Туған өлкеміз тарихтағы 85 жылдығын жоғары дәрежеде бағаланған әлеуметтік-экономикалық табыстармен қарсы алуда. Жаратылысынан топырағы құнарлы Сыр елінің мерейлі табыстары – өңірдің елшілдігі, бастамашылдығы, жаңашыл сананың қалыптасуы мен заманауи бағыттарға бейімделуінің көрінісі.
Облыстың прагматикалық дамуына әрбір саланың, ұжымдардың, көшбасшы азаматтардың еңбегімен бірге, абыройы биік ұстаздарды, мемлекет және қоғам қайраткерлерін, танымал ғалымдарды, өнер, спорт мамандарын даярлап, аймағымыздың рухани-әлеуметтік өрлеуіне ғасырға жуық уақыт қызмет атқарып келе жатқан М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледждің зор үлесі бар.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін. Біз елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та оқумен түзеледі» деген терең ойы колледждің стратегиялық мақсатына айналды. Өйткені білім – жеке адамның, қоғамның, мемлекеттің мүддесі үшін атқарылатын тәрбие мен оқудың біртұтас мақсатты процесі, ол – құндылық, жүйе, нәтиже. Білім саласының негізгі экономикалық функциясы – адам капиталын жасақтау, жаңғырту, жандандыру. Заманауи озық педагогикалық идеяларды, нұсқалы ой-тұжырымдарды басшылыққа алған оқу орнының ұстаздары шәкірттерін ұстаз мәртебесіне, ұлт мүддесіне, ел тілегіне, мемлекеттің өркениетіне орай жұмыс жасауға үйретуде. Нәтижелері де көз сүйініп, көңіл қуанарлық.
Сонау 1950-1980 жылдары республикалық Қызылорда қазақ қыздар педучилищесі еліміздің түкпір-түкпірінен жастарды оқуға қабылдап, оларға қазақтың бай ұлттық құндылықтарын – озық дәстүрін, рухын, тілін, сырын, жырын, күйін, ізгі қасиеттерін бойына дарытып, ерекше сапалы мұғалім кадрларын даярлады. Сол кездегі түлектер 50 жылдан кейін де колледжге келіп, ұстаздарын, жастық шағын еске алып, алғыстарын білдіріп тұрады.
Колледжде сол жылдары білім алып, кейін танымал болған түлектерден ҚР Білім министрі Ш.Беркімбаеваны, Қазақ ССР Ұлттық ғылым академиясының академигі, география ғылымдарының докторы Ә.Бейсенованы, социология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Ғабдуллинаны, Қазақ ССР Халық артисі Бақыт Әшімованы, ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше рет депутаты болған М.Жүйріктаеваны, айтыскер-ақын Н.Лушникованы және жастарды оқыту мен тәрбиелеуді бәрінен жоғары қойған мұғалімдерді есте сақтау, құрметтеу – адамдық борышымыз.
1980 жылдардан бастап педколледждің тарихында өркениетке өрлеудің жаңа дәуірі басталды. Ал 1990 жылдардың басында М.Мәметова атындағы Қызылорда педколледжі республика бойынша «колледж» статусына ие болған ең алғашқы 3 оқу орнының бірі болды. Оқу орнының базасында қазақ тілінде педагогикалық мамандар даярлайтын оқу орындарының республикалық оқу-әдістемелік бірлестігі құрылды. Бірлестік ең алғаш рет қазақ тілінде педагогтерді дайындауға қажет 10 шақты мамандық бойынша оқу-әдістемелік құралдар, оқу құралдарын, мемлекеттік жалпыға бірдей білім стандарттарын әзірледі. Білім министрлігі олардың көбісін бекітіп, қолданысқа жіберді. Сонымен қатар, колледж алғаш рет қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық оқу-әдістемелік конференция, семинарларды, мектепке дейінгі педагогикадан білім алушылар арасында республикалық олимпиада өткізді. Нәтижесінде елімізде қазақ тілінде педагог мамандарды дайындау жүйесі қалыптасты, кәсіби потенциалы жүйеленді, ал колледж болса озық тәжірибелік алаңға айналды. Бұл жұмыстар біздің педагогикалық ұжымның мемлекетшілдігін, ұстаздардың өз ісінің кәсіби майталманы екенін көрсетті. Ұжымның осындай игілікті істеріне басшылық жасаған, кәсіби шығармашылық жұмыстарын мемлекеттік құжат деңгейіне жеткізген белгілі ұстаз Сапарбек Махатұлы Жақыповты ерекше құрметпен еске аламыз.
Педагогтер мен білім алушылардың мәдени-дүниетанымдық, патриоттық, жалпыадамзаттық, интеллектуалдық, көшбасшылық құндылықтарды біліп, игеруге деген талпыныстары артты, жаңа идеялар туындады. Бұл олардың тұлғалық қасиеттерін толықтырды, шығармашылығын өрістетті, сөйтіп колледжде инновациялық даму платформасы қалыптасты. Осы жылдары бірінен соң бірі жаңа мамандықтар ашылды. Қорқыт ата мемлекеттік университетімен әріптестік қарым-қатынас орнатып, негізгі мектепке математика пәні мұғалімдерін даярладық. Университеттің танымал ғалым-ұстаздары Ә.Тәжмағамбетов, Г.Баканов, В.Серікбаевамен бірге колледждің тәжірибелі мұғалімдері Ғ.Суханбердина, Қ.Жұмағұлов маман даярлауда өнегелі еңбек етті.
Республика төңірегінде тек біздің колледжде 12 жыл бойы шетелден волонтерлар келіп, «Шетел тілі» мамандығында дәріс берді. Бұл мамандықта да студенттер жоғары кәсіби білім алды. Шетелдерде білімін жалғастырып, шетел компанияларында қызмет атқарып жүрген түлектердің қатары көбейді. Сондай-ақ, басқа мамандықтар бойынша уақыт көшіне сай жастардың кәсіби білім алуына септігін тигізген жаңа технология – өндіріс орындарымен, кәсіби бағытталған жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнату. Атап айтқанда, «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша болашақ спорт жаттықтырушыларын дайындауда облыстық спорт басқармасы, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі, №1 облыстық мамандандырылған балалар және жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебі, «Локомотив» стадионы, «Евразия» суда жүзу бассейні, ал «Актер өнері», «Театр сәндік өнері» мамандықтары бойынша студенттердің кәсіби тәжірибесін шыңдауда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Алматыдағы атақты театрлар, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда музыкалық-драма театры бізбен бірлесіп, шынайы әріптестік аясында қызмет атқарды.
Өндіріспен бірлесіп, дуалдық технология арқылы балабақша тәрбиешілерін оқытуды «Нұрай» ЖШС-мен бірге республикада алғаш рет қолдандық. Германияға іссапармен барғанда бұл тәсілдің колледж түлектерін жұмыспен қамту проблемасын толық шешуге болатынына көзіміз жетті. Белгілі кәсіпкер, білім саласының меценаты С.Алшынбаевтың қолдауымен іске асырылған бұл жоба аса сәтті өтті, ойдағыдай нәтижеге жеткізді.
Ақпараттық технологиясыз заманауи мамандарды дайындау мүмкін емес. Ұжымның келесі стратегиялық бағыты оқу процесін компьютерлендіру болды. 2000 жылдардан бастап республикалық білімді ақпараттандыру орталығымен (басшысы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Г.Нұрғалиева) келісім-шартқа отырып, мұғалімдер, білім алушылар үшін компьютерлік курстар өткізілді. Электрондық оқулықтар базасы жасақталып, арнайы оқу залы ашылды. Нәтижесінде Астана қаласында өткен халықаралық электронды білім беру өнімдерінің көрмесіне оқытушылар мен студенттер қатысып, дипломмен, сертификаттармен марапатталды.
Білімді ақпараттандыру жөнінен Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Швеция мемлекеттерінің тәжірибесін оқып, үйрену негізінде колледжде техник-электронщик, бағдарламашы сияқты жаңа мамандарды дайындау қолға алынды. Шетелдік тәжірибелерді пайдалану колледждің дамуына, педагогтер мен студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор ықпал етті.
2015 жылдан бастап жастарды негізгі мамандығы бойынша білім алумен қатар, кәсіпкерлікке баулу, оқыту мақсатында «Азаматтық белсенділікті қолдау» жобасы аясында (жетекшісі М.Төлепова) студенттік бизнес-инкубатор ашылды. «Өз бизнесіңді баста» жобасы бойынша республиканың өзге өңірлерінен арнайы шақырылған тренерлер курстар өткізіп, студенттерге кәсіпкерлік ісі жайлы академиялық тұрғыда дәріс берді. Студенттер бұл жаңашыл оқуға ерекше ынта-ықылас, қызығушылық танытты. Сондықтан колледж басшылығы мультимедиа құралдарымен жабдықталған арнайы дәрісхана ұйымдастырды. Сабақтан тыс уақытта студенттерге осы дәрісханада бизнес-жобаларымен күнбе-күн айналысуға мүмкіндік жасады. Курс соңында студенттер мамандандырылған тәуелсіз комиссия алдында өздерінің бизнес-жобаларын қорғады. Сөйтіп, студенттік бизнес-инкубатор арқылы бітірушілер нарықтық, кәсіпкерлік қызметті меңгерді, колледж қабырғасында жүріп, өз бизнесін ашты, алған білімінің жемісін көрді.
Колледждің халықшыл қасиетін дәлелдейтін бір мысал келтірген артық болмас. Облыс ауыл-аймақтарында, шалғай жатқан елді мекендерінде орналасқан кітапхана, клубтарда жұмыс істейтін бірқатар азаматтарға арнайы білім керегі айқындалды. Сондықтан олар үшін колледж қабырғасында «Кітапхана ісі», «Клубтар қызметін ұйымдастыру» мамандықтары ашылып, сырттай оқыту формасы ұйымдастырылды. Сол арқылы аталған сала қызметкерлері өз мамандығына сай кәсіби білім алды, дипломға ие болды, қызметте жаңа белестерге жетуге де сенімі қалыптасты. Осылайша колледждің тыныс-тіршілігі тек қана педагогтерді даярлаумен шектелген жоқ. 90 жылдық мерзімде облыстың тарихымен бірге өсті, өзгерді, өрледі, өз міндетін жастар алдында өнегелі атқарып келеді.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық сұранысына, еңбек нарығына сай білім, өнер, мәдениет, спорт салаларына заманауи сан түрлі мамандарды даярлау жастардың тұлғалық болмысын толықтыруға, әлеуметтендіруге, ой-санасын, зейін-зердесін озық етуге, көркем мінез-құлыққа ие болуға, ел мүддесіне, мемлекет мәртебесіне орай жұмыс жасауға үйретті. Бұл бағытта да үлгілі нәтижелер аз емес. Колледж түлектері арасында белгілі ғалымдар Б.Тұрғынбаева, А.Жұмабаева, Ж.Сүлейменова, Ф.Дәулетова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі К.Қалымбетова, Бейжіңде өткен жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы Б.Жауынтаев, Әлем чемпионы Мағжан Шамшадин, бір отбасының 3 баласын өрттен алып шығып, ерлігімен танымал болған облыс әкімінің стипендиаты, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» салалық министрліктің төсбелгісімен марапатталған Қауышқан Данияр, «Жігер» республикалық өнер байқауының дипломанты «Нұргүл» халық ән-би ансамблі (жетекшісі талантты хореограф, ҚР Мәдениет қайраткері Х.Сүлейменова), халықаралық байқаулардың лауреаты «Япурай» студенттер хоры (жетекшісі Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері С.Көздібаева), сонымен бірге телеарна майталмандары А.Биятова, Н.Бақытбек, Ғ.Кеңшілік, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Д.Тойшыбаев, кәсіпкерлер Ж.Әбдімәуленов, Қ.Мүсірепов, оқу орнының абыройын өз деңгейінде көтеріп келеді.
Оқу орнында жастарды Отанын Мәншүктей сүйіп, патриоттық рухын асқақтатуға арналған тәрбие жұмысының құрылымы мен жүйесі өзінше біртұтас құндылықтар әлемі деп айтар едім. Жауынгер, Ауған соғысы ардагерлерінің басшысы Қайреддин Баймахановпен, Мәншүктің жақын туысы Айман Мәметовамен бірнеше кездесулер ұйымдастырылған. «Ерлікке тағзым» залы, М.Мәметованың соғысқан жерлеріне жасалған әскери-ізденіс жорықтары жастардың рухын шыңдады, елдік қасиеттерін нығайтты.
Қорыта келе, Ахаңның «Жастардың қалай оқып, тәрбиеленуі – бәрінен бұрын ескеріліп, бәрінен жоғары қойылатын жұмыс. Мұғалім жақсы оқыта білгені оқу ісінің шапшаңырақ ілгері болуына күш берер еді» деген пәлсапасын педколледж ұстаздары ұзақ жылдар бойы берік ұстанып келеді. Онымен қоса, уақыт өткен сайын кәсіптік білім беру қызметтерін жалпыәлемдік практикамен ұштастырып, білім берудің халықаралық интеграциясына ілескен сенімді қадам қалыптасты. Сол себепті, өлкеміздің 85 жылдығына орай және алдағы уақытта да туған жердің табыстары мен жетістіктерін, игі істерін ізгілік жолмен жалғастыратын озық ойлы, заманауи жас мамандарды даярлауда колледж ұжымы қарқынды еңбек ететініне үмітіміз мол.
Әлима ӘБДІХАЛЫҚОВА,
Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<