DIGITAL QAZAQSTAN ЖОБАСЫ БОЙЫНША КЕҢЕС ӨТТІ

4

0

Кеше Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Digital Qazaqstan жобасының жүзеге асырылуы жөнінде жұмыс кеңесі өтті.

Мемлекет басшысына Жоғарғы сот пен Сот әкімшілігінің, Ұлттық банктің, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоға­мының цифрлық шешімдері таныс­тырылды. Мемлекеттік органдардың жетекшілері Президентке экономика салаларын және мемлекеттік басқаруды цифрлық тұрғыдан трансформациялау бойынша атқарылған жұмыс пен алдағы жоспар жөнінде мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік құрылымдар жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында ауқымды жұмыс істеуі қажет екеніне назар аударды. Негізгі мақсат – озық тех­нология мен жасанды интеллектіні ел өмірінің әр саласына жаппай енгізу.

– Ең алдымен, қолайлы институ­цио­налдық, құқықтық және іскерлік орта қалыптастыру қажет. Қазақстан – ың­ғайлы және озық цифрлық реттеу жүйе­сін енгізген елдердің қатарында. Біз бұл жұмысты алғашқылардың бірі болып бастадық. Атап айтқанда, елімізде Цифрлық кодекс қабылданды. Жасанды интеллект туралы арнайы заң күшіне енді. Бірақ бұл тек ауқымды жұмыстың басы ғана, мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Әлемде болып жатқан өзгеріс­тердің қарқыны өте жоғары. Оны жақсы білесіздер. Ғылым, білім, технология аса жоғары жылдамдықпен дамып жатыр. Сондықтан нормативтік құжат­тарды да дер кезінде жаңартып отыру керек. Бір сөзбен, қазіргі заманда әрбір азаматқа түсінікті және айқын болатын «Цифрлық мемлекет» ұғымын қалып­тастыру қажет, яғни Digital Qazaqstan стратегиясы азаматтар мен бизнестің нақты талап-тілегін ескеруге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, Digital Qazaqstan халық мүддесіне қызмет ететін құжат болуға тиіс. Бұл ретте шұғыл шешімін табуға тиіс бірқатар мәселе де бар.

– Мемлекеттік аппарат қызметін цифр­ландыруды жеделдету қажет. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы онлайн форматқа ауыс­тырылған. Ведомствоаралық ақ­парат жүйелері біріздендірілген үдеріс­ке кіріктірілмеген. Жеделдік пен сапа барлық кезеңде басымдыққа айналуға тиіс. Бұған дейін айтқанымдай, адам­дарды жүгіртіп, әуре-сарсаңға салмай, деректерді барынша қолжетімді еткен жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Qazaqstan стратегиясында қағаз­бастылықтан арылып, ішкі процестерді түбегейлі қайта құруға баса мән беру қажеттігін ескертті.

– Цифрландыру мен бюрократия – от пен су сияқты бір-біріне кереғар құбы­лыстар. Біз заманауи техно­логия­ларды ескірген бюрократияның тар шеңберіне қамауға тырыспай, жаңаша жұмыс істеп үйренуіміз керек. Заманауи цифр­лық мемлекет жасанды интел­лек­тіге бейімделуге және ауқымды де­ректер қорын оңтайлы пайдалануға мін­детті. Осынау жаңа әрі күрделі сала­ның маманы – сіздер. Қайткенде де, солай аталасыздар. Ендеше не тұрыс? Бізге нәтиже керек. Жасанды интел­лект туралы жаңалықтарды үнемі оқып отыра­мын. Технологияның қарқынды дамып келе жатқаны соншалық, Қазақ­станның цифрлық келешегіне алаңдай бастайсың. Меніңше, процесс өте баяу жүріп жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке мемлекеттік аппаратты түбегейлі трансформациялау міндетін жүктеді. Сонымен қатар цифр­ландыруға қатысты салаларға тән жұмыс барысын барынша оңтайлы жолға қоюды тапсырды. Кеңесте бір­қатар министрлер баяндама жасады.