Стансадан әріректегі шағын ауылда отыз шақты үй бар. Көбісі теміржолда жұмыс істейді. Бексейіт шалдың жалғыз ұлы Нүркен жол күзетшісі. Абыройлы. Күн-түн демей кезекшілігін атқарып отбасына оралады. Әкесі жалғыз ұлдың еңбекке араласып, жігіт болғанына мәз. Бірер жыл өтпей жатып, стансадағы беделді теміржолшыға айналды. Атақ-даңқы дүркірей бастады. Ауыл қызы Үкәнға үйленді. Бексейіт шалдың қуанышында шек жоқ. Тұңғыш рет немере сүйіп үлгерді. Атын Ишанбек қойды. Туған жеріндегі көріпкел әулие Құлболды ишанға ырымдаған еді. Бірер жыл өтпей жатып екінші ұл Әнуарбек, одан соң өмірге Сұлтанбек келді. Шағын отбасы думанға айналды. Жалғыз ұл Нүркеннің шаңырағы биіктей түсті. Үкән келіннің жолы құтты болды. «Қаракеткен» стансасында Нүркеннің абырой-беделі көтеріліп, Қызылорда жол бөлімшесінің алғыс хаты мен сыйлығын мереке сайын алып тұрды.
Бексейіт шал жасынан еңбекқор еді. Арбамен әр үйге отын тасып сауабын алады. Өз үйінің ауласын отынға толтырып, үш бөлмелі үйін Нүркені жұмыстан оралғанша жылытып, немерелерін төбесінен секіртеді. Ауылдың батагөйі. Елу жылдан астам уақыт осы стансада тұрады. Той-думан Бексейіт шалсыз өтпейді. Үкән келін үш ұлын жетектеп, той-думанның төрінде отырады. Ән шырқайтын өнері бар. Шіркін, Бексейіттің келіні-ай! – дейді жұрт.
Дастарқанның ажары мен базары Үкән келін. «Тіл-көзден сақтай гөр!» деп Алладан тілеуді бір сәт естен шығармайды, тәубасынан жаңылмайтын кісі еді.
Бүгін Нүркеннің стансадағы кезекшілік кезегі еді. Әлгі әзірде шай-суын ішіп, қол фонарын беліне байлап алып, үйреншікті жұмысына аттанып кетті. Әкесі әдеттегідей ұлына ақ батасын беріп, шығарып салды. Нүркен үш ұлының бетінен әлсін-әлсін сүйді. Сүйікті жары Үкәнді бауырына қысып, біртүрлі қимастықпен жұмысына аттанған еді.
Әлсін-әлі далаға шығып, Нүркеннің жолын тосу, әкенің әдеті ғой. Сол күні ырымшыл ата әр нәрсеге ой жіберді. Кенет күн күркіреп, жаңбыр құйып берсін. Найзағай ойнады. Нүркеннің жұмыстан оралар сәті тым ұзап кетті. Тысқа, аула алдындағы дөң басына шықты. Алыстан көрінетін Нүркеннің жолы сайрап жатыр. Неге кешікті?.. Жұмыстан оралар сәтінен төрт-бес сағат асып кетті. Аман болса болар еді деп биік төбеден үйіне қайта оралды. Бексейіт шал басын жастыққа қойды. Көзі ілініп кетіпті. Түсіне Нүркен көрінді. Нүркені жорытып келе жатқан арғымақ үстінен ұшып түсті. «Астапыралла!» деп көзін ашып немересі Сұлтан арқылы Үкәнді шақырды.
– Балам, әлгі әзірде көзім ілініп кеткен екен. Бір арғымақтан Нүркен ұшып түсті. Қорқып ояндым.
– Ой, ата-ай, арғымақ ердің қанаты болар. Ұшып түссе қайта мінер арғымаққа! – деп Үкән келін түсті жақсыға жори берді.
Бексейіт шал тысқа шықты. Әудем жерде ауылдың төрт-бес ақсақалы келе жатыр. Сезімтал көнекөз қария үйге кіріп, тізерлеп отыра кетті.
– Уә, Беке, еңсеңді көтер. Алланың бұйрығына көнбейтін пенде жоқ. Нүркен әлгі әзірде кезекшілікте тұрған кезінде составтың бір темірі шинеліне ілініп, пәни дүниеге аттанып кетті. Шүкіршілік ет, Беке. Нүркеннің үрім-бұтағымен енді өмірді ұзартасың. Мықты бол! – деп ортада отырған Ерман ақсақал сабырға шақырды. Бексейіт шал мен Үкән келіннің көз жасы төгілді. Ақсақалдар тағы да басу айтып, отбасын сабырға шақырып, марқұмды жерлеудің қамына кірісті.
Бүкіл ауыл, «Қаракеткен» стансасының тұрғындары теміржол бойымен жағалай жүріп, Нүркеннің жанып тұрған қол фонарын тапты. Шинелінің бөлшегін, бас киімін, шашылған мүрдесінің бөлшектерін жинады. Стансадан қашықтағы зиратқа жерледі.
Бексейіт шал лезде шөгіп қалды. Келіні Үкән белін буып, үш ұлын тәрбиелеуге шықты. Еңбекке араласты. Атаға демеу болды. Ауыр қазаның орны үңірейіп тұрды. Жұрттан қуат алған қарт арбасымен отын тасуға шықты. Уақыт шіркін қандай жылдам еді. Нүркеннің қырқын, жылын беріп, басына зират-белгі тұрғызды. Ертеде дүние салған кемпірі мен ұлына Құран бағыштаумен болды. Әр жұма сайын бейіт басына барып, Нүркенінің фонарын жағып ұзақ отыратын күйге түсті. Ұлын бейне бір теміржолдағы қызметінен оралып келер деумен үмітін жалғастыра берді. Ағайын-туыс сабырға шақырып, Бексейіт шал мен келіні Үкәнға қоныс аударуға қолқа салып, ата-бабасының туған жері «Қоғалы» атты ауылға көшіріп әкетті.
Әлі есімде, Бексейіт ата мен келіні Үкән көп жыл «Қоғалыда» тұрып, ұзақ жасап, дүниеден өтті. Нүркеннің тұяғы үш ұлды ержеткізіп, қызығын көріп үлгерді. Олардың сабырға толы мінезіне таңырқай қарайтын қалың жұрт. Белін буып, арбасын сайлап, әр үйден тапсырыс алып, отын таситын Бексейіт шал әлі күнге аңыз. Бала кезімізде көзін көрген арбакеш Бексейіт ата мен келіні Үкән бейнесі жадымыздан шығар емес. Атаның қолына су құйып, Үкән әжеміздің дәм-тұзын татқан сол бір ашқұрсақ шақ естен кетер ме?!
Уақыт шіркін, қандай жүйрік еді.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<