Егіншілік мәдениеті: енді нені ескеру керек?

201

0

Кейінгі жылдары Сыр өңірінде су тапшылығына байланысты проблема туындап отыр. Оған қоса жергілікті диқандар экологиялық ахуалдың қиындығынан да зардап тартып келеді. Бұл ауыл шаруашылығын әртараптандыру мәселесінің өзекті екенін көрсетті. Ендігі жерде ғылым мен өндіріс арасында үйлесімді әрекет керек.

Осы орайда Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты тарапынан тың ізденіс жасалып отыр. Өткен сенбіде «Облыстың өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандырудың ғылыми-практикалық негіздері» атты семинар-тренингте мәселе жан-жақты таразыланды.

Қуаңшылық процесі күшейіп кетті

Жалпы, институт ғалымдары тара­пынан ауыл шаруашылығы дақыл­да­рын өсірудің су және ресурс үнемдегіш технологиясын әзірлеу, жоғары өнімді отандық, шетелдік техникалық және мал­­азықтық дақыл түрлерін өнді­ріс­ке енгізу кезек күттірмейді. Бұл ба­ғытта ғалымдар аймақтың топырақ-кли­­мат жағдайына бейімделген, ере­к­­ше­лен­ген сорттарды шығаруға кө­ңіл бөліп отыр.

– Облыстың негізгі дақылы – кү­ріш егісінің көлемін 70-75 мың гек­тар деңгейінде сақтау керек, – деді инс­титуттың агротехнология,  мелио­рация және топырақтану бөлімінің же­текші ғылыми қызметкері Камал­дин Шермағамбетов. – Күріш мелио­ративтік қасиеті арқылы аймақтың эко­логиялық тепе-теңдігін сақтайды. Оның көлемін одан төмендетуге бол­майды. Себебі, мұндай келеңсіздік кү­ріш алқабының топырақ тұздылығын шамадан тыс арттырып жібереді. Оны институт ғалымдары өз зерттеуінде нақ­ты дәлелдеп шықты. Айта кетсек, Арал теңізінің тартылуы салдарынан туындаған апаттың өңірге тигізіп отырған залалы орасан зор. Ол аймаққа геофизикалық және метрологиялық жа­ғынан зиянын тигізеді. Сондай-ақ биологиялық тепе-теңдікті бұзып ба­рады. Қуаңшылық процесі күшейіп кетті. Салдарынан өсімдік жамыл­ғы­сы да терең деградацияға ұшырады. Шал­ғынды жерлер, шабындық пен орман-тоғайлар құрғап кетті. Жердің құнары төмендеп, қайта сорлану жағдайы бе­лең алды. Жерасты суларының дең­гейі 5-10 метрге түсіп, олардың мине­ралдануы көтерілді. Табиғи ортаның өзгеруіне Сырдария өзені суының құрамында тұз мөлшерінің шамадан тыс көбейіп кетуі де өз әсерін тигізіп отыр. Мәселен, өткен ғасырдың елуін­ші жылдарында өзен суының бір лит­ріндегі тұздың мөл­шері 0,6 грамм бол­са, қазір ол 1,5-2 грамға дейін жетті.

К.Шермағамбетовтің айтуынша, об­лыста суармалы егістік орналасқан аймақтарда өте ауыр экомелиоративті жағдай қалыптасқан. Өңірде айналым­дағы 215 мың гектар суармалы жердің басым бөлігі қайта сорлану жағдайына душар болды. Он жылдай бұрынғы мәлімет бойынша инженерлік жүйеге келтірілген 172,5 мың гектар жердің үштен бір бөлігі түрлі себеппен пай­даланылмай қалған. Топырақ құнар­лығы төмендеп, жердің мелиоративтік жүйесі нашарлады.

– Ауыспалы егістегі дақылдар құ­рылымы мен олардың ара қатынасы­ның төмендеуіне ғылыми негізде зерт­теуден өтпеген, басқа күріш егетін аймақта қолданылып келген үлгісін енгізу де кері әсерін тигізді. Атап айт­сақ, алқаптарда күріш бір танапта 3-5 жылға дейін егіліп, оның ауыспалы егістегі үлес салмағы 62,5 және одан да жоғары пайызға көтерілді. Кей­бір техникалық-материалдық база­сы әлсіз, егіс көлемі аз шаруа қожа­лық­та­рын­да күріш монодақыл есе­бін­­де егіліп жүр. Ол айналымнан шы­ға­тын жер көлемінің одан әрі ар­туына әке­ліп соқтырды. Сол себепті атал­ған ал­қапта топырақ құнарлығын қал­пына келтіруіміз тиіс. Бұл мақсат­та облыстың егіс құрылымын қайта қарап, күріштің ең тиімді ауыспа­лы егіс үлгісін ұсынуымыз қажет. Мә­се­лен, оны жоңышқа, түйежоңышқа се­кілді көп­жылдық өсімдіктермен алмас­тыруға болады. Бұл өсімдік түрлері то­пырақ құнарлығын арттырады. Оған қоса күріштен мол, экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік туғызады. Осы­лайша өндіріске экологиялық тиім­ді, дұрыс жасалған жобаға жол ашы­лады, – дейді К.Шермағамбетов.

Мақсары – мол табыс көзі

Аграрлық салада бұл дақыл ерек­ше маңызға ие болып отыр. Соған қарамастан, оның көлемі кө­ңіл көн­шітпейді. Себебі де жоқ емес. Шаруа­лардың қолында бұл дақылдарды егу, өсіру және жинау техникасы жоқ. Сондай-ақ Арал өңірінің жергі­лікті климат-топырақ жағдайына бейім­дел­ген сорттары жетіспейді. Осы орайда Күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты дақылдардың тиімді сорт­тарын анықтау үшін жаздық арпа, қант қызылшасы мен мақсарыға эко­логиялық сортсынау және оларды өсі­ру мәселесіне ден қойып, ең тиімді сорттарын өндіріске енгізуге қадам жасады.

– Кейінгі жылдары облыста мақ­сары дақылын өсіруге мән беріліп жүр. Оны өсіру ежелгі дәуірлерде жүр­гізілген деген деректер кездеседі. Кон­ти­ненталды климатта өсетін дақыл үшін басқа майлы дақылдармен салыс­тырғанда аз ылғалдылық қажет. Тұзды топырақта да өсе алады. Сондықтан облыс үшін перспективті майлы да­қыл ретінде атап өтуге болады. Мына бір дерекке назар ау­даруға болады. Оның күн­жа­расы азықтық құндылығы бойынша күнбағыс пен рапстың күн­жарасынан ешбір кем түс­пейді. Бұл өсімдікті түйе мен қой сүйсініп жейді. Сондықтан мал азығы ретінде де өсіруге болады. Мәселен, 100 келі мақсарыда 7,9 келі қорытылатын протеин бар. Ғы­лымда мақсары тұқы­мында 60 па­йызға дейін, ядросында 30-37 пайыз жартылай кебетін, күнбағыс майынан кем түспейтін май мөлшері жи­нақ­талатыны дәлелденген. Да­қыл­дың егіс­тік көлемі артып келеді. Оған басты себеп – мақсары майының тағамдық сапасы жо­ғары. Құрамында күнбағыс ма­йымен салыстырғанда қанық­паған май қышқылы мол екені анықталған. Ол өндірісте мар­гариннің ең үздік түрі үшін пай­даланылады. Бұл дақыл көп­жыл­дық шөптердің бүркеме да­қылы ретінде қолданылады. Айта кетерлігі, оны батпақты арамшөптермен қатты ластан­ған жерлерге таза түрінде еге­ді. Нәтижесінде ылғалды аз қа­жет ететін мақсары жақсы өсіп-жетіледі. Ал арамшөп ыл­ғалдың жетіспеуінен азаяды. Институтта мақсарының «Ни­ка-80», «Талап», «Ақмай», «Нұр­лан», «Ир­кас» сорттары сынақ­тан өт­кі­зілген, – дейді К.Шерма­ғам­бетов.

Мамандардың айтуынша, кез келген аймақта тұрақ­ты, жо­ғары өнім алудың алғышар­ты  –  ерте және қуатты егін жи­нау. Бұл дақылдың толық егін көгі шығуы үшін 8-15 күн қажет. Ер­те мерзімде се­білген жағдайда мақса­рының ве­ге­та­тивті массасы ірі және зиянды жәндіктер мен ауруларға қарсы төзімді келеді.

Су тапшылығына төзімді дақыл

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының көк­өніс-бақша және картоп дақылдары бө­­лімі­нің меңгерушісі, ауыл шаруа­шы­лы­ғы ғылымдарының кандидаты Қанағат Бегалиев кейінгі жылдары жергілікті ғалымдар тарапынан жаса­лып жатқан жо­баларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, қант құмайы мен су­дан шөбінің жергілікті топырақа бе­йімділігі толық зерттелді.

– Қант құмайы біздің өңірге өте қолайлы. Топырақтағы тұз­ды сіңі­ре­ді, тамыры жерде қара шірік болып қа­лады, азоттандырады. Келесі жы­лы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағ­дайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді өсетін дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан мал­азық­тық өнім өндіруге мүм­кін­дік бар. Балауса кү­йінде жемшөп есебінде пайдалана ала­сыз. Қант құмайы – негізінен Аф­рикада өсетін дақыл, суға онша­лықты тәуелді емес. Тіпті су тапшылығы бол­ған уақыт­та да ол жасыл күйінде тұра бе­ре­ді, ылғал­дығын сақ­тайды. Со­­дан кейін су берсең, қайта­дан көктеп, жапырағын жая тү­седі. Мұндай жағдайда жү­гері сарғайып, қурай бастайтыны белгілі. Оны өндіріске пайда­ланған жағдайда екі-үш жылда өз шығынын толық ақ­тайды. Әлемде одан өндірілген 1 келі шырын 4 АҚШ долларына жуық­­тай­ды екен. Есепке салып қарасақ, бір шаруашылық 150 гектарға қант құ­майын егіп, одан түрлі өнімдер алса, та­быс­қа кенеледі. Сондықтан әрта­рап­тандыру бағытында осын­дай тиімді дақылдарды қолға алу мәселесін ой­лауымыз керек. Ауыспалы егісте біз де күріштен кейін жо­ңышқаны пайда­лана­мыз. Жо­ңышқадан кейін үш-төрт жылдан соң күріш қайта егіледі. Бұл дақылдың тиімділігіне көз жеткізіп отырмыз. Әрине, қант құмайын өсіруге әзірге бізде тәжірибе жетіспейтін шы­ғар. Десе де уақыт өте келе, қыр-сырын меңгеру қиын емес. Өкі­нішке орай, біздің қолы­мыз­да техникалық мүм­кіндік бол­ған жоқ. Соған қарамастан жиналған өнім көңілден шықты. Бұл дақыл құрамының 20 пайы­зын қант құрайды. Оны сүт ба­ғытындағы сиырға берсе, өнім­ділік 2-3 есеге дейін артады. Демек  бұл дақылдың мал шаруа­шы­­лы­ғына да тиімділігі зор, – дейді Қ.Бе­галиев.

Айтқандай, әлемнің кейбір елде­рінде осы дақылды зерттеу үшін тә­жірибе жүргізген. Мәселен, Белорус­сияда сынақ өткізіліп, оны радио­ак­тивті за­лал­данған аймақ­тың топы­рағын­да еккен. Сол ау­мақта жүгері де өсірілген. Жи­налған өнімдер сиыр­ларға берілген. Сонда қант құма­йы­мен азықтанған сиыр сү­ті са­палы шыққан. Тағы бір ерек­­шелігі, қант құмайы ас қорыту жү­йесіне өте пайдалы.

Сондай-ақ судан шөбінің құр­ғақ­шылыққа төзімділігі жо­ғары. Ол артық шығынға жол бер­мейді. Құрғатылған қара және қара топырақтарда жақсы өседі. Топырақтың тұздануына қарсы әрекет ете алады.

– Бұл өсімдік Африканың Судан мемлекетінде кеңінен таралған. Әсі­ресе, Ніл өзенінің жағасында көбірек өседі. Оған қоса Батыс Еуропа, Оңтүс­тік және Солтүстік Америка, Аф­ри­ка­ның солтүстігі мен шы­ғысында, Үн­дістан, Аустралия­да көлемі артып келеді. Бү­гінде оны Қазақстанда егу қол­ға алы­нып отыр. Ресейдің еуро­па­лық бөлігінде, Алтай өлкесі, Қиыр Шы­ғыста да егеді. Бұл дақылдың да біз­дің өңірдің то­пырағына, климаты сай келетіні дәлелденді, – дейді Қ.Бе­галиев.

Қант қызылшасының пайдасы қандай?

Техникалық дақылдар тобына жа­татын қызылшаны қант өндірісіне негізгі шикізат көзі ретінде қарастыруға болады. Оның қалдықтары өнді­рістің әр саласында пайдала­нылады. Же­місінің құрамында 23 пайызға дейін қант болады. Қалдығын малға жем есебінде пайдаланады. Қант қызылшасының аг­ротехникалық маңызы ерекше.

– Егісте бірнеше мәрте қа­тар ара­лық өңдеу жүргізіледі. Сондықтан то­пырақтың физи­калық қасиеттері ар­тады. Минералды тыңайтқыштардың қол­­дану тиімділігі көбейеді. Егіс­­тің арамшөппен ластануы кемиді. То­пы­рақтың батпақ­тану про­цесі төмен­дей­ді. Да­қыл­дың аурулар және зиян­кес­­термен жара­қаттануы азаяды. Ол жылуды, жарықты, ылғал­ды­лықты жақ­сы көреді. Облыста сәуір айының екінші-үшінші онкүндігінде сепкен тұ­­қымның өнгіштігі жоғары бо­лады. Өткен жылдары инс­титутта қант қы­зылшасының «Монодара», «Доро­тея», «Элиза», «Авантаж» секілді сорт­тары сынақтан өткізілген. Оның ішін­­де «Элиза» мен «Авантаж» өнім­ділігі жоғары болды. Гек­тарына 500-520 цент­нерге жетсе, қанттылығы 18,2-18,3 па­йыз­ды құрады. 2024 жыл­дан бас­тап  институттың тәжірибе ала­ңын­да қант қызылшасының жаңа сорт­тары экологиялық сорт сына­ғынан өткі­зі­луде. Олардың қа­тарында «Буря», «Скала», «Бо­лашақ», «Абулхаир», «Ше­кер», «Ардан» және басқа сорттар бар. Бұл сорттардың технологиясы зерт­телуде. Жобаны Қазақ егін­шілік және өсімдік шаруа­шылығы ғылыми-зерт­теу инсти­тутының ғалымдарымен бірге жүзеге асырып жатырмыз, – дейді инсти­туттың басқарма төрағасының орынбасары Жанұзақ Байманов.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»