратын шығармыз, – деп килікті келіп. Шамасы, әзіл-қалжыңы бар кісі болса керек. Қадекең қайтатын, қайырылатын емес, өршеленіп өрге тартып былай деді:

– Сіздер жазушы Дархан Сапаровты білмейді екенсіздер, ал мен үшін оның орны бөлек. Дәкең менің тұңғыш редакторым, алғаш бір топ өлеңдерімді жариялап, ақ жол тілеген де осы кісі.

Бұл уәжге түсініңкіремей қалған мен былай шыққан соң сұрастырсам, Дәкең оқып жүргенде университет газетінің редакторы болған екен. Ақын Қадыр Мырзалиевтің жаңағы мегзегені сол болып шықты.

Сол жолы Дәкең мені өзімен бірге оқыған, бір бөлмеде бірге жатқан курстас достары – сыншы Зейнолла Серікқалиев және ақын Жүсіп Қыдыровпен таныстырды.

Демалыс күні болуы керек, темір арқан бойымен Көктөбенің басына көтерілдік. Осында үлкен қаланың қақ төбесінен қарап отырып курстастар сыр шертті. Кәуап жеп, арасында сыра ішіп дегендей, айтылған әңгіме құлаққа қонып, құрышыңды қандырғандай еді…»

Бұл – Әскербек ақынның естелігі. Папам жөнінде жазған, пікір білдірген кісілер көп-ақ. Алпыс жасқа да толмай өтті ғой, өмірден. Алдымен анамыз қайтыс болды, осы қаза папамды қажытып кетті.

Көп жыл «Ленин жолының» редакторы болған Қалқабай Әбенов те біздің туысымыз болатын. Папамыз екеуі өте қатты сыйласты. «Журналистиканы бітірген жалғыз журналист» деп Қалекең ағамыз папамды өзіне орынбасар қылып алды. Алайда папамызды өмірдің жары ортасына жеткенде ауру айналдырды. Сол кезде жақын достары жанынан табылды, әсіресе, досы, полковник Әбдіразақ Жаңабаев жиі келетін. Қалқабай аға да араға күн салмай  соғатын. «Жұмысыңды істей берсейші, барып-келіп жүрсең болды ғой» дейтін. Қалқабай ағаның сол қамқорлығы папамды біраз сергіткендей, күш берді. Таяғын тіреніп, бірауық редакцияға барып келетін. «Ақша қарда көп жүрсең – көзің бір күн қарығар, ағайыннан шет жүрсең – көңілің бір күн тарығар» дегендей, Қалқабай аға да, біздің папамыз да ағайын десе барын беретін, жоғын түгендейтін жомарт кісілер еді ғой.

Ата-анамыз қайтқанда біз жас болдық. Соңында сегіз перзент қалдық. Әкем төсек тартып жатқанда: «Сендерге ештеңе қалдыра алмадым. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген, ел қатарлы күн көрерсіңдер» деп мұңайғандай болды.

Шынында әкеміз дүние жимады, үнемі қоғамның жұмысымен жүрді. Күндіз-түні газет ісімен, қаламгерлікпен шұғылданды. Өзі айтқандай, ел қатарынан аспады, ерге тән мінезбен өмірден өтті.

Біз де «бір түп жусан артық шығып», аяғымыздан тұрдық. Шама-шарқымызша елге қызмет жасадық. Қазір сегіз перзенттің бәрі де бір-бір отау болып, әке атына дақ түсірмей, қазақы тәрбиемізбен қатардан қалмай келе жатырмыз.

Айбек САПАРОВ,

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<