Аудан жаңалықтары

6

0

Талап пен тәртіп

Қызылорда. Қала тазалығын сақтау – баршаға ортақ іс. Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қала аумағын аралап, құрылыс пен тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастау, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілеріне назар аударды. 

Бірлескен рейд барысында кәсіпкерлерге, тұрғындарға түсіндірме жүргізілді. Айта кету қажет, рұқсат етілмеген, арнайы белгіленбеген орындарға қоқыс төгу, құрылыс материалдарын көше бойына қою, абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталған жағдайда «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 505-бабына сәйкес шара қолданылады.

Шалғайдағы ауыл тұрғындарымен кездесті

Арал. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Ақбасты ауылының тұрғындарымен кездесті.

Кездесуде тұрғындар жер шалғайлығына қарамастан, сапалы ауызсу жеткізуге күш салған азаматтарға алғыс білдірді. Сондай-ақ мобильді интернетпен қамту, жол мәселелері де талқыланды.

Аудан әкімі мәселелердің барлығынан хабардар екенін айтып, ауылдағы ағайынның өтініштерін әрқашан назарда ұстайтынын, мүмкіндіктер шеңберінде шешім қабылдайтынын жеткізді.

Құрылыс нысандарын аралады

Қазалы. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлішпен бірге «Қарлаң» көпірін, Қожабақы ауылындағы спорт кешенін және «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 32,1 шақырымындағы темірбетон көпірді күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын бақылады.

Мердігер мекемелерге құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырып, тұрғындар үшін маңызды жобаларды уақытылы әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығын ескертті.

Төребай би ауылына газ келеді

Қармақшы. Аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен Жосалы ауылдық округін табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының басталуына орай салтанатты шара өтті.

Жиында сөз алған аудан әкімі бұл жобаның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтіп, азаматтарды көптен күткен қуанышымен құттықтады.

Төребай би ауылын газдандыру жобасына республикалық бюджеттен 497 млн теңге бөлініп отыр. Жоба аясында 21 шақырымнан астам газ құбыры тартылып, елді мекен тұрғындары жылу беру маусымына дейін табиғи газ игілігін көреді.

Комиссиялардың бірлескен отырысы

Жалағаш. Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссиялардың бірлескен отырысы өтті.

Күн тәртібіне сәйкес, аудан аумағында көше қылмыстарының және құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары кеңінен талқыланып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда жүзеге асырылып жатқан жұмыстар қаралды.

Бөлім басшысы таныстырылды

Сырдария. Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен өткен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжілісте аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы қызметіне тағайындалған Алияр  Шаменов таныстырылды.

Алияр Әліпбайұлы әр жылдары аудан, облыс көлемінде түрлі қызмет атқарған. 2024 жылдан бері Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің  бөлім бастығы қызметін атқарып келді.

«Самара – Шымкент – Еңбекші» жолы жөнделуде

Шиелі. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Самара–Шымкент–Еңбекші» автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары барысымен танысты.

Бұл – аудан тұрғындары үшін маңызды көлік қатынасы желісінің бірі. Қазіргі уақытта  4,3 шақырымы «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС-ның демеушілігі есебінен жөнделуде. Жоба аясында жол төсемін толық жаңарту, сапалы асфальт жабындысын төсеу, жол жиегін ретке келтіру және қауіпсіздік талаптарына сай белгілер орнату жұмыстары жүргізіледі.

Табиғат тазалығына үлес қосты

Жаңақорған. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жаңақорған ауданының ерікті жастары Ақүйік ауылдық округінің таулы демалыс аймағы мен су қоймасы маңында кең көлемді тазалық жұмыстарын жүргізді.

Игі бастаманың басты мақсаты – табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және жазғы демалыс маусымында келетін қонақтарға жайлы әрі таза орта ұсыну.

Тазалық акциясына 100-ге жуық белсенді қатысып, нәтижесінде 5 тоннаға жуық қоқыс арнайы орындарға жеткізілді.

Дайындаған

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»