Сыр аймағының аға басылымы «Сыр бойы» газетінің 95 жылдығына орай газетте ұзақ жыл қызмет етіп, бұл өмірден мезгілсіз кеткен досым Қази жайлы жазбамды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.
Қазекең парасат-пайымы биік прозашы, өлеңінің әр жолында дала жусанының иісі бұрқыраған ақын еді.
… 1969 жыл болатын. Сол кездегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетінен дәріс алуға талап қылған кезім. Үміткерлердің көптігінен көз сүрінеді, бір орынға он-он бір адам. Есік алдында иін тіресе тұрғандардың көбісі қобалжулы. Арагідік әзіл-қалжыңды қарша боратып, жиналғандардың езуін жиғызбай тұрған еңсесі тік, екі иығына екі кісі мінгендей балуан денелі бір жігіт сұраулы жүзбен аңтарыла көз салған.
– Сен Еркінсің ғой, ал мен «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген Қарақұмның Қазиымын ғой, – деді.
Міне, сол жылдан бастап Қазекең бұл өмірден өткенше сыйлас та сырлас дос болғанбыз. Содан да оның ешкімге ұқсамайтын, болмысын білемін. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат екеніне көзіміз жеткен. Ол жүрегі нәзік, жаны жайсаң ақын еді. Әдеби ортаға поэзияның ақ қанатты тұлпарын самғата келген. Өзінің арынды ақын екенін азғантай уақытта-ақ мойындатты. Сыршыл да салиқалы ойы бар лирик болатын. Сол кезде өзіндік нақышы мен бояуы қанық өрнекті өлеңдері облыстық, республикалық мерзімді баспасөзде жарыса жарияланып жатушы еді.
Қазекеңнің өлеңдерін оқып отырсам, шығармашылығының шырқау шыңына ұмтылған шабытты шағы екен. Оның алғашқы өлеңдері қазақтың жас талантты ақындарының «Көктем тынысы» (1975 ж), Сыр аймағы қаламгерлерінің «Дария жыры» (1983 ж) жинақтарында жарық көрді.
Біреулер білер, біреулер білмес, Қазидың өз ұстанымымен ақындықтан қош айтысқан кезі де болған. Ұмытпасам, 1976 жыл болуы керек. Топтама өлеңдерін жинақтап, «Жалын» баспасынан кітап етіп шығаруға барады. Өкініштісі сол, баспаға тапсырылған қолжазбалар қолды болды ма, беймәлім. Ат сабылтып жүруді қаламайтын Қазекеңнің:
– Енді өлең жазбаймын. Шүкір, жазбаларым жүрегімде қалды. Алла алдағы күндеріме аманат етіп қалдырса, көрермін, – дегені әлі есімде.
Айтқанынан қайтпайтын Қазекең шынында да сол кезден бастап поэзияға тоқтам жасап, прозаға бетбұрыс жасады. Ол баспасөздің барлық жанрында қолтаңбасын қалдырды. Жазбаларының ерекшелігі сол, әлдекімдерді көлгірси мақтаудан бойын аулақ ұстап, керісінше кемшілікті сын тезіне салушы еді. Сыр аймағының экономикалық-әлеуметтік салаларының дамуына айтарлықтай үлес қосар тың ой, жаңа ұсыныстар айтып, зерттеулер жүргізуде де озық болды. Бір ғана дерек, кезінде жұртшылық арасында үлкен пікірталас тудырған «қара алтын» жайында жазған зерттеуі республикалық басылымда жарық көріп, көпшіліктің көкейін дөп басқан еді.
Көркем прозаға бетбұрыс жасаған Қазекеңнің тұңғыш әңгімелерінің өзінен-ақ оның бұл жанрға тектен-тек келмегені көрінеді. Мұның айқын айғағы оның қаламынан туған «Гүлдәурен», «Ақ кептер» атты хикаяттар кітабы болатын. Республикалық «Жалын» альманағы ұйымдастырған әдеби конкурстың бір емес, екі мәрте топжарған жүлдегері атанды. Журналистік қызметі де жеміссіз болған жоқ. Бірнеше рет облыстың үздік журналисі, М.Шоқай атындағы сыйлықтың иегері, облыс әкімінің стипендиаты атануы осы саладағы еңбегінің елеулі екеніне айғақ.
Қази есімдері елге танымал Исатай Әбдікәрімов, Қонысбек Қазантаев, Алдаберген Бисенов, т.б. ондаған айтулы азамат жайлы деректі кітаптарын да жарыққа шығарды.
Кейін Қази ақындыққа қайта оралды. Он жыл бойы өмірі үшін арпалысқа түскен досымның құштарлығы, азаматтық болмысы, елін сүйген перзенттік парызы поэзияда қайтадан алтын арқау тартты. Содан да Қазидың әсемдікті әрлеп, сұлулықтан сыр түйген өрнекті де өшпес өлеңдерін ақиық ақындар Фариза Оңғарсынова, Асқар Егеубаев, тағы басқалар жоғары бағалады. Айтқан ойымыз орнықты болуы үшін Фариза ақынның алғысөзін қал-палсыз назарларыңызға ұсыналық.
«Қази Данабаев талантты жазушы, қаламы жүйрік журналист еді. Арал ауданында дүниеге келіп, жоғары білімді де сол өңірде алып, шығармалары облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп жүрді.
Қазидың «Гүлдәурен», «Сағыныш екен бала кез» атты кітаптары шыққан. «Жалын» журналының жабық бәйгесінде бірнеше мәрте жүлделі болды.
Ақжарқын азамат дүниеден жас кетті. Биыл маусымның басында өмірден озғанына бір жыл толады. Қази ауырып жатқанда маған хат жазып, ішіне өзінің бір өлеңін салып жіберіпті. Ардақты азаматтың сол соңғы жазған өлеңін халық сүйіп оқитын «Егемен Қазақстан» газетіне ұсынуды жөн көрдім».
Айтқандай, Қазекеңнің осы өлеңіне сазгер-әнші Елена Әбдіхалықова «Сен аман бол, Қазақстан» атты патриоттық ән шығарды. Бүгінде бұл ән сахнадан түспейді.
Ұмытпасам, 2013 жыл болуы керек, республикалық «Айқын» газетінде аталған басылым бас редакторының орынбасары Жолдасбек Дуанбайдың «Қазиды қашан кинода сөйлетеміз?» атты мақаласы жарияланды. Жолдасбек мақаласын: «…Аудан орталығындағы дүкен сөресінен «Гүлдәурен» атты кітапты көзім шалып қалды… Жұқалтаң ғана сол кітапты сатып алуға тура келді. Авторы – Қази Данабаев екен» деп бастап, одан әрі жинақтағы әңгімелерге жан-жақты талдау жасайды да соңында төмендегідей ұтымды ұсыныс тастайды:
«Түсінікті әрі қызықты әңгімелердің әрқайсысын оқып, тауысқанша тағатыңыз таусылады. Ал мені қызықтырған «Гүлдәурен» режиссерлер үшін киноға сұранып тұр.
…Иә, балалардың бал тілін білген, бабын түсінген жазушының бұл шығармасы балалар фильміне зәру болып отырған режиссерлер үшін тамаша олжа. Қази Данабаевтың қай шығармасы да экрандалса, ұялмай көретін туынды болар еді. Тек соны көретін көз керек, режиссер керек. Осы мақаладан соң кино түсіруге ықыласы ауған азаматтар болса біз де қолымыздан келгенше көмектесер едік» деген еді.
Бұл ұсынысты құба-құп деуге әбден болады. Алла жазса, бұл ниетті де көпшілік қабыл алар деген үміттеміз.
Есімі елге танымал жазушы, Қазекеңнің қаламдас досы Қуаныш Жиенбай өз естелігінде оны төмендегіше еске алады:
«Қазидың көзін тырнап ашқалы көргені Қарақұмның бұйрат-бұйрат құм төбелері мен аңызды желі. Сол желмен жөңкіле көшкен қаңбақ. Құмға тамыр сіңірген сексеуіл мен жыңғыл. Сүреңсіз көрініс, адам қызығатындай оқыс жағдайды да аңғара алмайсың. Шынтуайтына келгенде, Қази үшін мұнан артық жер жұмағы жоқтың қасы, оның Мекке-Мәдинесі – Қарақұм. Ал шөлді аймақта өмір сүрген адамдардың көңіл-күйлеріне Қази шығармалары арқылы назар салыңызшы, олардың жүрек дүрсілін Қазидың көзімен қарап, көңілімен түйсініңізші. Сіз сонда тіпті басқа әлемге тап болар едіңіз. Кіршіксіз таза әлемге!».
Қазидың шығармаларына мұнан артық баға беруге болар ма, сірә?
Иә, өмір деген осы. Қази досымыздың мәңгілік сапарға мезгілсіз кеткені жүрегімізге жазылмас жара салған-ды. Ой, дүние-ай десейші! Өмір үшін арпалысқан Қазидың қолынан мәңгілікке кеткенше қалам түскен емес. Бірде көңілін сұрай барғанымда мына бір өлең жолдарының қолжазбасын ұсынған.
Операция…
Реанимация.
Бөлмесі бозғылт тұман ба?
Талай ажалдан аман сақтап ең,
Сақтағай тағы бір Алла!
Ақ халаттылар ма?
Ақ қанаттылар ма?
Ұшады мені айналып…
Бауыр тесілген,
Қарын кесілген,
Жатырмын үнсіз байланып.
Қолымды созсам шарықтап көкке,
Кетер ем самғап…
Қарашы…
Жылан қабығындай жұп-жұқа екен ғой,
Өмір мен өлім арасы.
Уақыт келер…
Уақыт кетер…
Тағдырың салса не етерсің,
Бақытсыз да өлер,
Бақытты да өлер…
Есіңді жисаң,
Өмірді қимайды екенсің,
Өмірді қимайды екенсің, –
деген Қазиға белгілі жазушы-ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек «Өлеңімен өзіне ескерткіш орнатып кетті…» деп баға берген. Демек, қайталанбас досым Қазидың өлең- ескерткіші мәңгілік тұрады.
Еркін ӘБІЛ,
жазушы-журналист
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<