Біз, қазіргі аға буын өкілдері қаламы ұшқыр, шебер журналист, сырбаз Әділхан Бәйменовпен қызметтес болдық. Алматыдан Қазақ телевизиясынан ауысып, «Сыр бойы» газетіне қызметке орналасты.
Әуелгіде «Насихат» бөлімінде еңбек жолы басталды. Күн құрғатпай бұрқыратып жазды. Әсіресе, сұхбат алудың нағыз маманы екенін байқатты.
Сыр бойының ардагерлері Камал Бердәулетов, Сабыр Арыстанбаев, Ұзақ Еспанов, Зейнулла Жарқынбаев, Бименді Баймаханов жайында очерк-сұхбаттарын оқырман қауым сүйсіне оқып, білімпаздығын байқатты.
Әлі есімде Әділхан телефон соқты.
– Уа, Қайреке, қалайсыз?
– Жақсымын. Мені жай іздедің бе, Әділхан?
– Сізбен сұхбат алу жоспарда тұр. Әңгімелесуге қалайсыз? «Ақмешіт апталығы» газетін ашып, редактор болып жатырмын. Сізбен сұхбаттасудан қызметті бастағалы тұрмын.
– Құтты болсын! Нағыз орныңды тапқан екенсің. Сәт сапар!..
Содан Әділхан менімен әңгіме-дүкен, сұхбат алуды бастады.
Ә дегеннен сұрақты түйдек-түйдегімен қойды. Қысылайын дедім. Журналистік шеберліктің сан алуан қырынан ой қозғады. Ұстаздары З.Қабдолов, Т.Қожекеевтен тәлімін алғаны байқалып тұр. Газет жанрларынан сөз тізбектеді. Әзілхан Нұршайықов очерктерінің кейіпкерлерін сөз етті. Маған Әділхан үлкен залда лекция оқып тұрған ұстаздай елестеді. Жан-жақты біліммен сусындағаны байқалып тұр. Састырайын деді.
– Газет жұмысы – бірыңғай шығармашылық жұмыс, Қайреке. Күнделікті күйбең тірлікпен уақыт өткізбей, жазған-сызғандарыңызды жинастырып жүрсіз бе? Әзіл-оспақтарыңызды оқып жүрмін. Жақында «Айқын» газетінде «Кебінқұлдың өкпесі» деген сықағыңыз шықты. Сүйсіне оқыдым. Депутаттыққа өтпей қалған Кебінқұлдың өкпесін ашық бейнелеген екенсіз.
– Рахмет лебізіңе. Баспадан бірер кітабым шықты. «Перзент», «Ағалар салған жол» атты кітаптарымда соңғы жылдары жазғанымды топтастырып шығардым.
– Жақсы болған екен.
– Журналист келбеті, кәсібі туралы не айтасыз?
– Көп оқитын, ізденімпаз адам ғана бұл мамандықты игереді. Біріншіден, адалдық керек. Жазбас бұрын сол тақырыптың төңірегіндегі дүниелерді ой елегінен өткізіп алған жөн. Жалғандыққа, әсіреқызылдыққа бармау керек.
Кезінде редакторымыз Ұзақ Бағаев бізден ант қабылдау дәстүрінен жиі әңгіме қозғайтын. Әскерилер ант бергені сияқты журналистер адалдық антына берік болу керек деуші еді қайран Ұзекең.
Редакцияны сонау 1939 жылдан 1946 жылға дейін Тойбазар Елемесов басқарды. Шебер журналист болды. Қиын кезде осыншама жыл қызмет атқарған Тойбазар аға қаламы ұшқыр азамат екенін біреу білсе, біреу білмейді. «Жанқожа», «Аралдағы айқас» атты екі роман жазды. Екеуінен де газетте үзінді жариялауға Қомшабай Сүйенішов атсалысқанын айтпай кетуге болмас.
Шеберлік, білімпаздық жөнінен редактор Ұзақ Бағаевтың орны бөлек. Журналистті қолдай, қорғай білді. Шеберлік жайында әр лездемені (летучканы) жоғары деңгейде өткізуге құштар еді. Шығармашылық есеп беруді қолға алды. Жаңа бастамаларға ұйтқы болды. Өзің білетін Қалқабай Әбенов қамқоршы азамат еді ғой…
Әділхан бейнесі әлі көз алдымда елестейді. Өмірден ерте кетті. Асқар, Құттыбай, Әскербек, Әбдібаймен жиі сырласатын еді. Бір-бірін жиі іздейтін.
Сонымен көп ұзамай мен жайында Әділханның «Ақмешіт апталығында» бір беттік сұхбаты жарияланып, оқырманнан хат жауған еді. Сол сұхбат «Шеберлікті шаң баспайды» деген айдармен суретіммен жарияланғаны есімнен кетпейді. Архивімде әлі сақтаулы тұрған сол номерді кейде қайталап оқып, Әділханды еске аламын. Әділханның қойған сұрақтары, газет жұмысы, оның бейнеті жайында айтқан ой-толғамдары білімпаз азаматтың өшпес болмысын айқындаған еді.
Әділхан «Ақмешіт апталығының» тұңғыш қазығын қағып, шебер журналистердің үлкен шоғырын жасақтап кетті. Қазір басылым 30 жыл бойы Әділхан салған сара жолды жалғастырып келеді. Басылымның тақырып таңдауы, жұрт көкейіндегі проблемаларды қозғауы, елді мекендер тұрғындарының көкейіндегі ойларды ашып көрсетуі сүйсіндіреді.
Бір күні «Сыр бойы» газетін хат тасушы таңсәріден үйге әкелді. Әдеттегідей ішкі бетті ашып, қарасам «Академик Сартаев!» деген бір беттік дүние суретімен тұр. Авторына көз жүгіртсем, сұхбаттасқан Әділхан Бәйменов деген жазу көзіме оттай басылды. Ә дегеннен қаламы жүйрік, өзіме бұрыннан таныс Әділханның осы дүниесін сүйсіне оқығанымды талай оқырманға жар сала хабарлағаным бар. Әділханға телефон соғып, қаламына сәттілік тілегенім күні кешегідей есімде.
Әділхан Бәйменовті еске алу – үлкен ұлағат, өмір жалғасының шынайы ақиқаты. Өсер елдің өнер ұрпақтары тұрғанда мұндай өміршең азаматтар бейнесі әлбетте ұмытылмақ емес.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<