Білім мен тәжірибе ұштасқан  оқу ордасы

181

0

Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту мен біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі. Осыған  орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.

«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деген болатын Президент.

Елімізде жұмысшы маман даярлау жалпы білім беру базасы негізінде кәсіптік колледждерде жүзеге асырылады. Өңірде кәсіптік білім беретін 12 колледж бар. Соның бірі – Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі.

Мамандық даярлауда өзіндік орны бар іргелі оқу орнында  423 студент 10 мамандық бойынша білім алуда. Олардың қатарында көлік жөндеу, дәнекерлеу ісі, құрылыс, тігінші, аспазшы, токарь, электромонтер компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы, ветеринария, жерасты тау-кен жұмысшысы секілді шаруашылыққа қажетті мамандықтар бар.

–    Біздің колледж 500 орынға арналған. Екі қабаттан тұратын 100 орындық жатақханасы  бар. Жатақхана 1980 жылы салынған. 2020 жылы күрделі жөндеуден  өтіп, жаңа төсек орынмен,  жиһазбен қамтылды. Бүгінгі күні 46 студент жатақханада тұрады. Сондай-ақ  127 студент тегін ыстық тамақпен қамтылған. Ыстық тамақтың қаржысы студенттердің өз есеп шоттарына аударылады, – дейді колледж директорының міндетін атқарушы Талғат Шарап.

Оқу ордасында 8 шеберхана, 5 зертхана, 28 кабинет бар. Оның ішінде тігін, аспаз, автокөлік жөндеу, дәнекерлеу ісі шеберханалары толығымен заманауи талапқа сай жабдықталған. Колледж басшысының айтуынша, ветеринария, тау-кен мамандығы бойынша базаны жаңғырту қажет.

–    Өткен жылы «Жас маман» жобасы бойынша   «Дәнекерлеу ісі»  мен «Автомобиль  көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану»  мамандығы бойынша  республикалық бюджеттен   320 млн бөлінді.  Бұл қаржыға кәсіптік  білім мекемелері  халықаралық стандарттарға  сай, соңғы үлгідегі құралдар-жабдықтар мен оқу кабинеттерін, шеберханаларды жабдықтауы керек. «Жас маман»  жобасы  колледждің оқу өндірістік базасын жаңартып қана қоймай, құзыреттілік орталығын ашуға мүмкіндік береді. Соның өзінде  материалдық базаны жаңғыртуға қажеттілік бар. Биылғы  атаулы жылға орай материалдық-техникалық жабдықтарға қаржы қаралып, бітіруші түлектердің жұмыспен қамтылуына мекемелер мен әлеуметтік серіктестер  тарапынан қолдау болады деген сенімдеміз, – дейді Т.Шарап.        

Қазіргі таңда мемлекет қолдауына ие болған білім ұясы дуальды және модульді оқыту жүйесіне толықтай көшкен. Техникалық және кәсіби білім беру шеңберінде дуальды оқыту бойынша 134 студент қамтылып отыр.

Мұнан бөлек, «Автомектеп Жаңақорған», «Ажимуротов», «Олжас», «Бағжан»,  «Мағжан», «Арсен»,  «Исабаев»,  «Баязова», «Аруназ» дара кәсіпкерлері мен №№51,194, 56, 110, 49, 166 орта мектептері  және «Тоқтамыс»,  «Бақытжан» шаруа қожалықтары әлеуметтік серіктес ретінде студенттердің тәжірибеден өтуіне, олардың жұмыспен қамтылуына үлес қосуда.

Айта кету керек, биыл білім ошағын 186 түлек бітіреді. Былтырғы 109 бітіруші түлектің  75-і жұмысқа  орналасқан. Бұл – үлкен жетістік. Түлектердің тез екі қолға бір күрек тауып, жұмысқа орналасып кетуі, колледж мұғалімдерінің жоғары біліктілігінің арқасы  екені сөзсіз.

–    Колледжде 147 қызметкер бар. Оның ішінде 76-сы педагог кадр,  20-сы өндірістік оқыту шебері, 31-і жалпы білім беретін оқытушы, 21 арнайы пән оқытушысы болса, 4 шеберхана меңгерушісі жұмыс істейді. Олар біліктілік арттыру курстарынан уақытылы өтіп отырады. Еліміздің болашағы жастар екенін ескерсек, оларға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ етіп тәрбиелеу басты парызымыз деп білеміз. Сондықтан біздегі әрбір ұстаз үнемі ізденісте жүреді. Алдағы уақытта да студенттеріміздің білім алып қана қоймай, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына барынша атсалысатын боламыз, – дейді колледж басшысы.

Жалпы колледж түлектерінің жетістіктері жетерлік. Соның бірі – елімізде жыл сайын жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру мақсатында өтетін «WorldSkills Kazakһstan» ұлттық чемпионатында студенттердің алдыңғы қатардан көрінуі. Сондай-ақ білім ордасынан түлеп ұшқан әрбір түлек жақсы маман ғана емес, өз ісінің нағыз шебері атануда. Оны өз алдына жеке кәсіп ашып, елдің дамуына үлес қосып жатқанынан аңғаруға болады.

Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің алдына қойған мақсаты – мамандарды кәсіби бағытқа негіздеп дайындау және экономикалық қажеттіліктермен өзара байланыстыру. Бұл тұрғыда оқу орны  өз үдесінен шықты. Білім мекемесінің алдында ендігі жерде әлеуметтік серіктестермен, жаңа өнеркәсіп орындарымен тығыз іс-әрекеттер жасай отырып, колледждің иммиджін жақсарту, ең бастысы, білім беру ордасын әрі қарай модернизациялау сияқты басты мақсат-міндеттер тұр.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<